Сапалы білім – ұлттық тәрбие
Елбасы «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал, жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» – деді. Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастырып, дамыту және оған терең білім беру мақсатында көптеген білім беру технологиялары ұсынылуда. Халықтық педагогика жаңалық та, ғылым да емес, ежелден халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан тәлім-тәрбие мектебі. Оны педагогика ғылымы өзіне негіз етіп отыр. Осындай оқу тәрбие процесі бойынша бағытты ұстаған Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі білімнің шыңынан көрінуде.
Керемет сәулетімен ерекшеленетін мектеп ғимараты әсемдігімен қоса, көлемімен де таңқалдырады. Әсем ғимарат қала көркіне көрік қосып, сыртқы бейнесі күн шапағынан сәуле шашып тұрғандай көрінеді. Сәулет өнерінің бұл туындысы білім мен даналыққа, жаңашылдыққа ұмтылысты білдірсе керек.
Химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылы ашылды. Бұл мектеп, республика бойынша Зияткерлік мектептердің қатарында он бесінші болып өз жұмысын бастаған. Биылғы оқу жылында мектепте 7-12 сыныптарда барлығы 680 бала білім алуда. Бүгінгі таңда, 100-ден астам педагогикалық және оларға теңестірілген қызметкерлер жұмыс істейді және 10 шетелдік маман жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытады. Небәрі бес жылда Назарбаев Зияткерлік мектебі үлкен жетістіктерге жетіп, іргесі берік білім ордасына айналды. Аз уақыттың ішінде еңбектің, ынтымақтың, бірліктің ұлы куәсіндей талай табыстарға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, халықаралық және республикалық пәндік олимпиададан 70-тен аса жүлдегерлерге ие болды. Сондай-ақ, роботты техника байқауларынан 21 оқушы жеңімпаз атанған. 2017 жылы халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясынан сәтті өтіп, жоғары білім сапасын растады.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің оқытушы профессорларымен бірлесіп оқушылардың дайындаған зерттеу жұмыстарын елге таныстырып, кейбірі инновациялық патенттерге ие болды. Жарқын болашақтың кірпіштері болар жас ұрпақтың бойына білім мен ғылымның дәнін сеуіп түрлі байқауларда оқушылар беделі артып, озық атанып келеді. Зияткерлік мектебінің оқушылары Аскар Жұмаділдаев атындағы сыйлықтың, Қызылорда облысының «Үздік жас зерттеуші» номинациясының иегері атанып, шәкірттер бизнес-идеялары мен инновациялық өнертабыстары бойынша облыс жастары арасында өткізілетін «Атамекен-стартап» және «HackDay» секілді байқауларда топ жарып жүр. Осындай көрсеткішке жеткені мектепті басқарып отырған Бахыт Әмірханұлы бастаған мектеп ұжымының еңбегі.
«Мұғалім – бәрінен де қымбат, өйткені, ол мектептің жүрегі» демекші, осы жылдар ішінде мектептің бірнеше ұлағатты ұстаздары еңбек жолдарын ұштады. Жаңалықтың жаршысы бола білді. Өздерінің білімдері мен біліктіліктерімен ерекшеленіп, еліміздің «Жаңашыл», ең үздік «Жыл мұғалімі» қатарынан көрінді.
Бүгінде мектептен түлеп ұшқан 382 түлектің 35-і Назарбаев университетінің студенті, тағы 29 шәкірті әлемдегі 8 мемлекеттің білім гранттарын иеленіп, беделді оқу орындарында жоғары білім алуда. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында 10-12 сыныптар арасында ағылшынмен қатар корей, қытай тілдері оқытылып келеді.
Ұлыбританияның ұлттық орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім бағдарламасы General Certificate of Education A-Level деңгейіне сәйкестігін растаған. Яғни, осы мектепті бітірген түлектер қазақстанның 10 беделді жоғары оқу орындарына 2-курстан қабылданса, ал Германия, Оңтүстік Корея елдеріндегі университеттерге және CityU Гонконг университетіне дайындық курсына қатыспай оқуға қабылдануға мүмкіндік алады.
Қызылорда облысының әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектебі» арасында екі жақты меморандумға қол қойылып, өзіндік әдістемелік қоры жинақталған. Осы мектептегі тәрбие жұмыстарының бағыттары мен іс-тәжирибесі аймақтағы жалпы білім беретін 290 мектеппен байланыс ұстап, тәжірбиелерімен бөлісуде.
Бұл мектептің жалпы білім беретін мектептерден ерекшелігі мұнда жаратылыстану-математикалық ғылымдар тереңдетіліп оқытылады. Теориялық білімдер практикамен бірге жүреді. Мұның барлығы білім алушының қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ағылшын тілі 7 сыныптан бастап, барлық пәндерде қолданылып, тереңдетіліп оқытылады. Кез-келген 6 сынып оқушысы үлгерімі орташа болса, Зияткерлік мектептің дайындаған конкурсынан өте алса, осы мектепте білімін жалғастырады.
Сапалы біліммен қатар оқушылардың шығармашылық дамуына да мектепте барлық жағдай жасалған. Бүгінде оқушылар үшін: телестудия, фотостудия, спорттық секциялар, киіз басу, киім дизайны, сублимация, топиарий, ағаш ою, вокал, халық аспаптар оркестрі және т.б. 40-тан астам қосымша білім беру үйірмелері жұмыс істейді. Ұлттық педагогиканы насихаттауға қай пәннің болса да ыңғайы мен мүмкіншілігі мол. Соның ішінде, оқушыны еңбекке баулып, қолөнерге үйрету ұстаздың негізгі міндеті. Сондықтан, бұл мектеп сапалы білім беріп қана қоймай, ұлттық өнердің насихаттаушысына да айналып отыр.
Жұлдызай Қауғанбаева.