Құқықтық сана және мәдениет

Өткен жұмада аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Сұңқар» әлеуметтік қамқорлық орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Шиелі ауданы әкімдігінде «Құқықтық сана және мәдениет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен шараға Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Бектайұлы, Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Дінмұхамед Марданаев және т.б. түрлі сала өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының заңдарында сыбайласқан түрде пара беру немесе пара алу қылмыстық іс болып табылатындығы, мұндай жағдайда жауапқа тартылу қарастырылғандығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстан Республикасы заңдарында бар екендігі айтылды.
Аталмыш орталықтың жыл басынан бері жоба аясында атқарған жұмысымен танысқан қатысушылар «Open spacе» технологиясы арқылы мемлекеттік қызметкерлердің ашық кеңістікте әйнек кабинеттерде халықпен емін-еркін қатынаста жұмыс жасау қағидасы жөнінде кеңес беріп, жеке құқықтары жөнінде сұрақтарға сала мамандарынан жауап алды.
Шарада спикерлер сыбайлас жемқорлықпен күресу ортақ парыз екендігін еске салып, жемқорлықтың алдын алу мақсатында қолға алынған көптеген іс-шаралар барысын, атаулы жұмыстар жүйесін қарастырды.
Түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін болмай тұрған індеттің әшкереленіп жатқан кездері де жоқ емес. Осы орайда Шиелі аудандық прокуратурасының аға прокуроры Сейілбек Әміреев дөңгелек үстелге қатысушыларды жегі құртпен жұмыла күресуге насихаттады.
25-ке жуық адам қатысқан шара аудан тұрғындарын алдағы атқаратын іс-шараларға атсалысуда белсенді болуға шақырды.
Назерке Серәліқызы