ҚАЗАҚТЫҢ КӨНЕ КӘСІБІ ҚАЙТА ЖАНДАНА МА?
«Естіген құлақта жазық жоқ». Баяғыда үлкендер тау суларында, әсіресе, Алтай мен Тәңіртау өзендерінде алтын көп болатынын айтатын. Әпсана ма, ақиқат па қайдам, бұрынғылар Алтайдың асау өзендеріне көктемде, ел жайлауға көшерден бұрын қойдың жүні түспеген терісін тастап, таспен бастырып кететін көрінеді. Күзде күзеуге келе жатқан жолда әлгі теріні алып, әбден жидіп тұрған теріні өртейді деседі. Сөйтіп, жаз бойы тау өзенінің арыны, қатты ағысы теріге жинап тастаған алтынды алады екен. Әрине, мұндай әдіс болды ма, жоқ па, ол жағын білмейміз. Бірақ бізге белгілісі бұрынғы қазақтың алтын шаюды білгендігі. Енді сол алтын сүзу қызметі біздің елде қайтадан жаңғыруы бек мүмкін. Оған Президент Нұрсұлтан Назарабев қол қойған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексі себеп болмақ.
Президент өткен жылғы Жолдауында «Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек» деген болатын. Сонымен қатар жыл аяқталғанша жер қойнауы туралы жаңа кодекс қабылдау қажеттігін тапсырған. Сөйтіп, Инвестициялар және даму министрлігі әлгі кодекс жобасын жасап шыққан еді. Жыл бойы жобаны қоғамдық ұйымдар, жер қойнауын пайдаланушылар, кәсіпкерлер талқылады, Дүниежүзілік банк, Еуропадағы экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы тәрізді халықаралық ұйымдардың сарапшылары баға берді, әйтеуір жыл соңында кодекс қабылданды. Міне, сол кодекстің біз сөз еткелі отырған тақырыпқа тікелей қатысы бар. Төтесінен айтар болсақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс қазақтың көне заманнан бері келе жатқан металл өндіру ісіне, соның ішінде алтын іздеу мен алтын сүзу кәсібіне қайта оралуына мүмкіндік беруі ғажап емес. Себебі, кодексте шағын құрамында бағалы металдар көлемі аздау болатын тау жыныстарынан, шағын кен орындарынан жеке азаматтардың кен өндіруіне, дәлірек айтсақ, алтын қазу мен сөз басында айтқан тау өзендерінен алтын сүзуге рұқсат беріліп отыр. Демек, кодекс кәсіпкерліктің жаңа түріне жол ашқан жайы бар. Рас, құжатта алтын шаюшы немесе алтын қазушыларды «кен іздеуші» деп атапты. Орыстың бірауыз сөзбен «старатель», ағылшынның prospector деген сөзін осылай аударыппыз. Сол себепті, біз де кодекстегі нұсқасын пайдалануға бекіндік. Сонымен…
«Қара кеншілерден» құтылудың амалы қандай?
