Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабын тапсаң– байлық жерде

Бабын тапсаң– байлық жерде


Өткен күн бізге, ал бүгінгі өмір болашақ ұрпақ үшін – тарих. Осы шежіре бетінде еңбек батырларының есімдері алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Себебі олар өздерінің ерен қажыр-қайратымен, адамгершілік үлгісімен қоғамның ілгері дамуына, ел экономикасының қарыштап өсуіне өзіндік үлестерін қосқан жандар. Бұл ұрпақтар сабақтастығының еңбек қоғамын қалыптастыруға әсері мол. Сондықтан да қарапайым еңбек адамдарының ескерусіз қалған бейнетін насихаттау күн тәртібінен түспек емес.
Әлмисақтан тың жерге түрен салып, топыраққа маңдай тері сіңген шаруалар жердің қадірін бір кісідей-ақ біледі. Саналы ғұмырын дала төсіне дән сіңіріп, оны баладай аялап, мәпелеп күтуге арнаған жанның бірі – Ағайдар Жұмағұлов. Екінші дүние жүзілік соғыстың тұсында, қиын-қыстау кезеңде дүние келген ол балалықтың бал дәмін тата алмады. Оған қоса небәрі 3 жасында әкесінен айырылуы өзімен бірге екі ағасын да ерте есейтті. Ес білгеннен анасына қолғабыс болып, немере ағасының қозысын бақты. 1956 жылы Майлытоғай ауылындағы орталау мектептің бірінші сыныбына қабылданған А.Жұмағұлов жоғары сыныпты қазіргі №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында тәмамдайды.
Кейіннен ағасының қызмет бабымен сол кездегі Авангард колхозына көшуге тура келеді. Барған бетте құрылысшы болып жұмысқа орналасқанымен, өмір бойығы нәпақасын егін даласынан табады.
– Алқаптағы еңбек жолым 1973 жылы күрішші болып басталды. Ал, 1975 жылы совхоз директоры Хван Константин шақырып алып Мұратбек Пауадинов басқаратын жүгері бригадасына жіберді. Осында жүріп біраз нәрсе үйрендім. Сол кездегі Оразмахан Аманов, Абибулла­ Ақмолдаев, Әбдіхалық Сарманбаев­ секілді майталман жүгерішілерден тәлім-тәрбие алдым. Кейін 1981 жылдан бастап №4 комсомол жастар бригадасына күрішші болып орналастым. Сол жылы 76 гектарлық танаптың әр гектарынан 50 центнерден өнім алдым. Ал келесі жылы жоңышқалықты бұзып еккен танаптан 73 ц-ден Сыр салысын алып, совхоз чемпионы атандым. Еңбегімді бағалаған совхоздың жұмысшылар комитеті маған бір айға туристік сапарға жолдама берді. Сөйтіп Мәскеуге, әрі қарай Кавказ еліне барып демалып қайттым, – дейді ардагер диқан.
Ақсақал әңгіме барысында алқапта өткізген қиын күндерді де еске алды.
– Күні кешегідей есімде,1985 жылдың мамыр айының 12-сі болатын. табиғат тосын мінез танытып, қалың қар жауды. Сол қарды кешіп күріштік атыздың толған жерлерін жауып жүріп кештің қалай батқанын байқамай да қалыппын. Бригаданың дала қосына келсем бәрі қайтып кеткен. Үстіме құрғақ киім тауып кидім де, жылынып алу үшін екі-үш көрпеге оранып жата кеттім. Сол күйі ұйықтап қалыппын. Егінші болған соң мұндай сәттер жиі болады. Бірақ сол жолғы бейнетім ақталып, күзде күріштің әр гектарынан 65 центнерден өнім бұйырды, – дейді.
«Жер қадірін – диқан білер» деп бекер айтылмаса керек. Жыл он екі ай егіс танаптарын баласындай күтіп-баптаған диқан бейнеті мен зейнеті мол еңбектің нәтижесіз қалмайтынын айтады:
– Мен бар күш-жігерімді, мейірімімді қара жерге дәнмен қоса сіңірдім десем артық болмас. Өйтпесе болмайды. Жер – өзін қылаусыз сүйген адамға ғана жомарт. Мұны 40 жылғы тәжірибемнен айта аламын, – дейді диқан.
Ағайдар Жұмағұловтың егін алқабындағы ең табысты уақыты 1992 жыл болатын. Ол осы уақытта жоңышқалық егінжайды бұзып еккен жердің әр гектарынан 84 центнерден күріш орған. Кейіпкеріміз сол бір табысты жылдарын:
– Біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ сол кездегі бригадир Өтеубай мен есіпші болған Сейітқасым куәлік ете алады. «Бабын тапсаң – байлық жерде» деген осы болар. Бұл сол бір қысыл-таяң кезеңдерде Алланың бізге берген несібесі болса керек, – деп еске алады.
Ол зейнетке шыққан соң да дала қосындағы тіршілігін тоқтатпады. Бірнеше жыл қатарынан шамасы жеткенінше «Қадыров» шаруа қожалығының жұмысын ілгерілетуге жәрдем берді.
Ағайдар Жұмағұлов бүгінде 70-тің желкеніне шыққан қария. Жары Айманмен бірге 1 ұл 5 қызды өмірге әкеліп, олардан 20 немере, 1 шөбере сүйіп отырған ардақты ақсақал. «Алланың маған берген ең үлкен марапаты – ұрпағым» деп білетін ол, адамзаттың бойынан адамгершілік асыл қасиеті аласармаса екен деп тілейді.

Гүлхан ЯХИЯ

05 қазан 2019 ж. 819 0