Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырлы, нулы Шиелі

Сырлы, нулы Шиелі


Шиелі – бір жағынан Қаратау, екінші жағынан Сырдария аралығындағы шөбі, суы мол, тірлікке өте қолайлы, ат бауырын жазып шабатын дала. Тауды қарақұйрық, арқар, киік жайлаған. Дария жағасындағы қалың тоғай сан алуан аңға, құсқа толы. Дарияда 6-7 пұт тартатын жайын, басқа балықтар, қамыс іші арасында қабан, жолбарыс тіршілік еткен. Қырғауыл, қоян, түлкі басқа аң-құстар мекені болған. Ең соңғы жолбарысты Орыс солдаттары арнайы аулап, 1910 жылдары көзін жойған. Қабанды 1940 жылға дейін Ресейден келген аңшылар аулаған. Қырғауылды жергілікті аңшылар Ташкенге апарып сатқан. Сыр бойының табиғаты бай, Шиелі жері өте ерте замандардан көзге түскен. Тек үш ай қыс қатты. Қорғанысы – тоғайлар мен қалың ағаш, ну орман.
Ел аузында Шиелі әулиелі жер деп аталған. Оның екі себебі болған. Біріншіден, бұл жерде жабайы ақ шеңгел, шие өскен. Ондай жерді ел әулиелі деп ұққан. Екіншіден, мұнда екі ескі қорым бар. Шиелінің батысындағы қорым «Оқшы ата», ал, шығысындағы «Сунақ ата». Ел ішінде қадірлі азаматтар дүние салса, оны сол қорымдарға апарып, жерлейтін болған, «Оқшы ата» қорымында «Асан ата» зираты бар. Оны ел тарихтағы «Асан ата» деп жориды.
Шиелінің ерекшелігін ел осы екі әулие атамен байланыстырады. Сонымен, Шиелі есімі бір замандардағы жабайы шие өскен әулиелі жер деген ұғымнан туындаған болса керек.
Шиеліні тарихта су баспаған, жау алмаған. Мәселен, ол тегіс, қолайлы жер атанған. Біріншіден, су баспау себебі, артық суға тосқауыл – Бидайкөл деген үлкен су қоймасы болған. Одан бес арық Шиеліні кесіп өтіп, су алған. Бұл – Шиелі каналы қазылғанға дейінгі жағдай. Әрбір арық орыс, арғын, найман, байсары, шегір арықтары деп аталған. Одан соң дариядан тура тартатын «Чиилинка» деген суы мол, ағысы қатты өзек болған. Ақырында, теміржол салынған. Шиелінің шығысынан теміржолға «Қызыл көпір» деген көпір салынған. Сол көпір су тасығанда, жойқын суды көпір астынан өткізген. Бұл Шиеліге су бармасын деген әрекет болатын. Әрине, олардың пайдасы болды, десе де, ел әр уақытта Шиелі амандығын әулиелермен байланыстырады. Өйткені, Шиелінің дариядан төмендігі, әрі тегістігі қауіпті еді. Екіншіден, Сыр бойы ерте замандардан әр елдің қызығушылығын тудырса да, Шиеліні жау ала алмаған. Ол – тарих. Шиеліде «Бестам» деген жер аты бар. Ел ол жерде хан ордасы болған деп атайды. Сірә, ол осы аймаққа патшалық құрған әйел-патша Томирис жері болған деседі. Сыр еліне көз тіккен біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдан Парсы (Иран) елі патшалары Кир, Дарий, біздің заманымызға дейінгі III ғасырда әлемді билеген Александр Македонский (ол да Иран патшасы атанған) жауламақ мақсатпен келген. Бірақ, жорықтары тіпті шайқассыз, сәтсіз аяқталғаны ғажап, тарихтан айқын. Біздің заманымызда ХVII-XVIII ғасыр аралығында жоңғарлар шабуылы да олардың қирауымен аяқталды. Қазақ халқы оларды қырып жіберген. Шиелі мен Төменарық арасындағы Қаратау етегіндегі жазықта «Қалмақ қырған» деген жер бар. Ол соның дәлелі болса керек. Жоңғарлардың сәтсіз аяқталған шабуылы ел есінде «Елім-ай» ән-өлеңімен сақталған. Өлеңнің өзі де Шиеліде туған. Онда мынадай сөздер бар:
Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ағайыннан айырылған қиын екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Бұл өлең қазақ халқының бостандық үшін күрестегі гимніне айналды. Сонымен, Шиелі жерін су да, жау да ала алмаған. Қоқандықтар дін арқылы келіп, опасыздық көрсетіп, халықтың намысына тиіп, билеген. Патшалы Ресей Ақмешіттен Қоқандықтарды қуып, қазаққа жәрдем көрсетіп, қазақ жеріне бейбіт кіре бастаған. Ақмешіт генерал В.А.Перовский (1795-1857) атымен 1853 жылдан 1925 жылға дейін аталған.
