Бүгінгі күнді бағалау үшін, өткенді білген жөн
(1932-1933 жылдардағы аштық жайлы)
Мен Қызылорда облысы, Шиелі кентінде өстім. Бұл қыстаққа 1861 жылы Ресейде «Басыбайлық құқығы» жойылғаннан кейін, бостандық алған шаруалар келіп орналасқан. Суы, табиғи байлығы мол жер болатын. Қоныстанған Ресей шаруалары поселкада «Свобода», «Хохлядская» (кейін «Первомайская» болып өзгерген) екі кең, ұзын көше болып орналасты. Олар тез байып, поселкада үлкен керемет шіркеу, қызыл кірпіштен кең аурухана, төрт сыныптық орыс мектебін ашып, тұрғызды. Орталықта олардан басқа татарлар, өзбектер, бірең-сараң қазақтар тұрды. Шиеліде екі үлкен сауда базары, дүкендер қызып жататын. Кеңес жылдарында да олар бұрынғыдай тұрып жатты. Мешіт болды. 1932 жылы әкем мені мектепке әкеліп, бірінші сыныпқа берді. Жасым жетіде болса да, алыста «Арқа елінде аштық басталыпты», – деген суық хабарды құлағым шалып қалатын. Бірақ, «аштық» деген не, ел неге ашығады, ол жағын білмеймін. Біз тоқпыз, тоғай толған қырғауыл, қоян, жабайы шошқа, дарияда – жәйін балық.
Сол жылдың қараша айының аяғында біздің поселкаға да аштыққа ұшырағандардың алды келе бастады. Күн суық, киім-кешегі жоқ, қалтыраған кілең аш адамдар. Жергілікті халық оларға жылы киім, тамақ бере бастады. Бірақ көп ұзамай олар мыңдап кетті. Өңшең ересек адамдар (адамдар емес-ау, тірі сүлделер). Кемпір-шал, бала-шағалар жоқ. Сөйтсе, олар жүре алмай, жолда қалған екен. Өздерін «Қарсақпайлықпыз» дейтін.
Енді оларға ел жәрдем беруден қалды. Өлердей жалынып сұрайтыны, қолын созып «Бір шайнам нан». Сонда ел тағамның ең қадірлісі, құдіреттісі нан екенін білді. Әркім есігін жауып, мал мүлкін күзете бастады. Мектепке ата-анасы балаларын қолынан ұстап ертіп апарып, ертіп қайтатын. Өйткені, ел баладан айырылып қаламыз деп қорқатын. Келгендерді бос үй, сарайларға жылыту үшін қамыс жағып, сабан төсеп орналастырды. Бірақ, олар жатпайтын, төсек жоқ, тек теңселіп жүретін. Егер құласа болды, тұрмайтын. Үкімет келгендерге үлкен қазанға су қайнатып, үстіне бір кесе ұн тастап, шалап (затеруха) жасап, әркімге бір шөміштен құйып беретін. Бірақ, оның еш қуат, дәрмені жоқ, ішсе де, ішпесе де өліп жатты. Түнде өлгендерді ертеңгісін жинап, арбаға тиеп, поселка сыртындағы далаға апарып, орға көміп жататын. Сонда Шиелі станциясында «Заготзерно» болатын. Онда бидай, күріш, арпа сақталатын. Оны ұрламасын деп, уландырған дейтін. Өйткені, бұл келер жылы егуге тұқымдық деп қатаң қорғалды. Бұл қасірет, әрі ақыл еді.
1933 жылы сұрапыл аштық бұдан әрі созылды. Сол 1932-1933 жылдары қазақ халқының тең жартысы қырылды. Аштыққа себеп болған, табиғи көшпелі өмір сүрген елді отырықшы етіп қауымдастыру, колхоздастыру үшін, олардың малын тартып алған болатын. Малы барда, олар отырықшы болмайды, көше береді деген шолақ саясат нәтижесі. Малмен күн көрген ел малсыз қалған соң жаппай аштыққа ұшырады. Бұл бірінші трагедия. Тартып алған Арқадағы жүз мыңдаған төрт түлік мал жемсіз, шөпсіз қалып, қырылды. Алғашқыда көбін етке сойғанмен, оны сақтайтын орын болмай, шіріді. Содан бұзылған мал етін жинап, ауру тарамасын деп үстіне бензин құйып өртеп жатты. Бұл екінші трагедия. Адам басына келмесін. Сонымен, Кеңес жылдарында қазақ елінде екі рет аштық болды. Біріншісі 1921 жылы. Ол табиғи жағдайдан еді. Қыстың айында жаңбыр жауып, артынша қатты суық болып, бүкіл дала ақ қар, көк мұзға айналып, мұз астында қалған шөпті теуіп жей алмай мал қырылды. Оны ел «жұт» деп атады. Екіншісі 1932-1933 жылдардағы қолдан жасалған аштық. Оны «Ашаршылық» деп атады. Бұл ең ауыры еді. «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» деген соқыр саясаттың нәтижесі еді. Өлімнің бәрі жаман, ең ауыры аштан өлу дейтін ел.
Кеңес үкіметі қырға экспедиция шығарып, айдалада сүйенері жоқ, тентіреп, тірі қалған балаларды жинап, балалар үйін (детдом) ашты. Сол балалар үйінің бірі біздің поселкада құрылды, содан бізде ең алғаш жеті жылдық қазақ мектебі жұмыс істей бастады. Поселкадағы қазақ балаларын орыс мектебінен сол қазақ мектебіне көшірді. Солардың бірі мен болдым. Жетімдерден отан қорғайтын патриоттар өсіп шықты, қоғамға еңбек етіп, өз үлесін қосты.
Поселка маңында «Бидай көл» деген қоғалы шалқар көл болатын. Ауланбаған соң іші балыққа сыймай жатыр екен. Оны ұстап берсе, аштар аман қалар еді. Ол ешкімнің ойына да келмепті. 1934 жылы тоқтық кезі басталып, аштан аман қалғандар ісіп, кеуіп кетті. Оларға ем балық майы екен. Сол балықтарды қазанға қайнатып, майын қалқып ішіп, етін жеп, қиналғандар аман қалды. Міне бұл тағы бір аштықтың ауыр салдары. Жергілікті сасқалақтаған бастықтар соны да білмеді. Сұрапыл аштықтың себебін ашып, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұлов еді. Ол РСФСР Халық Комиссариатының бірінші орынбасары болатын. Жағдайды білу үшін, Мәскеуден пойызбен Ақтөбеге жетіп, одан көлікпен Қызылордаға дейін жүріп, жолда көрген сұмдықтарын жазған. Онда ол адам өліктерінен басқа бірде бір ит не мысық көрмегенін баяндаған. Әрине, бұл ашық пікір Сталинге қатты ұнамайды. Көп ұзамай Тұрар Рысқұлов «халық жауы» деп айыпталды. Бұл соңғы, тағы бір трагедия.
Бүгінгі күнді бағалау үшін өткенді білген жөн. Қазақ – рақымшыл халық. Мұндайда: «Өткенге салауат, болашаққа шарапат», – дейді.
Досмұхамед Кішібеков.
ҚР ҒА академигі.