Тігіншілік – табыс көзі
Бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін үкіметтен көрсетілетін қолдау көп. Жеңілдетілген несиелер алып, кәсібін жандандырып жүргендер де жетерлік. Олардың арасында ірілі-ұсақты дәстүрлі емес кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан жандардың ұмтылысы ауданның әр азаматының еңбектен енжар еместігінің куәсі іспетті. Демек, біздің өңірде кәсіпкерлікті дамыту жолында жасалынып жатқан жұмыстар аз емес.
Кейіпкеріміз тігіншілік өнерін жанына серік еткен Сәуле Кенжеева. Ол бүгінде шағын кәсібін қолға алып, ешкімнің қолдауынсыз өз еңбегінің арқасында бала-шағасын асырап, «Сәуле» тігін ательесін ашып, өз жұмысын 2 жылдан бері дөңгелетіп отыр. Ателье халыққа қажетті киім үлгілерімен қатар, тұрмысқа қажетті барлық бұйымдарды тігеді. Ынтамағы мен бірлігі жарасқан ұжымда Рая Ысқақ, Ким Нарика, Әсем Омарова, Қалампыр Адиловалар қызмет көрсетіп, қолдан жасаған туындыларына ел сүйсініп, өз игіліктеріне пайдаланып, ыстық лебіздерін білдіріп жүр. Мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы технологиялық университетінде білім алып, кейіннен Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде кәсіптік оқытушы мамандығы бойынша бітірген. Балалық шақтағы қызығушылығын үлкен кәсіпке айналдырып, инженер-технолог мамандығын меңгеріп, тігіншілік өнерімен нанын тауып, тіршілігіне жаратады. Алғаш еңбек жолын «Көкшоқы» кентіндегі (бұрынғы РУ-6) «Сырдария» тігін фабрикасынан бастады. Кішкентайынан әжесінің қасында жүріп, қыр-сырын меңгеріп, жанына серік етті. Бүгінде балалық шақтағы қызығушылығын, үлкен кәсіпке айналдырып отыр. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 3 млн. теңге алып, кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отыр. Жаңатұрмыс ауылынан тігін шеберханасын ашып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, отбасына берген үлкен мүмкіндік екенін жасырып қала алмады. Иә, қол жайып қарап отырмай, іске кіріскен жанның еңбегі еш кетпейтінінің тағы бір дәлелі осы. Бүгінде шағын кәсіп ашушыларға мемлекет тарапынан қолдау ерекше. Жолдауда айтылғандай, шағын және орта бизнесті дамыту тенденциясын қолдау мақсатында облыс басшысының бастамасымен «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып белгіленген болатын. Осы саланы одан әрі жан-жақты дамыту үшін 2020 жылға дейін жалғасын таба бермек.
– Ауданда кәсіппен айналысамын, өзіме де, өзгеге де пайдамды тигіземін деуші азаматтарға жол ашық. Өзінің мүмкіндігі мен қарым-қабілетіне сенсе болғаны. Ерінбей ізденсе арнайы тегін оқытатын кәсіпкерлік мектептері де жұмыс жасап тұр. Тігіншілік шеберханасын ашып, үйретем дегендерге ақыл кеңесімді айтып, білгеніммен бөлісудемін. Сондықтан болар, тігін тігуден ешқашан шаршаған емеспін, қайта одан күш-қуат аламын, – дейді кәсіпкер.
«Бақыттың кілті еңбекте» дегендей, шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол. Күні бойы тапжылмай отырып, он саусағы майысқан тігінші шеберлердің келістіріп тіккен киімдеріне құрметпен қарап, еңбегін бағалауға болады. Тігінші еңбек нарығында ерекше танымал, сұранысқа ие мамандық. Одан бөлек заманның талабына сай талғаммен киіну табысқа бастайтын алғы шарттардың бірі. Тігін тігу өнері – махаббат пен сұлулыққа деген құштарлықтан туындаса керек. Сұлудың мүсінін айшықтайтын киімнің өз қолыңнан шыққаны жарасымды болары анық. Әсіресе, бүгінгі күні бәріміз сәнді әрі талғаммен киінгіміз келеді. Бұл мамандық үлкен жауаптылық пен төзімділікті талап етеді. Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі.
Осылайша, тұрмысының күрмеуін кәсібі арқылы келістіріп, шаруасын шырайландырып отырған жан Сәуле Кенжееваның жайымен қанықтық. Бүгінде сүйікті жар, 3 баланың анасы бола отырып, қалауын тауып, қарды емес ісін алға бастырып отырған осындай отбасылар көбейсе, экономика өсіп, отандық бизнестің дамуына оң ықпал етеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласының одан әрі дами түсуіне айтарлықтай үлес тигізеді.
Жалпы, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының негізгі мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру. Мақсатқа қол жеткізу үшін бірнеше міндет жүктеліп отыр. Яғни, өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды жұмыспен нәтижелі қамту. Сондықтан, қазіргі таңда азаматтарға «уақытысында оқып, диплом ала алмадым, жұмыс жоқ» деп қайғырудың жөні жоқ. Бағдарлама арқылы бүгіннен бастап білім алып, кәсіпке бет бұруға әлі де кеш емес.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.