Бұл қазіргі облыс орталығы – Қызылорда қаласы. Шиелі жері Сыр бойындағы әрі жазық, сулы, нулы жер болғандықтан, ерте замандардан егін егуге де қолайлы болған. Сірә, алғашқы егіс арпа, бидай, тары болса керек. Одан соң қауын, қарбыз өте бітік өскен. Мәселен, соңғы кеңес жылдарына дейін қауынның жаздық түрлері «әңгелек», «баспалды» сондай-ақ, түрікпен жерінен келген, «саржау» деген торлама, күздік «күләбі» деген қауындар әрі шырын, әрі түрікпен жеріне қарағанда, өте үлкен болып өскен. Шиелі егіске өте қолайлы, климаты ыстық болса да құрғақ, тек мал-жанға ғана емес, судан пар шығып өсімдіктерге де, барлығына да қолайлы болған.
Кейін түрлі көкөністер егіліп, күріш дақылы шаруашылыққа ендірілген. Ел жер құнарлылығын сақтап, ауыспалы егіс түрін қолданған. Негізгі тыңайтқыш – ол жоңышқа. Егер бір жерге жоңышқа егіп, оны үш жылдан кейін басқа дақылмен ауыс­тырса, өнім өте жоғары болған. Бұл әдіс кеңес жылдарында да кеңінен қолданылды. Ыбырай Жақаев бастаған күрішшілер жыл сайын мол өнім берген. Мәселен, Ыбырай Жақаев Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алды. Көптеген оның ізбасарлары Социалистік Еңбек Ері атанды. Олардың ішінде жас қыз-келіншектер де болды. Корейлер күріш егісінің шығыстық тәсілін әкелді.
Шиелі жерінде күріш дақылын көбейту үшін Қазақстан Үкіметі 1939 жылы атақты «Шиелі ка­налын» қазып, мол өнім алу жолын ашты. Н.С.Хрущевтан бастап егінге химиялық тыңайт­қыштар кеңінен қолданылды. Әрине, тыңайт­қыш ауыспалы егіске жері тар елдерде қолданылды. Тыңайтқыш егіс өнімін күшейтсе де, оның табиғи сапасын өзгертеді. Амалсыз іс. Мәселен, жапондарда жердің тарлығынан ауыспалы егіс қолданылмайды. Қазақстанда әзірге жер мол. Техника бар. Ауыспалы егісті пайдалана беру керек. Экологиялық таза өнім – денсаулық кепілі. Ең болмаса, есік алдындағы жерге ауыспалы егіс егіп көр. Бұл жұмысты әркім өзі үшін қолданғаны жөн. Мен оқушы кезімде есік алдындағы егісті өзім өсіретін едім. Әлем химияға көшті. Бізде әлі мүмкіндік бар. Бабадан қалған жерді таза күйінде пайдаланған, аялаған жөн. Бізге тағдыр берген мүмкіндіктерді барынша толығымен игерейік. Бүгін әлемде экологиялық таза тағам жеу – қолдан шығып кеткен арман. Біздегі табиғат берген берекені қолымызда мықтап сақтап пайдалана білу – тіршілік талабы. Елбасымыздың саясаты да осы мақсатқа арналған.
