Ғасыр дертімен күрес
Жуырда Шиелі аудандық орталық ауруханасының мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Сұңқар» әлеуметтік қамқорлық орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен кездесу өтті.
«Сұңқар» әлеуметтік қамқорлық орталығы» қоғамдық қорының төрайымы Жанат Сұңқарбаева жүргізген кездесуде арнайы сала мамандары заң ғылымдарының магистрі, халықаралық құқық қорғау орталығының кәсіби медиаторы, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Дінмұхамед Марданаев пен Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің штаб аға инспекторы Дәулет Ілияс залда отырған 50-ге жуық ақ халатты маманды жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан іс барысымен таныстырып, бірлескен түрде жемқорлықты тоқтатуға шақырды. «Open space» технологиясы мен заңның кейбір кемшін тұстары айтылғаннан кейін сұрақ қойылып, тұщымды жауап алынған еркін форматтағы кездесу болды. «Open space» мемлекеттік қызметкерлердің ашық кеңістікте әйнек кабинеттерде халықпен еркін қарым-қатынаста жұмыс істеу қағидасын ұстанады. Жалпы қоғам дертіне айналып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес – қашан да мемлекет үшін маңызды істердің бірі. 2003 жылдан бастап БҰҰ-ның мақұлдауымен «9 желтоқсан – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күн» деп қабылданса, Қазақстан Республикасының заңдарында сыбайласқан түрде пара беру немесе алу қылмыстық іс болып табылып, жауапқа тартылу қарастырылған. Елбасы Н.Назарбаев та сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап айтқан болатын.
Назерке СЕРӘЛІҚЫЗЫ