Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастық шағыңды сақтап қалғың келсе, бал же...

Жастық шағыңды сақтап қалғың келсе, бал же...


Атақты Эйнштейн «Әлемде бал арасы қалмайтын болса, көп ұзамай адамзат та жойылады» деген екен. Шынында миллион жылдан бері жер бетін мекен еткен жәндіктің адам баласына тигізер пайдасы орасан. Медицина мамандарының айтуынша ересек адам екі ас қасық, ал жасөспірім бір ас қасық балды күнделікті тұтынса, кез келген ауруға қарсы тұрар күш сыйлайды. Сонымен қатар жүрек, өкпе, асқазан, ішек, қан қысымы, жүйке жүйесі т.б. көптеген дертке оң әсері бар. Қысқасын айтқанда денсаулыққа қажетті дәруменге бай. Балды жақсы көрмейтін адам жоқ. Тіпті ұдайы дастарқаннан үзілмейді. Ал бұл тағам түрі қалай дайындалады? Омарташылықтың қыры мен сыры қандай? Иә, көкейде тұрған сан түрлі сауалға жауап іздеп көрдік.

Шиелі ауданына қарасты Бестам елді мекені ­тұрғыны Арыстанбек Ахметовтің осы кәсіппен айналысқанына 4 жылдан асыпты. Айтуынша ауылдасы бал арасын сататынын айтып, алуға ұсыныс жасаған. Бүгінгі таңда тапсырысты тек өзі тұрып жатқан ауылдан ғана алады. Бұл дегеніміз балды халық көп пайдаланады деген сөз.
– Отбасыммен ақылдаса келе алғаш 8 омарта алдым. Көбейгені бар, Шымкент қаласынан алдыртқаным бар бүгінде жалпы саны 30-дан асады. Ара күндіз алып келген шырынын түнімен балға айналдырады. Өнімді аптасына бір рет жинап аламыз. Бір ұя бір аналыққа бағынады. Бәрі белгілі бір тәртіппен жұмыс істейді. Қарап отырсаң өзіндік қызық тіршілігі бар. Күтімі жақсы болса, нәтижесі де жоғары болады. Негізінен бал ғана емес сұранысқа қарай гүлдің тозаңын, халық арасында «маточное молоко» аталып кеткен, яғни аналық сүтін де шығара аламыз. Бірақ халық дәл қазір бұл заттардың пайдасын білмейді, – дейді омарташы.
Арыстанбек Әбдіраманұлы жұбайы Райхан ­Айменовамен 4 ұл-қыз, он шақты немере сүйіп отыр. Жасы 60-қа таяп қалса да, жылы жүзді, мінезі ашық-жарқын, аяқ-қолы жылдам, әр ісіне мығым кісі. Аз ғана уақыт ішінде бізбен әңгімені үйіріп әкетті. Омарташылықты кішігірім нәсіп қылып отырғанын да жасырмады. Алдағы уақытта көбейтіп, үлкен іске айналдырсам деген ойы да жоқ емес. Сондықтан бұл істің қыры мен сырын егжей-тегжейлі үйреніп жүр.
– Бал алу процесі ауа райының қолайлығына тікелей байланысты. Бізге, әсіресе, жаз мезгілі өте ыңғайлы. Бал арасы гүлден-гүлге қонып бал жинайды. Көптеп бал жинау үшін, шөбі шүйгін, гүлі жайқалған жерге көшіп-қонып отырамыз. Ал жаңбыр жауған кезде гүлдің бетіндегі сөлін шайып жібереді, яғни қолайсыз. Болашақта Ресейден асыл тұқымды аналық ара әкелу ойымда бар. Өйткені, ондай ара ауа райына төзімді және жұмыс жасаудағы жылдамдығы жоғары, – дейді Арыс­танбек аға.
Медицинаның атасы Ибн Сина (Авиценна) «Жастық шағыңды сақтап қалғың келсе, бал же» деген екен. Біз сөз еткен омарташылықты ең қажетті кәсіп түріне жатқызуға болады. Өйткені халықтың дені сау болса, мемлекеттің де болашағы жарқын емес пе?


Фариза КЕНЖЕШОВА

10 шілде 2019 ж. 1 226 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930