Геродот айтады: «Сыр елінің халқы егін екпейді, мал бағады, балық аулайды», – деп. Сірә, ол Арал теңізі маңымен Сырдың Аралға құяр жерін айтқан болар. Өйткені, ол жер құм, тақыр шөл. Малдан түйе, уақ мал болмаса, егінге онша қолайлы болмаған. Тек Қазалы, Қармақшыдан Шиелі, Ташкенге қарай сулы, нұрлы жерлер болмаса. Мұнда ерте замандардан егін егу басталған көрінеді.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап КСРО Ғылым Академиясы археология институты ғалымдары Түркістан тұсындағы Қаратауда бірнеше жылдар қазба жұмысын жүргізіп, 18-20 метр тереңдіктен кремень, граниттен жасалған кесетін, қазатын, тоқпақтайтын еңбек құралдарын тапқан. Мерзімін 600 мыңнан 700 мың деп белгілеген. Еңбек құралы тікелей санамен байланысты. Сол кезден жеуге қолайлы өсімдік дәнін уатып, граниттен жасалған ұңғайтын диірмен сияқты құрал жасап, шақпақ тастан от шығарып, қолға алған малдың етін жеп, терісін, жүнін киім еткен. Олай болса, сол дәуірлерден аңшылық орнын егін егу баса бастаған деп шамалады Ресей ғалымдары. Саналы адам тарихы бір миллион жылдай болса керек. Сыр елінің егінмен айналысқандары жартылай отырықшы өмір сүрген көрінеді. Қаратауды орыс ғалымдары жай зерттеген жоқ. Қаратау цивилизация бастауы деп қарады. Бұл негізсіз пікір емес.
Сыр бойына кейін келген арабтардың ішінде Қожа дегені ел аралап, дінмен шұғылданып, ислам дінін таратқан. Бұл кейінірек, яғни VIII-IX ғасырларға жатады. Ерте замандардан Сыр бойы табиғаты бай өлкеге жатқан. Алтын, күміс, мысқа мол, жануарларға қолайлы, өсімдіктер қалың өскен. Себеп болған, бір жағынан, суға мол Сыр бойы екендігі. Сыр бойындағы бұрынғы Жібек Жолы саудаға да ыңғайлы болған.
Ол кезде базар толған дүкен болған, дүкенді ұстайтын өзбектер, татарлар еді. Шиеліге қоныстанған татарлар: «Жүгіріп атқа міңгән шақта, көрінә Қазан қаласы. Танымасаң танысабыз, біз чиәлі баласы», – деп жырлайтын. Өлең өте ерте замандарда шыққан болса керек. Өлең Қазан-Шиелі арасын атпен жүргенді бейнелейді.
XIX ғасырдың екінші жартысында қоныстанған бұрынғы «Басы байлықта» болған орыс шаруалары: «Базар большой, полным полно народу. Русс­кая барышня идет давай дорогу», – деп өлеңдетті. Өлең – олардың байығандығының көрінісі.
Жалпы, Шиелі – көпұлтты мекен. Алдымен қоныстанған арабтар дедік. Олар Сунақ, Қожа атанып, Шиелі түбіндеті «Төменарыққа» қоныстанды, қазақ болып, сіңіп кетті. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс шаруалары қоныстанып, Шиеліде екі үлкен көше тұрғызды («Свобода», «Хохляцкая»), кейін соңғы көше «Первомайская» атанған. Олар үлкен қоңыраулы, күмбезді шіркеу, аурухана орнатып, бастауыш мектеп ашты. Шиелі батысындағы бірінші теміржол станциясы – «Бәйгеқұм» аты айтып тұрғандай, Шиелі станциясы мен Бәйгеқұм арасындағы жерге ат жарысы жиі өткізіліп, көкпар ойыны болып тұрған. Шиеліде «Айтбай» мешіті болған, ол да – тарих. Қазақ мектебі «Балалар үйіне» байланысты бірден жеті кластық болып ашылды. Оған себеп, жаппай аштық салдары. 1928 жылы шіркеу де, мешіт те жабылды.
1937 жылы Қиыр шығыстан корейлер келіп орналасты. Соғыс жылдарына байланысты Шиеліге шешен, ингуш, балкар, түрік, қарашайлықтар орналасып, Шиелі көп ұлт тату-тәтті өмір сүрген мекенге айналды.
Бұл жерге келгендердің бәрі қазақ тілінде сөйледі. Мәдениет дамыды. Татарлардан гармонь, корейлерден скрипка келді.
Мәскеуде аспирантурада оқып жүрген кезімде В.И.Ленин атындағы кітапханада КСРО Халық Комиссарының орынбасары болып қызметке тағайындалғанда, ұмытпасам, 1927 жылы «Кешкі Мәскеу» газетіне берген сұқбатында Тұрар
Рыс­құ­­лов­тың: «Екі қалаға ат қойдым депті. Бірі – Қызылорда екіншісі – «Ұлан Батор». Ұлан монғол­ша – қызыл деген сөз.
