Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер құрмет төрінде

Ардагерлер құрмет төрінде


«Қарты бар елдің, қазынасы бар» дейді халық даналығы. Кеудесі алтын сандық қарттарымыз қашанда құрметке лайық. Ардагерлерін ардақтаған ел айбынды болмақ. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы елге еңбегі сіңген бір топ ардагерлерді қабылдап, құрмет көрсетті.
– Әрбір жылдың өзіндік несібесі, молшылығы болады. Тарих қойнауына кетіп бара жатқан биылғы жылда ауданымыздың еңбеккерлері абыройлы жұмыс жасады. Облыс бойынша «Үздік аудан» атанып, өңірімізде берекелі тірліктер көбейді. Жаңа 2019 жыл құт-береке әкелсін, – деді Ә.Оразбекұлы.
Осы бір айтулы кезеңде ауданымызда өркен жайған өрелі істер орын алғаны рас. Биыл республика бойынша 28 ауқымды кәсіпорын пайдалануға берілсе, соның бірегейі «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылған өндіріс орнының аумағында алдағы уақытта көптеген жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бұған қоса, Баласауысқандықтағы «Балауса» ванадий өндірісі рес­публика бойынша қажеттіліктің төрттен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Биылғы ит жылының еншісіндегі айтулы жаңалықтардың бірі – ауылшаруашылығы саласына цифрландырудың енуі. Бүгінде «Ақмая» шаруа қожалығында ақылды ферма іске қосылып үлгерді. Соның арқасында аз ғана уақыттың ішінде шығынның 30 пайызын үнемдеуге қол жеткіздік. Келер жылдан бастап өзге шаруашылықтарда цифрландыру жұмыстары қарқынды жүретін болады. Аудан бойынша бес жыл бұрын 3 мың 500 автокөлік тіркелген болса, бүгінгі күні оның саны 14 мыңға жеткен. Аудан әкімі кептелістердің алдын алу үшін көпір салу мәселесі басты назарда екендігін де атап айтты. Жиын барысында бұдан өзге салалардағы атқарылған ілкімді істер мен алдағы жоспарлар жайлы сөз болды.
Қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов­ кент пен ауылдарда қай салада болмасын жұмыс қарқынды жүріп жатқандығын тілге тиек етіп, аудан басшысына ардагерлер атынан алғыс айтты. Сонымен қатар, аудандағы әйелдер кеңесі атынан Айжамал Әбдіхамитқызы аудан басшысын жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Басқосу барысында Ә.Оразбекұлы ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікқара Әбжаппарұлы мен кент ардагерлері ұйымының төрағасы Әбдішүкір Батырбаевты «Үздік төраға» және Ақмая ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Раушан Нұрымбетқожаеваны «Үздік төрайым» номинацияларымен марапаттап, бағалы сыйлықтар ұсынды. Одан бөлек барлық қатысушы ардагерлерге жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді.

Гүлхан ЯХИЯЕВА.
30 желтоқсан 2018 ж. 1 288 0