Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бал арасы – табиғаттың сыйы

Бал арасы – табиғаттың сыйы





«Омарташылықтың отаны – Египет» деп те аталады. Себебі, зерттеушілер құм арасындағы Пирамиданың ішінен бал құйылған құты тапқан екен. Мұнымен қоса Ніл өзенінің бойында ара шаруашығымен айналысқандардың болғаны жайлы деректер кездеседі. Ықылым заманнан құнын жоймай, атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл кәсіпке қызығушылар саны артпаса, азайған емес. Тек азық ретінде ғана емес, түрлі дертке шипа бола алатын өнімге бүгінгі таңда сұраныс көп. Шет елдер мен бүкіл республиканы айтпағанда, ауданның өзінде бал арасын асырап, омарташылықтың қыр-сырын меңгеріп жүргендер бар. Бәйгеқұм ауылының өзінде жиырмаға жуық омарташы болса, солардың бірі – Мархабат Адамбекұлы.

Мархабат – жан-жақты, үнемі ізденісте жүретін жан, Бәйгеқұм ауылының тумасы. Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, бүгінгі таңда жеке кәсіпкер, Исламды насихаттап жүрген ауыл имамы. Шымкент қаласындағы «Қазақ-Араб» университетінде араб тілі және дінтану мамандығын алған. 2003 жылы оқу орнын бітірген соң аудан орталығындағы №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында еңбек жолын бастайды. Өзі ауылдың тумасы болған соң аудан орталығында жүріп, пәтер жалдайды. Осы жылдары өмірлік жарын жолықтырып, шаңырақ та көтереді.
– «Күндердің күнінде ауылдағы досым келіп, пәтер іздей бастады. Тұрып жатқан пәтерім үш бөлмелі болған соң, досымды үйге шақырдым. Оның 20-бекетте жеке шаруашылығы болатын. Кейде асарға барып, малына, бал арасына, жеміс-жидегіне қарайтынбыз. Бір жылдары ол жерге егін де ектік. Кейінірек ол бал арасын асырауды ұсынды. Өзі бәрін үйретпекші болды. Кейін танысымнан жәшік алып, бал арасын асырап, бірінші рет ара шағып, денем ісіп, кәсібімді бастадым», – деп еске алады омарташы.
Жан-жақты ізденіп, омарташылық туралы орыс тіліндегі кітаптар тауып, әр қимылын кітаптың нұсқаулығы бойынша істейді. Жем десе жем, дәрі десе дәрісін береді. Бірақ аралар бір жылдары бал беріп, бір жылдары өнім бермейді. Аралары енді көбейіп келе жатыр дегенде жау шапқандай шетінен өліп қалған кездері де болған. Содан тәжірибелі омарташылардан сабақ алып, ара бағудың қыр-сырын үйреніп, әлеуметтік желідегі омарташылардың тобына қосылады. Осы топ арқылы көрші Ресей елінде омарташыларды оқытатынын естіген Мархабат, тәуекелге бел байлап шекара асады.
Ара деген өте бір керемет құрылым. Араның ішінде жұмысшы аралар, аналық және аталық болып үш топқа бөлінеді. Осының барлығы бірігіп жұмыс істейді. Олар жарық дүниеге келісімен ұшып кетпейді, бірінші ұясын тазалаумен айналысады. Бес-алты күннен соң ұшуды бас­тап, жан-жағын барлайды. 10-15 күннен кейін күзетші болып жұмыс жасайды. Содан соң кейбіреуі барлаушы қызметіне ауысып, қай жерде қандай азық бар екенін жеткізіп отыратын болады. Аралардың арасын қарасаңыз түсі қашқан, яғни қартайып кеткендері болады. Ол осы барлаушылар. Көп жер ұшып, барлап, азық іздеп ерте қартаяды. Әрқайсысы өзінің жұмысын істейді. Араның ұясына көз салсаңыз, бір отбасын көргендей боласыз. Қатаң тәртіп пен ауызбіршілікті осы жәндіктерден үйренсек артықтық етпейді. Түсінген адам аралардан да ғибрат алуына болады, – дейді омарташы.
Ауылдағы негізгі қызметі – имам. Қол қусырып, алақан жайып отыру бұл кісіге жат қылық. Ер адам – отбасының асыраушысы, қорғаны. Адам өзінің сүйікті кәсібімен шұғылдануы керек. Сонда ғана жетістікке қол жеткізеді. Оған дәлел бүгінгі мақаланың кейіпкері.

Ерұлан ДАТКЕНОВ

06 тамыз 2019 ж. 1 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930