Мұсылман саны бірге артты
ХХ ғасырда ұлы дала ұлтының басында аз ауыртпашылық болған жоқ. озбырлық көрсетіп, адамзатқа аяусыз, өктем саясатын жүргізген Кеңес өкіметінің негізгі мақсаты иманнан жұрдай қоғам қалыптастыру еді. Бірақ, бабадан қалған атманатқа адал, қанмен жеткен серт пен ант, уәдеге қиянат жасамайтын халқымыз ата дінімізді атеизммен алмастырғысы келгендерге жетпіс жыл бойына қарсы тұрып, асыл дінімізді аман сақтап қалды. Бұл тілмен айтқанға оңай болғанымен іс жүзінде шыдамдылық пен сабырлықты өте қажет ететін дүние екені сөзсіз. Өздеріңіз білетіндей Мұса пайғамбар қауымын қырық күн қараусыз қалдырған кезінде бұзаудан пұт жасап, пайғамбар жолынан тайқып, Құдайдан өзгеге сыйынып кетпеппе еді. Ал, оның қасында үш ұрпақ алмасатын уақыт дін дұшпандарымен алысып, дәстүрлі дінін сақтап қалған бабаларымыздың ісі нағыз ерліктің белгісі деп білеміз.
Желтоқсан айының қазақ елі үшін орны ерекше. Бұл ай бізге еркіндік пен егемендікті сыйлады. Қазақ көгінде тәуелсіздіктің көк туын желбіреді. Еліміздің тұңғыш Президенті күні де желтоқсанның бірінші жұлдызы болып бекіді. Иә, халқымыз үшін берері көп айда өңірімізге қарасты Ақмая ауылдық округінде ерекше қуанышты сәт орын алып, ауылдағы мұсылман саны тағы бір адаммен толықты. Бұл жолы ауыл азаматы, кәріс ұлтының өкілі Цзю Виктор бауырымыз тілін кәлимаға келтіріп, елге өзінің мұсылман болғанын жария етті. Онымен қоса ныспысын мұсылмаша өзгерткен бауырымызға азан шақырылып Абдулла деген есім берілді. Абдулладан иманға келу себебін сұрағанымызда дертке ұшырап, кейін науқасына Ислам дінінен шипа тапқанын айтты. Ауыл имамы Ғани қажы Мақұлбековтың айтуынша Абдулла әзір жұма күнгі жамағат намазынан қалмайды екен. Алдағы уақытта күнделікті бес уақыт намазға жығылып, Исламның шарттарын мүмкіндігінше орындауға ниеті бар екендігін жеткізді. Дін ғұламаларының айтуынша ата-бабасы ұстанған дінінен ажырап, Ислам дінін қабылдаған мұсылманның сауабы, мұсылман әулетінде өмірге келіп, туғаннан тура жолды таныған жанның саубынан артық болады деседі. Абдулла да лайым Жаратқанның шексіз сауабына кенеле берсін демекпіз.
«Өскен өңір» ақпарат.