Бесаспап жігіттің бизнесі
Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударуда. Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойған маңызды міндеттердің бірі болғандықтан, ол қаншалықты дамыса, экономика да соншалықты өркендеп өсе бермек. Сол себепті де, Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет» деп, елдің алдына үлкен мақсат қойды. Осы бағытта жұмыс істеу үшін жергілікті жерлерде кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнесін кеңейткісі келетін жандар күн санап артуда.
Осы ретте жас болса да бас болып, алдына мақсат қойып, өзінің шағын кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлер хақында сөз етуді, өзге жастарға үлгі ретінде насихаттауды жөн санадық. Бүгінгі заманның талабы да осы. Өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін жандандырып отырғандар саны күннен – күнге артып келеді. Осындай жандардың қатарында жас кәсіпкер Азиз Абек те бар.
1996 жылы кентте дүниеге келген жас кәсіпкер, құрылыс саласына қажетті цементтен жасалған қақпа, шлакоблок, далада егілетін гүл ыдыстары, түрлі пішіндегі ертегіде кездесетін кейіпкерлерді жасауды алдына мақсат қойып, жеке кәсібін жүргізу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастырған «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқу курсын аяқтап, осы шаруаның шырайын келтіріп отыр. Азиз Абек: «Қазіргі таңда, ауданда цементтен, гипстен, бетоннан жасаған бұйымдары арқылы өндіріс нарығын жаулап алуды мақсат тұтудамын. Бизнесті сәтті жүргізу үшін екі жылдан бері тынбай еңбектеніп келемін. Үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейімді арттыруға ұмтылмасам барлығы бекер болады. Бұл істі бала кезімнен ағам Ержаннан көріп келе жатқандықтан, маған отбасылық кәсіпті одан әрі дамыту қиындық тудырмады. Мемлекеттің қолдауымен бүгінде осындай жетістікке жетіп отырмын» – дейді.
Иә, расында өз кәсібін өрге домалатып, осы істі нарық заманына бейімдеп, ілгерлету кімді де болса қуантады. Адал еңбегімен елге танылған адамдар қай салада да кездеседі. Кәсібі арқылы елдің ризашылығын алып, құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетсе, осындай дәрежеге жетіп, ел игіліне айналса деген арманын жеткізді.
Жыл сайынғы Елбасы Жолдауы да тұрғындарды ерінбей еңбек етіп, бәсекеге қабілетті кәсіп жасауға үндеп келеді. Осы сенім үдесінен шығып, мемлекет межесін бағындыруға жұмыс жасап жатқан дара кәсіпкердің өзіндік бренд қалыптастыруда мақсаты айқын. Соңғы жылдары аудан бойынша құрылыс саласындағы жұмыстары жоғарғы қарқынмен жүргізіліп келеді. Құрыш қолды құрылысшылардың қолымен салынған тұрғындардың үйлерінің сәнді шығуына атсалысып, басқа қалаларға бармай, ауданнан табылып отыр.
2016 жылы шағын бизнесін қолға алған кезде цементтен жасалған қақпа жасап, оған қосымша маусымына қарай 2000 дай шлакоблок шығарып, Жаңақорған мен өзіміздің ауданды қамтамасыз етуде. Он екі айдың 8 айында жұмыс істейтін шағын цех, жұмысшыларды да уақытша қабылдап, маусымдық жұмыс біткен соң демалатынын тілге тиек етті. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкерге, аудан тұрғындары да ризашылығын білдіруде.
– Мен осы цехтан шлакоблок пен забор алдым. Сапасы өте жақсы, маған ұнады. Өз ауданымызда да осындай құрылысқа қажетті заттар шығып жатқаны қуантады. Жұмысының сапасы да жоғары, бағасы да көңілге қонымды. Міне, біз де рақметімізді айтып отырмыз – деп ағынан жарылды аудан тұрғыны Мәнсия Әубәкірова.
Расымен де, кіші бизнес – нарықтық экономикадағы ең тиімді табыс көзі. Ол үшін көп ақша қажет емес, әрі тұтынушысы да көп. Сондықтан да, мемлекеттің алға қойған негізгі бағыттарының бірі – экономикаға, бизнеске қабілетті адамдардың қатарын елу пайызға көбейту, шағын және орта бизнеске азаматтарды көптеп тарту басты міндеттің бірі. Еліміздегі экономикалық күштің қуаты әлеуметтік тұрақтылық пен құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Ауданның өсіп-өркендеуіне үй құрылысының қарқынды дамуына, заманауи кәсіпорындардың іске қосылуына, құрылыс саласы мамандары мен құрылысқа қажетті өнімді шығарып отырған шағын кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі зор. Олай болса, кәсібі өрге домалап, жұмысы алға жылжитын жас кәсіпкер Азиз Абектің қолтаңбасы әр үйдің қақпасында болатынына сенімдіміз.
Жұлдызай Ноғайбайқызы,
сурет Бақытжан Бәйімбеттікі.