Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өнер жолын өркендеткен

Өнегелі өнер жолын өркендеткен

Сыр елі – жыр елі аталса, соның шұрайлы бір өңірі – Шиелі жері де өзіндік тарихы бар, салт пен дәстүрге толы. Бұл өңірден де небір дүрлер, шайырлар мен жыршылар, ақын сазгерлер неше түрлі дарындар шыққан өлке. Ойымыздың негізгісіне көшсек, шежірелі Шиелі өңіріндегі айтулы өнер иелерінің қатарында атағы алты алашқа жайылған ақын Бұдабай Қабылұлы болатын. Ол Шиелі өңірінде 1842 жылы дүниеге келіп, 1912 жылы 70 жасында қайтыс болады. Бұдабай суырып салма айтумен жазып айтуды қатар меңгерген сөз зергері. Жайшылықта аузынан сөзі түсіп қалатын, өлеңге келгенде бұлбұлдай сайрап жөнелетін, бойына өлең қонған, әйгілі ақын болған. Өнерді жасаушы ерекше дарынға ие болған біртуар тұлғалар қатарында Нартай Бекежановтың алар орны зор.

Н.Бекежановтың шәкірті, жырау, әнші, ақын Арзулла Молжігітовке 90 жыл

Алты алашқа асқақ әнімен, өр рухты жырымен, ерекше өнерімен танылған Нартай Бекежанов 1890 жылы Шиелі ауданында туып, 1954 жылы осында қайтыс болды. Қазақтың халық ақыны, бұлбұл үнді әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері. Он үш жасынан жыр айтып, ән шырқаған. Нарекең соңғы демі үзілгенше шырқап, жырлап өтті. Нартай әні әлі ауада қалқып жүр, әркімнің құлағында, ән сүйер халықтың жүрегінде тұр. Қазақ жерінде қазақ поэзиясының Жамбыл, Нұрпейіс, Доскей, Орынбай, Шашубай, Кенен, Иса, Нұрлыбек, Үмбетәлі, Нұрхан сияқты ұлы ақындары көп болса, Нартай солардың бел ортасында думандатып өткен ақын. Бұрынғыдай емес, шама-шарқынша зерттеліп, біршама жөнге, жобаға келе жатыр. Асқар Тоқмағамбетов:
– Сері ақын сексен әннің басын қосқан,
Біз сені сағындық қой Нартай аға, – дейді. Шынында Нартай әндерінде сексен әннің жиынтығы бар сияқты. Сырдың сазы, Арқаның қоңыр дауысы, Жетісудың сарыны байқалады. Кемеліне келіп, серілік құрып жүрген шағында Сыр бойына Арқаның атақты әнші-ақыны Тайжан Қалмағамбетов келеді. «Мен өнерімді, өлеңімді естелік қып Сырға тастап кеттім» – деп Нартайды шәкірт тұтып, ақ батасын береді. Нартай Арқаның әсем әні мен Сырдың сұлу сазын қатар тербетіп, халқына адал қызмет жасайды.
– Шырылдап туған сәбиге,
Жаялық еттім өлеңді.
