Мемлекеттік қызметшіге смартфон қолдануға мүмкіндік беретін бағдарлама қалай жұмыс істейді
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметшіге жұмыс орнында отырып смартфон қолдануға мүмкіндік беретін бағдарлама әзірленгенін айтты. Министрдің айтуынша, бағдарлама ақылы болады, ал оны қолдану не қолданбауды мемлекеттік қызметшінің өзі шешеді.
«Қанша, қалай және кім төлейтіні туралы сұрақ нақты шешілмеді. Қазір балама жоқ, смартфондарға тыйым салынды. Әртүрлі шешімдер әзірленіп жатыр. Мемлекеттік қызметшіге смартфон қолдануға мүмкіндік беретін балама жасауға тырысып жатырмыз. Мұны қолдана ма, жоқ па оны ешкім күштемейді. Балама табу әрдайым жақсы, ал баламаны қалай қолданады, оны мемлекеттік қызметші өзі шешді», - деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникациялар министрі жас журналистерге арналған «Jas Qalam» форумында.Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған бағдарлама ақпарат және коммуникациялар министрлігінде пилоттық режимде жұмыс істейді.
«Бұл өте қарапайым бағдарлама мобилді қосымша секілді смартфонға жүктеледі. Адам кірген кезде телефонын сканерден өткізеді. Сол кезде оның смартфонында камера секілді 1-2 қосымшасы уақытша өшіріледі. Осыдан кейін жұмысқа кіріп телефонын қолдана береді. Шығатын кезде де сканерге басып шығады. Ішке кіргенде өшірілген функциялар қайта іске қосылады. Бағдарламаны пайдаланып отырған қызметкерлер мәз болды. Сол смартфон ашылады, тек камерасы істен шығады. Барлық мессенджер, байланыс нөмірлері, бәрі жұмыс істейді», - деді Абаев.Министр бағдарлама телефонға зиян тигізетін болса жауапкершілік әзірлеушілерге жүктелетінін айтты.
«Төлем туралы талқылап жатырмыз. Бағдарламаның қызмет көрсетуі мен қолдау үшін төлем жасалуы қажет. Барлық мемлекеттік органдарда бағдарлама қойылатын болады. Ал оны қолдану не қолданбауды мемлекеттік қызметшінің өзі шешеді», - деп сөзін түйіндеді ол.
Назерке Абибулла
Baq.kz