Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмешіт – адалдық алаңы жобалық кеңсесі ашылды

Ақмешіт – адалдық алаңы жобалық кеңсесі ашылды


Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керектігін айтқан болатын. Осыған орай, Сыр өңірінде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңселері ашылып, халыққа одан әрі жақын болып, тығыз байланысқа түсу еді.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Шиелі ауданы әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің тапсырмасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы ауданда жұмысын бастап кетті. Жобаның мақсаты – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру және мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыру.
Бүгінгі таңда «Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бөлім басшысы және қабылдау бөлмесі «Open space» форматында жұмыс жасауда. Бөлім басшысының міндетін атқарушы Ж.Абенов «Open Space» жобасы негізінде жоғарғы қабаттағы қызметтік бөлмесін бірінші қабатқа ауыстырды. Шыны терезеден жасалған кабинетінде жеке азаматтарды қабылдап, халықтың айтқан мәселелерін тыңдап, әрі қарай өз жұмысын осы ашық кабинетте жалғастыратын болады.
«Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы аясында басшының әйнектелген ашық кеңістікте жұмыс жасауы қоғам алдында мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын көрсетеді және халық пен биліктің байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрмыстық жемқорлықты жою және кең ауқымды қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.

Ж.Нұрғалиева.
23 сәуір 2019 ж. 2 241 0