Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Желаяқтар жарысы

Желаяқтар жарысы

Бұқаралық спорт – ұрпақ саулығының кепілі, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы амалдардың бірі. Мемлекет салауатты өмір салтын ұстауға жол көрсетіп қана қоймауы тиіс, соған барлық жағдайды жасау керек. Осы орайда бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстану бағытында бірқатар шаралар мен сайыстар ұйымдастырылып келеді.
Кеше 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Біздің денсаулығымыз өз қолымызда!» атты ұранмен аудан тұрғындары арасында жеңіл атлеттердің жүгіруден жарысы өтті.
Шиелі кентіндегі Есабыз және А.Ясауи көшелерінің қиылысынан М.Шоқай атындағы орталық алаңға дейінгі қашықтықта өткен жүгіру жарысында аудан жастары мен жас мамандар белсенділік танытты.
Нәтижесінде мәре сызығына алғаш боп жеткен Нұрасыл Ахметханұлы I орынды жеңіп алды. Ерболат Әріпбаев II орынды, Жасұлан Бағдатұлы III орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патыма Махамбет пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нариман Сапарбай алғаш болып келген 9 желаяққа арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Шара барысында аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын ұстануды дағдыға айналдыру керектігі түсіндірілді.
Бүгінгі таңда салауатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту, адам бойына күш-қуат құйып, рухани болмысын жаңғыртатын бірден-бір амал екені даусыз. Елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық шара өткізілсе, ал ауданда ұлттық және бұқаралық спортты дамыту барысында жыл басынан бері 70-тен аса спорттық бағытта түрлі шара ұйымдастырылған. Ендеше, дені сау ұрпақ жолында барлық халықты спортпен айналысуға шақырып, жанына серік етіп, бұқаралық спортқа деген қызығушылықты арттыру заман талабының бір бағытына айналып отыр.

«Өскен өңір» ақпарат

30 тамыз 2019 ж. 956 0