Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ




Тамыз айы басталғаннан ата-аналар жаңа оқу жылына дайындыққа қызу кірісіп кетеді. Оқушының мектеп формасы, оқу құралдары, спорт киімі, сөмке, аяқ киім, қысқасы бұл науқанда қалтаны біраз қағуға тура келеді. Әрине, баласы үшін еш ата-ана аянып қалмасы анық. Барын салып, баласын ешкімнен кем қылмауға әрекет етеді. Қу тіршілік қос бүйірден қысқанда шарасыз күйге түсіп, баласын мектепке дайындай алмай қиналатын жағдайлар да жиі кездеседі.

Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында елімізде «Мектепке жол» акциясы жұмыс істейді. Бұл акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Биыл он екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба көптеген отбасының мектепке дайындық жұмыстарын жеңілдетуге сеп болып отыр.
Жыл сайын тамыз айының алғашқы күнінен басталатын акцияға демеушілер мен меценаттар тарапынан көрсетілген көмек-қолдаулардың үлесі зор. «Бала – болашағымыз» деп ұрандатып, жиі айтамыз. Сол болашақтың алаңсыз ер жетіп, еліне еңбек етуі үшін жағдай жасап, үлгі болуымыз қажет-ақ. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дегендей, жасаған қайырымдылықты реті келсе жарияламауға болады. Әсіресе мектеп оқушысына сөмке сыйлап, оның суретін әлеуметтік желіге салу – баланың намысына тиюі әбден мүмкін.
Индустриалды-аграрлы аймақ саналатын Шиелі ауданында ірі кәсіп иелері жетерлік. Одан бөлек шағын кәсіпкерлердің де саны күн санап артып келеді. Олардың ешбірі қайырымдылық шарасынан шет қалмайтыны белгілі. Ал осы бір маңызы зор «Мектепке жол» науқанының аясында берекелі, бірлігі жарасқан ел екенімізді танытып, барлығымыз бірдей мұқтаж жандарға көмек қолын созсақ, нұр үстіне нұр болары хақ.
Өткен жылы осы акцияның аясында аудандағы 644 баланың мектепке дайындығына 3 млн 857 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, қажетті құрал-жабдықтар мен киімдер үлестірілген. Биыл да республикалық «Мектепке жол» акциясына барлық деңгейдегі мекеме басшылары, аудан әкімдері, кәсіпкер азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, аудан тұрғындары атсалыса алады.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
06 тамыз 2019 ж. 1 960 0