Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігер берген жастар форумы

Жігер берген жастар форумы


Кез келген мемлекеттің болашағы – бәсекеге қабілетті білім иелері, яғни, жастар. ІТ-технологияның құдіретін игеріп, дамыған 30 елмен терезе теңестіру мемлекеттің алға қойған межесі болса, оны жүзеге асыратын да – жастар. Өткен аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінде жалын мен жігерді, ізденіс пен талпыныс­ты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек етіп жүрген шиелілік жастардың басын қосқан «Жастар – мәңгілік ел мұраты» атты дәстүрлі форум өтті.
Әбділданың әлдиі естіліп, Нартайдың сырлы сазына бөленген, Ыбырайдың тері сіңген, Мұстафа Шоқай ат жалын тартып, азамат атанған, Шахмарданның абыройы асқақтаған қасиетті Шиелі өңірі – елдіктің, кемеңгерліктің мекені. Кез келген елдің өрістеп дамуы, ондағы азаматтардың елге, Отанға деген шынайы сезіміне, еңбекқорлық қасиетіне тікелей байланысты. Аудандық жастар форумының алғы сөзін осылай бастаған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы «Ел тәуелсіздігінің одан әрі қарыштап дамуының бірден-бір кепілі – жастар саясатын тиімді жүзеге асыру. Қазіргі таңда аудандағы жалпы жастар саны – 20082 болса, бұл аудан халқының 25 пайызын құрайды. Бұл – үлкен күш. Биылғы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастарға арналған 3 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, қаржы көлемі екі есеге ұлғайды. 2018 жылы 5 млн. 725 мың теңгеге 3 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Үстіміздегі жылы мемлекеттік жастар сая­­сатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 16 млн. 128 мың теңге бөлінді. Соның ішінде, аудандық жастар ресурстық орталығының қызметін ұйымдастыруға 10 млн. 403 мың теңге қарастырылған» – деді. Иә, қоғамның қозғаушы күші саналатын жастар үшін бар мүмкіндіктер қарастырылуда. Атап айтар болсақ, аудан әкімдігі жанында жастар істері жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. Ағымдағы жылы халықаралық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жастар корпусын дамыту «Zhas Project» жобасы қолға алынып, барлығы 400-ден астам жастар қызығушылық танытқан. Нәтижесінде, 80 жоба ұсынылып, үздік деп танылған 30-ы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жыл басынан ауылдық елді-мекендерге жұмысқа орналасып, қоныс аударуға келген 80 жас маманға жалпы қаржы көлемі 603,3 млн. теңгеге тұрғын үй алу үшін бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оған қоса, «Жасыл ел» жасағы биылғы жылы 94 студент пен жұмыссыз жас­тарды маусымдық жұмысқа тартты. «Серпін-2050» жобасы бойынша 360 жас колледждер мен университеттерде білім алуда. Жас буынның болашағына бағыт беріп, үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен сырбойылық жастарға Мәскеуде білім алу бақыты да бұйырды. Баршамызға мәлім, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы Үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Мұны облыстағы айрықша бастамалардың бірі десек, сол жақта білім алып жатқан жастардың 5-і шиелілік түлектер деп ауыз толтыра айта аламыз.
Жылдағы дәстүрге сай аудан жастарының толағай табыстары мен жетістіктерін, белсенділігін ескерген аудан басшысы облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтың Алғыс хатымен аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Достар әлемі» еріктілер жасағының белсенді мүшесі Р.Әбубәкірді марапаттады. Сонымен қатар, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының белсенді қатысушысы А.Сатқанбаев, жеке кәсіпкер С.Түкбаев, аудандық жас­тар ресурстық орталығының кеңесшісі, спортшы Н.Сапарбаев, атбегі, шабандоз М.Сейілбекұлы, аудандық пошта байланыс торабының жетекші маманы Н.Оспан, аудандық полиция бөлімінің инспекторы Л.Әнефияев, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Қызылорда облыстық телекоммуникация дирекциясының Шиелі аудандық желілік техникалық цехының электромонтері Е.Қаппаров, «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының Шиелі аудандық басқармасының аға менеджері Д.Нұрмағамбет, жеке кәсіпкер М.Сыдық, аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің орманшысы А.Назаровқа аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ал, «Жас батыр ана» номинациясы 7 баланы дүниеге әкелген Н.Асылбековаға, «Жыл қамқоршысы» номинациясы қайырымды жан А.Шүленбаевқа берілді.
Тағы бір айта кетерлік жағымды жаңалық шиелілік жастардың ұсынысымен аудан әкімінің «Шабыт» жастар сыйлығы ұсынылды. Тұңғыш рет тағайындалған марапатқа жас өнерпаз, дәстүрлі әнші, ұлағатты ұстаз, халықаралық, республикалық, облыстық дәрежедегі жыршы-термешілер байқауының жеңімпазы Н.Ахтаев лайық деп танылды. Сондай-ақ, келесі жылы аудан орталығынан зәулім «Жастар сарайы» салынады деп жоспарлануда. Жас­тар сарайының қаланатын іргетасына 2030 жылғы жастар «Болашаққа хат» дайындалған болатын. Шара барысында хат салынған капсуланы аудан әкімі жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі Б.Өтебаевқа салтанатты түрде тапсырды.
Елбасы Н.Назарбаев «XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат – жас ұрпақтың өкілі. Мені сіздердің білімдеріңіз, шетел тілдерін игергендеріңіз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуантады. Араларыңызда ақылы мен білімі қазірдің өзінде Отанымызға пайдасын тигізіп жатқан жастар аз емес» – деп сенім артып, келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Форум барысында Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, жастар мамандарын оқыту ­бойын­­­­ша Республикалық тренерлер пулының тренері Ә.Ибрахим, «Бизнес старт» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі, жерлесіміз Ж.Оразмаханов, белбеу күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы, жас спортшы М.Шералиев жастардың ұсыныс-пікірін жеткізді.


Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
25 желтоқсан 2018 ж. 922 0