Қайырымдылық – қайырлы іс
Конституция күніне орай «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы өтті.
«Мектепке жол» акциясы Елбасының жас жеткіншектердің мектепке баруын толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндағы басты мақсат – көпбалалы отбасыларға, балалардың әлеуметтік жағдайлары бойынша мектепке бармаудың алдын алу. Олардың мектеп формасы, оқуға қажетті құрал-жабдықтарын толықтыру, алаңсыз білім алуына жағдай жасау. Білім алу – қырық парыздың бірі. Білім алушыға жағдай жасау алла сүйетін іс. Ал, Алла жолында жасаған жақсылығың есепсіз қайтарылады. «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» дегенді ұстаным қылған жүрегі – кең, ниеті – ақ, биікке шықса төменді ұмытпайтын азаматтарымыз жеткілікті-ақ. Шараға жүрегі жылылыққа толы, әрбір ісінде қайырымдылық оты бар, қаншама халыққа жұмыс беріп, ауданның әлеуметтік жағдайын көтеріп отырған компания басшылары көмек қолдарын созды. РУ-6 кен басқармасының директоры Ж.Садырбаев 10, «Сауда көлік компаниясы» ЖШС мекемесі директорының орынбасары М.Апбасов 2, №10 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры А.Айтуаров 3, ал, аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздық 5 оқушыны толықтай киім-кешекпен қамтамасыз етті. Құлағанда құтқарып, сүрінгенде сүйеніш болатын азаматтардың бары қуантады. Елім дейтін ерлер барда ауданымыз артта қалмайды деп сенеміз деген ыстық ықыласпен тарту жасаған, тағылымы мол басшыларға ата-аналар алғыстарын жеткізді.
Б.Ержігіт.