Ел ішінде, бұқараның арасында 90-жылдары қалыптасып, кейін түбегейлі жою мүмкін болмаған бірқатар дағыдылар кездеседі. Бәлкім, біздің айтып отырғанымыз дағды деуге келмейтін дүние шығар. Бірақ қалай болғанда да бұл өткен ғасырдың 90-жылдарында қалыптасқан дүние еді. Ол – бағалы металдар кеніштеріне түсу, алтын кенін заңсыз сату мәселесі. «Қара кеншілер» деп аталатын осы топтар Ақмола облысының Жолымбет, Степногорск, Бестөбе, Жамбыл облысының Ақбақай кен орындарының төңірегінде, еліміздің өзге де алтын кеніштері маңайында әрекет жасайтыны бар. Бұрын алтын қазатын шахталарға тұрмыстың тауқыметін тартып, отбасын асырауға қиналып жүрген азаматтар да түсетін, кейін «қара старательдер» қылмыстық топтарға айналды. Оларды жою тым қиын болып тұр. Мәселен, тек 2016 жылдың он айында Степногорск қаласы маңынан алтын кенішінен шыққан тастарды үгітіп, құрамындағы бағалы металдарды алатын 25 шағын цех табылыпты. Олардан құрамында алтыны бар кварц кенінің 20 тоннасы тәркіленген. Одан бөлек сол төңіректен жер астына түсетін жасырын 10 шахта анықталыпты. 2017 жылдың наурызында Ақмола облыстық ІІД қызметкерлерінің бір күндік рейді кезінде тек Степногорск қаласында алтыны кенін ұрлаумен айналысатын 63 адам қолға түскен. 2 шағын цех табылып, құрамында алтыны бар 7 тонна руда тәркіленіпті. Одан бөлек, Ақсу мен Бестөбе елдімекендері аумағында 2017 жылдың алғашқы үш айында алтын рудасын ұрлаған 800 адам ұсталыпты. Жалпы соңғы бес жылда заңсыз жолмен алтын өндірмек болған 19 мың адам ұсталған. Бұл дегеніңіз кішігірім қалашықтың тұрғынымен бірдей. Осы 19-20 мың адамның артында отбасылары, бала-шағалары тұрғанын ескерсек, бастарын бәйгеге тігіп, алтын шаю кәсібі мыңдаған жанның тағдырымен байланысты екенін аңғарамыз.
2017 жылы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Меруерт Қазыбекованың мәлімдемесіне сенсек, бір ғана Ақмола облысы Степногор ауданында 2014-2015 жылдары алтын кенін ұрлаушылардың кесірінен бюджетке 2 млрд теңге салық түспей қалыпты. Сол жылдары жалпы саны 75 шағын цех анықталыпты. Бұлар алтын шаюмен айналысатын шағын өндірістер болса керек. 2018 жылдың 8 қаңтарында ҰҚК баспасөз қызметі алтын кенін заңсыз жолмен Қытайға өткізіп жүрген қылмыстық топты ұстағандарын хабарлады. Олар 106 тонна руданы екі вагонмен Қытайға өткізбек болыпты. Қылмыстық топтың құрамында Алматы, Астана және Степногорск қалаларының тұрғындарымен қатар, бір Қытай азаматы да бар екен. Қысқасы, «қара кеншілер» елімізде бар және олар ел экономикасына зиян келтіріп жатыр. Одан бөлек «қара кеншілердің» арасында өлім-жітім де көп. Заңсыз жолмен шахтаға түсіп, оқыстан мерт болып, қылмыстық топтардың арасындағы кикілжіңнен көз жұмып жатқандар да бар. Демек, олармен күрес жан-жақты болуы керек. Заңсыз жолмен алтын шаятындарды ұстап, қамаумен қатар, азаматтардың бұл қадамға баруының себебін анықтау, оларға басқа кәсіп көзін ұсыну да маңызды болып тұр. Біздің әңгімеге арқау болған «кен іздеуші» мәселесі осы тұрғыдан маңызды.
Негізі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекске «старатель» ұғымын енгізу арқылы мемлекет заңсыз жолмен алтын қазатындарға қарсы күресті күшейте отырып, алтын іздеуді кәсіп еткен азаматтарға да қосымша мүмкіндік беруді қарастырса керек. Яғни, алтын шаюды заңдастыру арқылы ірі шахталар төңірегінде жүрген, көбі күнкөрістің қамымен бастарын бәйгеге тігетін адамдарды заңды жолмен табыс табуға бағыттау мақсаты көзделіпті. «Кен іздеуші» кәсібін енгізудегі басты мақсаттардың бірі – осы. Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаевпен тілдескенімізде ол да осы пікірді құптаған. Бірақ комитет төрағасы «кен іздеуші» ұғымының қазіргі «қара кеншілер» дегеннен бөлек екенін айтқан. Алғашқысы заңды жолмен табыс табатын, бірақ кен орынын өзі тауып, рудаларды өзі шаятын адам болса, соңғылары – алтын өндіретін ірі шахталардың төңірегінде жүретін, заңсыз жолмен шахтаға түсіп, руда ұрлайтындар. Демек, соңғыларына қатысты «старатель» деген сөзді пайдаланудың өзі ақылға қонымсыз болмақ. «Қара кеншілермен» күрес күшейе бермек. Сәйкесінше рұқсаты бар «кен іздеушілер» алтын шаюға қорықпай кірісе бастайды деген сөз. Екіншіден, шағын кен орындарын игеру мақсаты тағы бар. Әрине, осы мақсат жиірек жарнамаланса керек, старательдік қызметтің әлеуметтік астары туралы айтатындар сирек.