Дірілдеп тұрған кәріге,
Таяныш еттім өлеңді, – деген өлеңі көп жайтты аңғартады. Ол салдықтың, серіліктің жолына емін-еркін түсетіндей заманда өмір сүрген жоқ. Оның жастық, жігіттік шағы Кеңес үкіметінің орнауы, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыстың уақытына тап келді. Соған қарамастан, халықтың жанында жүріп, қасынан табылған бірден-бір адам. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген халық даналығы. Қандай да бір белгілі сала жетекшісінің сол сала бойынша сіңірген еңбектерінің негізгі қалыптас­тырушысы болумен бірге жалғастыру­шысы да болды. Қазақ өнеріне шексіз үлес қосқан, «Нар­тай әндерінің» негізін салған Нартай Бекежанов­тың жолын жалғастырған шәкірт­терінің есімдері ел есінде әлі күнге дейін сақталып, айтылып келеді. Сондай шәкірт­тері­нің бірі Шиелі ауданының Керделі ауылдық округіне қарасты қазіргі Нартай ауылында өмір сүрген Палжігіт Берсүгірұлы әкеміз болатын. Палжігіт Берсү­гірұлы 1900 жылы Шиелі ауданының Қарғалы аймағына жататын Сарытораңғыл деген жерде дүниеге келген. Керделі ауылдық округінде 1980 жылы қайтыс болды. Бала жасынан ән-жырға әуес бола жүрумен қатар, ағасы Жолтай ұстадан ұсталық өнерді үйренген. Келе-келе белгілі өнер иесі Нартай Бекежановпен жолдас бола жүріп, оның он екі тілді сырнайын үйреніп, Нартай әндерінің қыр-сырын терең меңгереді. Бірақ ата жолы ұсталықты кәсіп еткесін өлең өнеріне біржола бет бұрмаған. Нартай шығармашылығын зерделілігімен, зейінділігімен насихаттай жүріп, өзі де көптеген өлеңдер шығарған. Өз өлеңдерін сырнай аспабының сүйемелдеп айтумен қатар, ағасы белгілі ақын Молжігіттің жыр мұрасын да ел ішіне таратқан. Осындай кемел өнерді меңгерген Палжігіт ел ішінде шайыр атанды. Оның мұндай атқа ие болуының тағы бір себебі, Палжігіт атамыздың репертуарында шығыс халықтарының барлық жыр-дастандары бар. Ол кісі кеште жыр бастаса, таңға дейін «Көрұғлы», «Қыз Жібек», «Сейфілмәлік», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» т.с.с. жыр дас­тандарды жатқа айтқан. Бір өкініштісі, Палжігіттің өз шығармалары мен өзінің орындауындағы дауысы жазылған әндер толық сақталмаған. Арзулла Молжі­гітов 1929 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Коммунизм колхозына қарасты (қазіргі ақын Нартай ауылы) Керделі ауылдық советінде дүниеге келген. Руы орта жүз, оның ішінде Қыпшақ аталы­ғынан тарайтын Шашты руынан. Арзулла Молжігітов балалық шағында ауыл молдасынан білім алып, тіл сындырады. Ата дәстүрі ұсталық өнер болғаны­мен бұл әулетке ақындық өнер де ұсталықпен қатар жалғасып отырады. Осындай ортада тәрбиеленген Арзулла Молжігітов әуелгі кезеңдерге домбыраны меңгеріп, кейіннен ағасы Палжігіттің сырнаймен салған әніне құмарта жүріп, он сегіз тілді сырнайды еркін меңгереді. Ойнап жүрген бала кезінде алғаш рет патефоннан Ғазиздің әнін тыңдап, заматында үйреніп алады. Он үш жасында осы әнмен алғаш рет сахнада өнер көрсетіп, Шиелі аудандық «Стахановшы» газетінде суреті (қазіргі «Өскен өңір» газеті) жарияланады. Осы жасында ақындық өнердің ұшқыны да байқалып, өлеңдері аудандық газет бетіне басылды. Аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебінде оқып, білім алып жүргенінде арқалы ақын, саңлақ сазгер Нартай Бекежановпен кездеседі. Ол кісінің «Игигайын» өзі айтқандай орындап бергенін көрген Нарекең Арзулланың өнеріне шын риза екенін білдіреді. Бұл туралы жерлесіміз, өнертанушы, сазгер Мұхамеджан Рүстемов өзінің «Жалын» баспасынан 1983 жылы шыққан «Нартай» повесінде былайша