Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АКЦИЯНЫҢ АУҚЫМЫ АРТА ТҮСТІ

АКЦИЯНЫҢ АУҚЫМЫ АРТА ТҮСТІ

Елімізде жаңа оқу жылына дайындық мау­сымында оқушылардың еш алаңсыз мектепке баруына жағдай жасау мақсатында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып келеді. Он бір жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқан шараның жыл сайын ауқымы да артуда.
Биылғы ерекшелік – акцияға аудан басшысынан бастап барлық мекемелердің белсенді атсалысуында болып отыр. Алдымен «Nur Otan»партиясы Шиелі аудандық филиалының бастамасымен көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі жасалған. Осыдан біршама уақыт бұрын аудан әкімі Әшім Оразбекұлы алдымен өзі бастап 3 отбасының мектеп қабырғасында оқитын балаларына форма мен оқу құралдарын табыстады.
Одан соң акцияға мәслихат депутаттары мен өңірде орналасқан барлық мекемелер қолдау білдіріп, қол ұшын созуға ниетті екенін байқатты. Олардың қатарында қайырымдылық шарасынан қалыс қалмай, үнемі игілікті істердің басы-қасынан табылатын ерікті кәсіпкерлер де бар.
Аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова да биылғы оқу жылы қарсаңында дәстүрлі ізгі шарасын тағы да жалғастырды. Сұлутөбе, 1 Май, Майлытоғай, Тұрсынбай датқа, Жаназар батыр ауыл округтерінде орналасқан және аудан орталығындағы 45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясы, №148 Гигант мектебінің 9 оқушысына мектеп формалары мен аяқ киімдерін, спорт киімдерін, оқушы сөмкелерін оқу құралдарымен түгелдей алып беріп өскелең ұрпаққа қуаныш сыйлады.
Жалпы акция нәтижесінде аудандағы 1500-дей оқушы мектеп формасы мен оқу құралдары және спорттық киіммен қамтылды. Осылайша «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» аудан азаматтарының арқасында қаншама ата-ананың сәл де болса жүгі жеңілдеп, уайымы азайғандай болды. Жаңа оқу жылының алдында сыйлыққа кенелген балалар да шат-шадыман күйде мектепке қарай асық.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей бүгін аға-апаларының қамқорлығын сезінген ұл-қыздар ертең өздері де қайырымдылық жасауға құмар болып өсері хақ.

А.ДҮЙСЕНБАЙ

03 қыркүйек 2019 ж. 598 0