Golden Rush-тың қазақша нұсқасы бола ма?
Discovery Channel телеарнасы көрсететін Golden Rush бағдарламасы біраз жұртқа таныс болуы керек. АҚШ пен Канаданың алыс аймақтарындағы алтын қазушылар жайлы сөз етеді. Қызықты дүние. Сөйте тұра ол қазаққа таңсық емес еді. Өйткені қазақ бұрын алтын шаюды білген, талай қолданған. Мәселен, Хантәңірі шыңынан бастау алатын Байынқол сайынан өткен ғасырдың басында қазақтар алтын сүзгені туралы ел аузында талай әңгіме қалған. Тіпті ондағы кен орынының ашылуы жайлы Ерқанат Тәукебай есімді азамат «Қазақ әдебиеті» газетіне жазғаны бар. Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында да бұрын алтын шаю, алтын сүзу көп болған деседі. Түлкібас ауданы жеріндегі Орысарық, Беларық деген сулардан алтын сүзіпті бұрынғылар. Белгілі журналист Нұрбек Бекбау бірде: «Біздің ауыл отырған жерде Орысарық деген таудың етегімен өтетін арық бар. Орыстар қазған. Былай аулаға су тарту үшін дейін десең, ол қызметті атқарып тұрған Беларық бар. Атамнан сұрағанымда: «Кезінде орыстар алтын аулаған. Түлкібастың топырағында алтын көп екен» деп еді. Сол Орысарықта әр 100 метр сайын, тізеге жетпейтін таспен қаланған «құрылыссымақтар» бар. Тура балық аулайтын сияқты аузы үлкейіп келеді де, су қайта ағып кететін жеріне теп-тегіс жалпақ тас қойған. Онысы сәл қиғаштау жатады, артқы жағы төбеге көтеріліп тұрады. Өзеннен алтынды қалай сүзеді деп, атам екеуміз әлгі орыстар жасаған тәсілді қолданып көрмек болғанбыз. Қой бағып жүргенде сол орыстардың «құрылысының» үстіне тақтайлармен бірдеңе істегенбіз. Бірақ оған алтын түскен жоқ» деген еді. Рас, олардың тәжірибесі сәтсіз болғаны анық. Алайда, бұл көшпенділер танымындағы алтын шаю дәстүрі түгел үзілді дегенді білдірмейді. Ел ішінде өзеннен алтын сүзудің технологиясын білетіндер әлі де бар. Одан қалды кен іздеушіліктің жаңа әдістерін қолдануға еш кедергі жоқ.