суреттейді: «Оқушылар арасында өнерпаздар мол. Әсіресе, Арзулла деген баланың әншілік өнері Нартайды бірден баурап алады. Ол салған әніне жан бітіріп, құлпыртып жібереді екен. «Екі жиренді» немесе «Қарғашты» бастағанда Арзулланың зор екпінімен қалықтай жөнелетін кәусар үні биікке самғай түсіп, енді бір сәтте діріл қағып қайта қайырылып, құс қанатындай серпіле шалқып, құбыла құйқылжығандай тыңдау­шылар рақатқа бөленіп, өздерін ән құшағында тербелгендей сезінетін. «Көзін қарашы, от шашып тұр. Түбі осы баладан бір нәрсе шығады. Тіл аузым тасқа» – дейтін. Арзулла тек домбыра аспабында ғана емес, сырнайды да тарта алады екен. Нартай енді осы жағынан баулып, одан: «өзіме лайық шәкірт шығар­сам» – деп, арман ететін. Құйма құлақ, талантты бала Нартай орындаған әндерді қағып алып, Нартайдың «Игигайын» құйқылжыта орындайтын болды. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы жаппай қуғын-сүргіннің әсері жас Арзуллаға да тимей қалған жоқ. 1933-тің көктемінде бір әулеттің тірегі болып, ұсталығымен, зергерлігімен асырап отырған Жолтай атасы қайтыс болады. (Жолтай ұста жөнінде мақала 1985 жылғы республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарық көреді. Сонымен қатар «Шебердің қолы артық» атты республика аймағында ұсталықпен аты шыққан зергерлер жинағында арнайы айтылады.) Елдегі шолақ белсенділердің кесірі мен жазықсыз жапқан жаласынан әкесі Молжігіт пен ағасы Сұлтан екеуі қуғынға ұшырап, әкесі Өзбекстанның Самарқан қаласынан шығады. Осындай тауқыметтердің кесірі­нен өз анасынан айырылып, адасады. Бір үйдің тау­қыметі жалғыз Арзуллаға түскен соң, жеті жылдық мектепті бітірісімен «Жиделіарық» ауылына мұғалім­дік қызметке орналасады. Соғыс аяқталып, ел арқасы кеңи бастағанда өзінің талантымен, дарындылығымен дара шығып, әуелі облыстық филармонияда, кейіннен Нартай бригадасында жүріп, халыққа өнер көрсетеді. Қиындықтан әбден қажыған ел-жұрттың еңсесі биік болуына өзінің бойындағы бар өнерін халық қуанышы үшін арнайды.Өзінің еңбегін елге арнап, әсіресе туған жеріне арнасам деген ізгі ниет жетегімен Арзулла Молжігітов өзінің ауылына келіп, еңбек жолын жалғастырады. Өз ауылында клуб меңгерушісі, Қызыл отаудың ұйымдастырушысы болып, сол кездегі саясат ықпалын насихаттай жүріп, ақындық, әншілік өнерін жалғастырады. Арзулланың ақын болып қалыптасуына негіз салған әкесі Молжігіттің тәрбиесі еді. Молжігіт кезінде аймаққа аты танылған талантты ақындар Палымша Күзембайұлы, Есенбек Басалқаұлы сынды ақындармен қатар, Сыр бойы ақындары түгел білетін, өзінің жұмбақ айтысын «Шәкей сал Дәуішқызының жұмбағы» деген атпен жазатын қыпшақтың Қарасары руынан тарайтын Тапал ақын атанған Баймақандармен бірге жүрген жандардың бірі болатын. Арада бірнеше жылдар өтті. 1958 жылы әкесі, көп ұзамай анасы дүниеден өтеді. Мұның барлығы да Арзулланың өміріне қиындықтар туғызып, қам көңіл болып, өнерден біршама уақыт қол үзіп қалады. Дегенмен, «асыл пышақ қын түбінде жатпайды» дегендей шығармашылық қарымын одан әрі дамытып, өнерін жұртшылыққа паш етеді. Алғашқыда Арзулла Молжігітов өлеңді қағаз бетінде шығара жүріп, кейіннен ақындар айтысына ден қояды. Ауыл арасындағы той-томалақтар мен шілдеханаларда ауызекі қағытпаларда ақындық өнерін шыңдай түседі. Осылайша ақындық өнерін дамытқан ақын сол кездегі облыс, республикаға танымал болған Мүтәліп Қыраубаев, Манап Көкенов, Есмағзамдармен айтысқа түсіп жүреді. Арзулла Молжігітовтың ең бір шығармашылық кезеңінің өрлеген тұсы өткен ғасырдың 