Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Немере бағатын әжелер көбейсе, қазақ та көбейер еді

Немере бағатын әжелер көбейсе, қазақ та көбейер еді


Ғалымдар қоғамдағы «әжелер ықпалы» деген тәжірибе жүргізіпті. Әжесі бар балалардың зейіні мен есте сақтау қабілеті өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары болып шыққан. Себебі, әжесімен тығыз байланыстағы баланың санасы үнемі жаттығулар мен қайталаулардан өтіп отырады екен. Яғни, әжесі жұмыс істемейді, қолы бос, сондықтан да, немересімен тұрақты түрде байланыста, бірге жүреді, бірге тұрады. Араларындағы өзара әлеуметтік ықпалдастық көп. Үлкен адамдарды сыйлау, жан-жағыңдағыларға деген құрмет, табиғатты бүлдірмеу, тірлікке бейімділік, мойныңа алған жұмысты соңына дейін тындырымды бітіру секілді адами құндылықтармен қатар баланың сабақты игеруі, оқыған-тоқығанын есте сақтау қасиеті арта түседі. Ақылды ғана емес, жаны мен тәні сау бала аспаннан түспейді екен. Қанша жерден үлде мен бүлдеге бөлеп, елде жоқ ойыншықтарды сатып әперсеңде, балаға қажет рухани жақындықтың орнын еш нәрсемен толтыра алмаймыз. Нағыз бала жылу мен сүйіспеншілікке құрылған үлкен тәрбиенің нәтижесінен ғана ақылды болып шығады. Ал, сол үлкен тәрбиенің дәнін себуші жанның бірі – әжелер екені даусыз.
Ұрпағына ұлағатты тәрбие беріп отырған әженің бірі – Бала би ауылының тұрғыны, алтын алқа иегері Рая Төлегенова. Ол – тоғыз ұл-қызды дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Бұрынырақта болмаса, соңғы 10-15 жылда он бала туғандар аз. Рая Бекзатханқызы 1964 жылы Телікөл ауылында дүниеге келген. Рая апа жастайынан қара жұмыспен айналысты. Мынау ердің, мынау әйелдің жұмысы демей, кез келген тірліктің иінін таба білді. Сөйтіп жүргенде Сәбит Төлегенов екеуі көңіл жарастырып, Бала би ауылына келін болып түседі. Екеуі осылайша тоғыз ұл-қыздың ата-анасы атанды. Рая апа Төлегеновтер әулетіне келін боп түскелі дала жұмысымен қатар үйдің тіршілігінен де бел жазбай еңбек еткенін айтады. Ері Сәбит екеуі ауылда түйе баққан. Бұрыннан бие ұстап, қымыз баптайды. Үйлерінен осы күнге дейін қымыз үзілген емес.
«Жасыратыны жоқ қазіргі әжелер немере бағудан гөрі жеке бастарының тыныштығын ойлайды. Үйде отырып, балаға өмірден көрген білгенін үйретудің орнына, қолдарындағы телефондарына көп уақыт бөледі. Сол себепті бүгінгі әжелердің бұрынғы әжелермен салыстырғанда өмір сүру қалпы, тәрбиеге ден қоюы, бәрі-бәрі өзгерген. Өз баласын өскенше, немересін өлгенше бағатын әжелер азайған. Ақ жаулықты кимешегінен «айырылып», ер-азаматтың шалбарына ортақтасқан. Бір сөзбен айтсақ, бүгінгі заманға бейімделген «сов­ременный» әжелер, – дейді Рая апа бізбен әңгімесінде.
Қоғамда көрініс тапқан осындай жағдайлардың бар екені шындық. Бүгінгі әжелердің немере бағуға ықыласы жоқ. Қазіргі әже бала тәрбиесінен гөрі жан тыныштығын көбірек күйттейді. Ақыл айтып, ертегі оқып әуре-сарсаңға түскенді қаламайды. Осыдан келіп қатыгез, мейірім мен адами құндылықтардан ада ұрпақ өсіп-өнеді. Сол ұрпақ ата-анаға деген құрметтен жұрдай болып өседі. Ал, ата-ананы қадірлемеу, сыйламаудың да арты неге апарып соғатыны анық.
Біздің кейіпкеріміз Рая апа немерелерінің әр жетістігіне қуанып, келіндеріне қолғабыс етіп отырған алтын құрсақты ана. Ол өзін бақытты әжелердің қатарынан санайды. Ұрпақтың қамын жеген осындай аналар ұзақ жасап, олардың тәлім-тәрбиесін кейінгі жас қыз-келіншектерге өнеге етіп отырсақ, қанеки.


А.МОЛДАХМЕТҚЫЗЫ.
13 қараша 2018 ж. 2 052 0