Шиелі ерте замандардан Сыр бойындағы қызу сауда орны болған. XX ғасырдың 20-30 жылдарына дейін Шиеліде екі үлкен сауда базары болған. Бірін «Мал базары», екіншісін «Мүлік базары» атаған. Бұған ежелден Ресейден самауыр, кесе-шәйнек, қазан, Орта Азиядан бөз матасы, жібек, өрік, мейіз, арабтардан құрма түсетін болған. Қытайлықтар қағаздан түсті бояулы гүлдер жасап сататын болған. Сататын ерлері, жасайтын аяғы кішкентай жүре алмайтын әйелдері болатын. Оны көзім көрді. Ол қағаз гүлдер Шиеліде 1945 жылға дейін кейбір үйлерде сақталған. Базарлар көшпелі мал баққан ауылдар мен тауар айналысын күшейтті. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағы – базарларда ел жиналатыны сонша, онда қымызханада әнші, домбырашылар өнер көрсетіп, сауық құратын.
Сәуір, қазан айларында өзбектер «Дар» (канатоходцы) ойынын көрсетіп, елді таңқалдыратын. Биіктігі 17-20 метр тартылған арқанмен жүріп, кейде 5-6 жастағы баласын ертіп арқанмен жүріп өнер көрсеткенде, жерде тұрған жүргізуші кернеймен айқайлап айтатын: «Мына өнер көрсетіп жатқан кісінің әкесі, атасы, туыстары «Дар» ойынын көрсеткен, құлап өлген деп хабарласа болды, жайылған дастарқанға ел ақша тастайтын. Бұл өте қауіпті ойын болатын, ешқандай қорғаныс, қауіпсіздік сақталмаған. Кейін Кеңес үкіметі «Дар» ойынына тиым салды. Бірақ бұрын болған. Дегенмен, Дардан құлаған жағдай Шиеліде болмады.
Орынбор мен Ташкен аралығында көлік тынықтыратын Шиелі бекеті болған. Теміржол салынғанша (1904 жылы) бұрын станция атанған, кейін вокзал мен базар аралығы 4 шақырым, адамдарды таситын фаэтон жүрген. Осы екі арада құм болған. Оны ел «Дузақшы құм» деп атаған. Қазір ол құм жоқ. Жол салуға тасып әкеткен. Кезінде әлгі құмды ұрылар жайлап, фаэтонда бара жатқан саудагерлерді тонаған. Әлгі есім содан қалған. Ел жиылған, сауда қызған жерде түрлі өнер, мәдениеттер ежелден тоғысқан. 1939 жылы атақты Қажымұқан Шиеліге келіп, үлкен өнер көрсетті. Ел Қажымұқанды көргеніне риза болды.
Шиелі күрескер ақын Ақтамберді, Иманжүсіп кезінде тұрған. Ақын Нартай Бекежанов осы елдің түлегі. Шығыс ертегілер шыңы «Мың бір түнді» қазақ тілінде сөйлетіп, елге оның тәрбиелік мәнін таратқан жазушы Қалмақан Әбдіқадыров Шиелінің тумасы. Шиеліден ақын Әбділда Тәжібаев, академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шахмардан Есенов, академик Мұхамеджан Қаратаев, басқа да ғылым қайраткерлері шықты. Сәбит Мұқанов Шиеліге келіп, елмен әңгімелесіп, «Октябрьдің ХІV жылдығы» атындағы қазақ орта мектебі оқушыларымен кездесіп, «Сырдария» романын жазды. Кездесуге мен де қатыстым.
Атақты Мұстафа Шоқай – Шиелі ауданының тумасы. Оның бүкіл өмірі Түркістан бостандығы, тәуелсіздігі үшін күреспен өткен. Қызылорда қаласы орталығында оның зәулім ескерткіші бой түзеп тұр. Сұлутөбеде музейі бар.
Шиелі ауданын әулиелер қолдап, рухы арта берсін, халқына құт-береке, аман-саулық тілейміз. Шиеліде бұрын түрлі ағаш қалың өскен. Әр үйдің алдында бір ағаш өсіп тұрса, ол да – табиғатты аялау, әрі жанға сая.
Бұл айтылғандар Шиелі жерінің есте қалған, көрген кейбір ерекшеліктері десе болады. Сөз соңында айтарымыз, қыдыр дарыған Шиелінің мүмкіндіктері мол. Оны бағалап, күтіп, пайдалана білсек екен. Жер – ана, ел тірегі, тіршілік негізі.
Отан отбасынан, туған жерден басталады.

Досмұхамед Кішібеков,
философия ғылымдарының докторы,
академик.
06 шілде 2018 ж. 3 317 0