Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мектепке жол»: қамқорлық һәм қуаныш

«Мектепке жол»: қамқорлық һәм қуаныш

Айналаңа шуақ шашып, өзгенің жүзіне күлкі ұялатып, жүрегіне жұлу сыйлай білу, мейірімге бөлеу, әсіресе, балдай тәтті балаларға қамқорлық жасау – адам бойындағы ізгі, асыл қасиеттер.
Жыл сайын 3 шілде мен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясы өтетіні белгілі. Елбасы Жарлығына сәйкес, оқушылардың мектепке баруын қамтамасыз ету, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын шара ауданда да көрініс тапты.
Аталған акцияда аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов сөз алып, мектеп табалдырығын аттағалы жатқан балаларға жақсылыққа үндеген шараның шарапатын көріп, сезініп, балалық шақтың бал дәуренін сәтті өткізуіне тілектестік білдіріп, келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтады. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының тікелей қолдауымен болып жатқанын да тілге тиек етті. «Мектепке жол» акциясы аясында аудан бойынша мектепке барғалы отырған 20 оқушыға мектеп формасы табысталды. Тынымсыз тірліктен қашпай, кәсіппен айналысып, табыстың көзін тауып қана қоймай, оны ел игілігіне пайдаланып жүрген жүрегі жомарт, мінезі мәрт азаматтар аудандық салтанат сарайы алаңына жәрмеңке ұйымдастырды. Кәсіпкерлер тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып, мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім, оқу құралдарын төмен бағада сатылымға шығарды. Шараның соңы «Жүректен жүрекке» концерттік бағдарламасымен аяқталды.
«Мектепке жол» акциясына аудан кәсіпкерлері белсенді қолдау көрсетіп келеді.
Жуырда ғана №244 Ы.Жақаев атындағы мектептің 1993 жылғы түлектері Гүлзира Әлімбетова мен Нұржан Мырзахметов аталған мектептің 2 оқушысына сапалы киім мен оқу құралдарын алып берген болатын. Мәслихат депутаттары Ербол Жеңсікбаев пен Дәулет Жұмбеков те оқушыларды шаттыққа бөлеуден қалыс қалған емес.

Фариза КЕНЖЕШОВА

30 тамыз 2019 ж. 946 0