Ардагерлер құрмет төрінде
Ауданның 90 жылдығына арналған шаралар легі толастар емес. өткен аптада аудан әкімі Ә.Оразбекұлы әр түрлі салада өңірдің дамуына септігін тигізген еңбеккер ардагерлерді қабылдады.
Жылдар бойы қалыптасқан дәстүрмен «Алтын күз» және Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойы жоғарғы деңгейде аталып өтіп, оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қадірлі қонақтар қатысқан еді. Мерейтойды қорытындылау мақсатында ауданның қалыптасуына, өркендеп өсуіне аянбай еңбек еткен мұғалім, дәрігер, шопан, сауыншы болған еңбек адамдары құрмет төрінен көрініп «Шиелі ауданының 90 жылдық» төсбелгісімен марапатталды.
Шарада аудан басшысы «қарттарымызды құрметтеу, олардың өткен жолдарын өскелең ұрпаққа насихаттап әр уақытта үлгі ретінде көрсету біздің парызымыз» деген лебізін жеткізді.
Еселі еңбек қашан да еленеді, екшеленеді. Лайықты құрмет те көрсетіледі. Құрмет төрінен көрінгендердің көбі соғыстан кейін туылып, қаншама қиындық қөрсе де қарапайымдылығынан айнымай, өмірін ізгілікке арнаған жандар. Осы ретте, Неміс жазушысы Т.Фонтаненің мына сөзі ойға оралады: «Қарапайымдылық – тәуір нәрсе ғана емес, сонымен бірге ең ізгі де дүние» деген екен. Иә, өмірі өнеге, қарапайым еңбегімен еленген ардагерлерімізді қалай құрметтесек те жарасады.
Ж.Қауғанбаева.