Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын құрсақты ана

Алтын құрсақты ана


Әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы – ана. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың асылдығында шек жок. Мынау ғажайып өмір де аналарымызбен мәнді, шуақты. Ел басына күн туғанда ер азаматтарға тіреу болып, ұрпақ үшін, ел үшін аянбай еңбек еткен де аналарымыз екені даусыз. Айзада Нұрымбетқызы да құрсағына он бір бала сыйдырып, кеудесіне «Алтын алқа» тағынған осындай аналарымыздың бірі.

Ол 1923 жылы 5 қаңтарда Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ауылдағы 3 сыныптық мектептен сауат ашып, он жасынан қара жұмысқа жегілді.Құдай қосқан қосағы Бәкір Жұманазаровпен шаңырақ көтеріп, бұрынғы Ақтөбе, қазіргі Ақмая ауылында 6 ұл, 5 қызды дүниеге әкеледі. Ес білгеннен еңбекке ерте араласқан Айзада апа трактордың рөліне отырып, жер де жыртқан. Жолдасы екеуі өзге ауылдастарымен Шиелі каналын қазуға зор үлесін қосады. Ол теміржол саласында да небір ауыр жұмыстардың басы-қасында жүрген қайсар ана. Отағасы колхоздың қойын баққанда бір жағына шығысып, бұзау баққан да осы кісі. Басқа түскен қиыншылықтарды төзімділікпен, болашаққа деген сеніммен жеңе білген А.Нұрымбетқызы бүгінде 29 немере, 54 шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Қос жанарынан айырылып, жүріп-тұруға қауқары қалмаған. Бірақ, мәпелеп өсірген құлыншақтары сый-құрметке бөлеп, аялап, алақандарына салып отырғанына шүкіршілік етеді. Айзада әжеміз бір сөзінде: «Нәрестелі болған отбасының қуанышына қуаныш қосылып, бақытқа кеңелері сөзсіз. Себебі балалы болу – өмірдегі ең үлкен бақыт. Сықылықтап күлген күлкісімен, әрбір қызық қылықтарымен таңқалдырған жас сәби адам өмірінің жалғасы. Сондықтан бүгінгі жас отбасылар бір-екі баламен шектеліп қалмаса екен», – дейді.
Қазіргі таңда шаңырағының бағбаны атанған тыл ардагері, Айзада әжей кенже баласы Талғат пен келіні Гүлзейнеттің қолында тұрады.
– Апам нағыз еңбектің адамы болған. Қазір қартайған соң күтім керек. Жалғыз қалдырмай, кезекпен қасында әңгімелесіп отыруға тырысамыз. Жақында ұлым әжесінің екі тісі жаңадан жарып жатқанын байқапты. Апам оған жас балаша қуанып қалды, – дейді, келіні Гүлзинет апай.
Шөберелерінің қолынан май жалап, су ішкен алтын құрсақты Айзада әжей отбасылық бақытты ең басты құндылық деп біледі. Ол балалары мен немере-шөберелерінің амандығын, елдің тыныштығын әр сәт сайын тілеп отырады.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ.
07 наурыз 2019 ж. 2 240 0