Жалпы, өзендерден алтын шаюды адамзат баласы тым ерте дәуірлерде-ақ білгені анық. Естеріңізде болса, ежелгі гректерде «Ясон және аргонавтар» деген миф бар. Пелий патша Ясонды Колхидадағы алтын жүнді қошқарды алып келуге жұмсайды. Сөйтіп, Ясонның қасына жиналған батырлар «Арго» деген кемемен сапарға шығыпты. Күн жүріп, ай жүзіп, жолда түрлі жерлерге қонақтап, Колхидаға жеткен деседі. Одан ары шытырман оқиғалар бар, құдайлардың араласатын тұсы да бар. Ақыры «алтын қошқарды» Ясон мен арогнавтар алып кетіпті-мыс. Енді бұл аңыздың алтын сүзуге қандай қатысы бар дейсіз ғой, астарына үңілсеңіз, ежелгі әлемде алтын шаю қай өңірде мол болғанын байқататын әңгіме бұл. Колхида дегеніңіз – қазіргі Грузияның батыс аймақтары, тіпті Қара теңіздің Қап тауымен шектесіп жатқан шығыс жағалауын да тұтас Колхида өлкесі деп атайтындар бар. Ертеде, тым ертеде, екі-үш мың жыл бұрын бұл жерде түрлі жеміс-жидек өсіру, шарап, қолөнер бұйымдарын жасаудан бөлек, алтын шаю өнері де жақсы дамыған. Кейбір зерттеушілер Ұлы дала көшпенділері Алтайдан, Тәңіртаудан, Арқадан шайған алтындарын, өндірген мыстарын осы Колхидаға жеткізіп, одан ары саудагерлер гректер мен мысырлықтарға апарған деседі. Қысқасы, Колхида ежелгі әлемде алтын кеніне ұласатын қақпа рөлін атқарса керек. Бірақ Ясон мен достары іздеп келетін «алтын жүнді қошқарыңыз» біз мақаланың басында айтқан қазақ ішіндегі бір әңгімеге ұқсап тұрған жоқ па? Яғни, қойдың өлі жүні түспеген терісін суға бастырып кететіні жайлы әпсана мен «алтын жүнді қошқардың» арасында байланыс бар сияқты. Көне заманнан келе жатқан тәсілді қазіргі қазақтар айтып жүрсе, ежелгі гректерге бұл тәсіл «алтын жүнді қошқар» болып жеткен болуы бек мүмкін ғой. Бірақ мифтерді интерпретациялау басқа әңгіме. Біз тек байланыс іздедік.
Демек, бүгінгі кен іздеушілік қызмет немесе алтын шаю сөз басында айтқанымыздай дала халқына таңсық емес. Енді тек жаңа формада жүзеге асуы мүмкін. Бірақ көне дәстүрден біраз қол үзіп қалғанымыз тағы бар. Сондықтан, Қазақстанда «алтын безегі» басталады деуге сену қиын. Бастала қалса, қауіптенетін тұстар да бар. Жаңа кодекстің қабылданғанын естіген, алтын шаю ісінің төңірегінде жүрген азаматтар болса, заңдастырылған кәсіпке білек сыбана кірісуі мүмкін. Тек алтын және бағалы тастарды қазатын өңірлерді табу, сондай тау суларын анықтау қиын бола ма дейміз. Одан бөлек кодекс бойынша кен іздеушілерге лицензия беру жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне берілетіндіктен, лицензия ауданнан немесе облыстан берілсе де, тамыр-таныстық, сыбайластық күшейіп жаңа кәсіп түріне жемқорлық араласып кетуі ғажап емес.