80-90 жылдар аралығы болды. Осы кезеңдерде орындау­шылық сапармен ел астанасы Алматы қаласында Қызыл­орда облысының танымал әншілері мен жыраулары – Қуандық Бүрлібаев, Шамшат Төлепова, Рысбек Әшімов, Алмас Алматов, Алшынбек Сәрсенбаев, Жұмабек Аққұловтармен өнер көрсетеді. Аудандық айтыстың жүлдегері атанған ол 1988 жылғы «Творчес­тво­лық интелегенция мен қолөнер шеберлерінің облыстық семинар – кеңесіне» қатысады. Үшінші облыстық ақындар айтысында Есіркеп Қоңқабаевпен айтысқа түседі. Бұл сөз сайысында да асқан байсалдылықпен салиқалы сөз өрнегін құрап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді. Өмірінің соңына дейін өнерді жанына серік еткен Арзулла Молжігітов Нартай мұраларын насихаттап қана қоймай, өнердің өркендеуіне шексіз үлес қоса білген біртуар азамат еді. Арзулла Молжігітов 2002 жылы 73 жасқа қараған шағында дүниеден қайтты.Кеңестік дәуірде ұлтымыздың біршама қастерлі жолы ұмытыла жаздаған болатын. Бұл сөзімізді тарих беттері айқын көрсетеді. Небір нарқасқа калыптағы тұлғалары­мыз кеңестік империяның ықпалынан аса алмай кереметтей асылдарымыз дүниеден өтті. Бірақ «алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей, небір құнды мұралары­мыз басындағы дәл бағытынан жаңылса да, шүкір осы күнге келіп жетті.Қазақ халқының ұлттық мұрасына ән менен жыр, би менен күй, ұсталық, зергелік өнер, даналық сөздер т.с.с көптеген рухани құндылықтар жатады. Осындай арнайы да асыл жолдың біз сөз етіп отырған саласы – дәстүрлі ән халқымыздын ерекше қасиетті екендігін көрсетсе керек. Олай дейтініміз, қазақ жұртшылығы әз бастаған өмір тарихы мен өнеге өркенін ән арқылы айшықтап, ән арқылы жеткізе білген. Мысалы сонау XVII ғасырдағы жоңғар шапқыншылы­ғының зобалаңын «Елім-ай» әні арқылы көрсетсе, ұлттық дәстүрге негізделген барлық арнаны тұрмыс-салт жырларымен көркем баяндаған. Осындай тектілікті табиғи таланты арқылы көрсетіп, дәстүрлі ән саласын дарын­дылықтарымен молайтқан біртума өнер иелері Біржан Сал, Ақан Сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбы­рай,Тайжан, Иманжүсіп, Жамбыл бабаларымыз деп айта аламыз. Бір өкініштісі Нартай бабамыздың тірі дауысы әлі күнге дейін табылмай келеді. Сонда да болса, Нартай мұрасы біздің дәуірімізге жеткізген Арзулла Молжігітов сынды саңлақтардың жалпы ұлт мұрасына көрсеткен ұқыптылығына еріксіз бас иесің. Арзулла Молжігітов Нар­тай мұрасын насихаттаумен қатар ұлттық мұраға ұқыптылық танытудың ұлағат шәкірт тәрбиелеу арқылы да көрсете білген. Оны біз осы жұмысымыздың негізгі бөлімінде айтып өткен болатынбыз. Нартайдың шығармашылығы әлі күнге неге дамымайды? Азуын айға білеген Кеңес Одағының тұсында Нартайдың әнін үш-төрт-ақ адам орындады. Біреуі – өзінің шәкірті «Сарыжарғақ» аталған Балқашбай Жүсіпов. Екіншісі – Сыр мен Ташкеннің дүлділі, атақты Құтбай Дүрбаев. Одан кейін Арзулла Молжігітов. Нарекеңнің әні бүгінгі ұрпаққа Балқашбай Жүсіпов, Құтбай Дүрбаев, Арзулла Молжігітов, Шәмшат Төлепова, Тұрсынкүл Байқа­новадан қалды. Осы орындаушылар бізге бұзбай жеткізді. Нартайдың ізбасарлары Арзулла Молжігітов, Құрманбек Бекпейісов, Клара Төленбаева, Рахметулла Жолтаев, Ақмарал Ноғайбаева, Інжу Таспамбетова, Нұртілек Ахтаев,Мұхаммедәлі Бекпейісовтер. Сөзімізді қортындылай келе, Нартай, Палжігіт, Арзулладай алыптардың асқаралы бағытын біздердей аға буын өкілдері мен жастардың бойына сіңіре берсе, ұлт мұрасына нағыз ұқыптылық таныту болып табылады. Бұл дегеніміз ұрпақ ұлағатының бар екендігінің нағыз дәлелі демекпін.