Сонымен қатар дәстүрлі экологиялық мәдениетін жоғалтып алған, жаңасын қалыптастыра қоймаған жұрт алтын қазуға келгенде туған жер топырағының қасиеті мен киесін ұмытып кету қаупі бар. Оған мысал ретінде айтуға болатын деректер жаһанда жетіп артылады. Discovery көрсетіп жүрген деректі фильмдерде ғана кен іздеушілер айналаны көп бүлдірмейді әрі олар – экологияға қатысты нормативтер тым қатал болып келетін Батыс елдерінің өкілдері. Біздің жақта, яғни Еуразия елдерінде жағдай басқаша. Мәселен, Ресейдің Калининград облысында кәріптас (янтарь) қазушылар талай алқапты тас талқан еткен. Красноярск, Иркутск, Магадан өңірлерінде, Саха елінде «қара старательдер» жүздеген гектар жердің орманын отап тастаған. Олар шахталарға түспейді, бірақ өздері тайгадағы өзен-сулардан алтын шаяды. Моңғолияда да алтын қазушылар жерді үңгіп, шұрқ тесік еткен. Қырғызстанда Нарын, Чаткал өзендерінің бойында алтын шаятындар бар. Олар да экологиялық талаптарды сақтап жүрген жоқ. Қыстың қақаған аязында таудың асау өзеніне түсіп, денсаулықтарын да құртып жатыр. Бәріне ортақ бір ерекшелік – алтын іздеушілер қоршаған ортаның жағдайына басқатыра қоймайды. Бұлар сол елдердегі мысалдар. Бізде дәл таудан алтын шаятындар сирек. Тек ірі кен орындарының төңірегінде ғана «қара кеншілер» жүреді. Елде 330 алтын кені бар екенін ескерсек, сол төңіректі торуылдайтындардың да азая қоймасы анық. Алтын шаю заңдастырыла қалса, олардың қылмыстық жолдан бас тартатынына да кепілдік жоқ. Өйткені ресми түрде алтынның әр грамын мемлекетке сатқанда, алтынды шайған адамның таза пайдасы тым аз болады. Нарықта алтынның бір грамы 14 мың теңгеден асады. Ұлттық банкте сол бағаны ұсынады. Бірақ рудадан шайылған таза алтынды мемлекет 14 мыңға ала қоймауы да мүмкін. Қандай бағаға алса да оның біраз бөлігі салыққа, тағы бір бөлігі алтын шаю жұмысының шығындарына кетеді. Демек, пайда көңілдегідей болмай қалу қаупі бар. Заңсыз жолмен алынған алтынды жоғарғы бағаға сатып жіберу мүмкіндігі де, қатері де мол. Міне, осы тұрғыда қарастырар болсақ, кен іздеушілік қызметті енгізген жағдайда оны жан-жақты қолдау әрі бақылау қажет. Демек, Golden Rush-тың отандық нұсқасының қалыптасуы үшін мемлекеттік органдар мен халықтың тізе қоса еңбек еткені керек. Қоршаған ортаны қорғай жүріп, туған жердің қазынасынан пайдалансақ қана ұтамыз. Олай болмайынша кен іздеушілік қызметтің пайдасынан гөрі зардабы басым болып кету қаупі бар.
Мемлекет бұл қадамға неге барды?
Жалпы, табиғатта бағалы металдардың, алтын мен асыл тастардың шашыранды кен орындары болады. Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаевтың айтуына қарағанда, тау жыныстары құрамындағы кен орындары миллиондаған жылдар бойғы желдің, күннің, судың әсерінен ыдырап, әдетте ағыны қатты өзен суымен төменге ағып кететін болса керек. Сөйтіп, өзен бойындағы кейбір жерлерге жиналып қалады. Осылайша, шағын кен көздері пайда болады. Енді сол кен орындарына жиналған бағалы металдар мен асыл тастарды жинауды мемлекет жеке адамдардың қолына тапсырмақ. Біз сөз еткен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілген «кен іздеушілік» деп аталатын тарау бағалы металдар мен тастардың шағын кен орындарын игеру мақсатын көздейді. Өйткені мұндай кен орындарына ірі компанияларды тартуға болмайды. Олар да 50-100 келі ғана болатын қоры бар кеніштерге келе қоймайды. Алтын мен бағалы тастарды алуға кеткен шығын ақталғанша әлгі кеніштегі қор таусылып қалуы мүмкін. Демек, бұл істе жеке азаматтардың күші қажет. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекстің талаптары бойынша кен іздеуші болуға лицензияны жергілікті атқарушы органдар береді. Оның да түрлі талаптары бар. Кен іздеуші болғысы келген адам тиісті органға өзі бағалы металл немесе асыл тас қазғысы келетін жердің аумағын көрсетіп, қолындағы техникаларын таныстыруы қажет. Заң бойынша старатель алтын шаю жұмыстарына көлемі 1 текше метрдің жартысынан көп болмайтын күрегі бар экскаваторлар мен бульдозерлерді, жүк көтеру салмағы 10 тоннадан аспайтын көліктерді ғана пайдалана алады. Күрделі құрылыстар салуға, химиялық реагенттер мен жарылғыш заттар пайдалануға рұқсат жоқ. Жерді белгіленген мөлшерден төмен қарай қазғанда 3 метр тереңдіктен асырмауыңыз керек. Қысқасы, алтын шаюшыларға түрлі талаптар қойылған. Сол талаптар үдесінен шықсаңыз ғана сізге алтын қазуға рұқсат етеді. Кодексте лицензияны қайтарып алу, кен іздеушілік қызмет жасауға рұқсат етілмейтін аймақтар және тағы басқа шектеулер мен бақылау мүмкіндіктері қарастырылған. Жаңа нормативтік құжат бойынша, бір жылда кен іздеушілерге 50 келі алтын шаюға рұқсат етіліпті. Бірақ мұның мүмкін емес екендігі ешкімге жасырын емес. Ақбатыр Надырбаевтың айтуына қарағанда, кен іздеушілік жұмысқа қатысты біліктілік талаптары да бар екен. Геолог болмаса да, геодезист, гидрология инженері, тау-кен инженері дегендей геологияға сәл де болса жақындығы бар мамандық иелеріне артықшылық берілетін көрінеді. Ондай мамандар болмаса алтын мен бағалы тастар кеніштерін кез келген адам таба қоюы екіталай. Дегенмен Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы кен іздеушілерден үміт күтетінін жасырмады. Өйткені олар халықтың ішінен шығады. Қазақтың көнеден келе жатқан кен қазу ісінен хабардар, жер жағдайын біледі. Болмағанда үлкендерден естігендері бар. Аудиториядан шықпаған теоретик емес. Жер бетінің өсімдік жамылғысына қарап та біраз дүниені білуі мүмкін. Үстірттің құдықшылары өсіп тұрған шөпке қарап сол өңірде су бар ма, жоқ па дегенді біліп отырыпты. Сол сияқты кен іздеушілердің де өзіндік тәсілдер қолдануы бек мүмкін. Өйткені бұқара көнеден келе жатқан кен көздерінің қайда екенін біледі. Демек, кен іздеушілер мемлекет қазынасын алтын мен бағалы тастарға толтырады деген үміт бар. Бұл кәсіппен айналысатындар өздерінің отбасыларын да асырап, шағын кәсіпкерліктің жаңа түрін дамыта береріне сенгіміз келеді. Қалай боларын алдағы уақыт көрсетер.
Түйін
Мына бір деректі қараңыз, көрші отырған, бірақ қазба байлығы көп болғанымен, қазынасы орта Моңғолия мемлекетінде кен іздеушілер мен қарапайым халық елдің ұлттық банкіне 2016 жылы 16 тоннаға жуық алтын өткізіпті. Рас, бұл көлемнің ішінде кеніштерден алынған саф алтын да, өңделген сырға-жүзік сияқты дүниелер де болуы ғажап емес. Бірақ ең маңыздысы алтын сатқандар өз жағдайын жақсартып қана қоймай, елдің алтын резервін арттыруға септігін тигізгені сөзсіз. Сондай күнге біз де жетерміз деген үміт бар. Мемлекет жердің сырын білетін жұрттың алтын сүзумен айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Енді алтын шаю заңды болмақ. Тағы бір қызық деректі айта кетейік. Сөз басында біз бұрынғы қазақтың тау суына қойдың терісін тастап, таспен бастырып кететінін айттық. Қой жүні алтынды сүзіп қалатын болса керек. Заманауи кен іздеушілер өздерінің алтын шаятын құрылғыларына «канада кілемі» дейтін материал орнатады. Түкті кілем сияқты дүние ол. Олар сумен шайылған құмның ішінен алтын түйіршіктерін ұстап қалатын көрінеді. Осыдан-ақ үлкендерден естіген әңгімелердің әпсана емес екеніне көзің жетеді.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