Н.Нақыпов,
Н.Бекежанов мемориалдық
өнер музейінің қор сақтаушысы.


Ұстазыма
Нартайдың 110 жылдығына орай
- О, Нартай, жыр дүлділі, ән дүлділі,
Сайрасаң, гүлзардағы тән бұлбұлы.
Тәтті еді бал-шекерден сұлу ән,
Ойға азық, бойға қуат, жанның құсы.
Сұлу ән жанды ерітіп бой балқытқан,
Аспанға қоңыр желдей ән қалқытқан.
Бойына қайрат біте қанаттанып,
Жүрекке жігер құйып, ой шалқытқан.
Қалды ғой Қаратаудың мұзбалағы,
Шарлаған жер-су, таулы құз даланы.
Сипақтап оп-оңай ақ бұзып өткен,
Егестің тұрса алдында жүз қамалы.
Ащы айқай кейде бұрқап дайылдатқан,
Бұлт бүркеп жылы селдей жайын жатқан.
Тағдыры уақытында жетіп бір кез,
Мәңгілік ән еркесін дамылдатқан.
Тағдырға барлық ғылым бас июге,
Жазылған туғаннан-ақ әсілінде.
Жерде нұр, аспанда бол, жанды жансыз,
Қосылмақ топыраққа нәсілінде.
Пейілі ашық сақи еді, кім келсе де,
Дос жардай сыйлаушы еді бір келсе де.
Тапқанын мейман сыйлап, сарп етуші еді,
Қарамай бала-шаға сыр берсе де.
Жан еді – жаны жомарт маңайына,
Кем-кетік жетім-жесір ағайынға.
Шекпенін Ақмырза шешіп берді,
Түрмеден келген кезде май айында.
Бір кезде Нартай көңілін қалдырса да,
Артистік қызметтің орайында...
Осындай азаматтың мәрттігіне,
Болмайды көрген көңіл қалай ырза.
Соншама таршылық кез болса дағы,
Осыны көзім көрді баяғыда.
Бір мінез Нарекеңнің қанындағы,
Жаны жас жағымпазға жанындағы
Қиын еді мәні-мәнге бағынбағы.
Айтыста қара сырнай алса қолға,
Көп ақын күйбеңдеген шауып сорға.
Қарағанды жүйрігі – Қазанғапты,
Шаңына ілестірген зорға-зорға.
Арқаның ардагері Нұрлыбекті,
Жеңілістің ауылына салды жолға.
Үмбетәлі жылда екі айтысып,
Атанған Жетісуда – «Қара жорға».
Ақынның майталманы – ол Майасар,
Жеңілістің құйқасын татқан ол да.
Оңдырмай Орынбайын Оңтүстіктің,
Қалдырған Кененді де орта жолда.
«О, Нартай, шешен таңдай қасқа маңдай» – деп
Жамбыл бекер айтпас қағып таңдай.
Жүйріктей заманында қырып озған,
Өттің, марқұм, алдыңа қара салмай.
Нарекең болды ақынның ардагері,
Қуанып қошеметтеп барған елі.
Өмірдің ерекше бір құбылысы,
Үлгі боп кейінгіге қалған еді.
Аударып жақсылыққа заман өңін,
Тойдан-той куәгермін оған өзім.
Қуанып бүгін менде тебірендім,
Тіріңде әлпештеген балаң едім.

Арзулла Молжігітов,
7 ақпан 2000ж.
18 мамыр 2019 ж. 1 437 0