Әлемнің он елінің травматологтары Ақтөбеде бас қосты
Ақтөбеде алғаш рет Ресей, Қытай, Германия, Түркия, Австрия, яғни әлемнің он мемлекетінен келген травматологтар мен еліміздің мамандары травматология, ортопедия саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі aktobegazeti.kz сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Азия-Тынық мұхитының травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті, Түркияның Хаджаттепе университетінің профессоры Махмут Дорал, ҚР Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығының директоры, профессор, медицина ғылымының докторы Серік Ақшолақов, «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» РМК-ның директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Батпенов қатысты.
Жиында облыс басшысы ел медицинасының дамуына тоқталып, келген қонақтарға алғысын айтты.
«Елбасымыз тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап қазақстандықтардың денсаулығын қорғау, сақтау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударды. Бұған қабылданып жатқан заңдар, мемлекеттік бағдарламалар, денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлініп жатқан қыруар қаржы дәлел бола алады. Астана мен Алматының, облыс орталықтарының медициналық мекемелері заманауи жабдықтармен жарақталды. Мамандар біліктілігін жетілдіру үшін шетелде тәжірибеден өтті. Облыстың өзінде осы бағытта үлкен шаруа атқарылды. Осы саланы дамыту үшін сырттан мамандар шақырттық, түрлі конференциялар ұйымдастырылды. Бүгінгі өтіп жатқан жиын да медицинаның ең өзекті саласы— травматологияның дамуына серпін береді деген сенімдемін», - деген облыс әкімі көшпелі Еуропалық конгресті алдағы жылдары Ақтөбеде өткізуге ұсыныс жасады.Ал Азия-Тынық мұхитының травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті, Түркияның Хаджаттепе университетінің профессоры Махмут Дорал бұл саланың әлемде өзекті екенін айтып, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Екі күн бойы әріптестеріммен бірлесе отырып травматология саласының күрделі мәселелерін талқылаймыз. Ең бастысы – тәжірибе алмасамыз. Біз тек бүгін ғана емес, жыл бойы келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп тұруға дайынбыз», - деді.Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 2400 адам жол-көлік оқиғасынан алған жарақатынан көз жұмады. Ал 23 мың адам түрлі жарақат алса, 800 адам алған жарақатынан мүгедек болып қалады. Оның ішінде біздің облыстың да көрсеткіші қуантарлық емес. Әсіресе халық жиі шоғырланған қалаларда жол-көлік оқиғасы, құрылыс жұмысы кезінде жарақат алатындар саны күрт көбейген. Соңғы жылдары облыс орталығында тұрғындар санының артуы көрсеткішті өсіріп отыр. Ал жарақат алушылардың саны өскен сайын, медициналық құралдарға деген сұраныстың да артатыны анық. Конференцияда травматологтарға қажетті бекітпе құралы мен гипстің түрлері ұсынылды. Себебі, жаңа құрал-жабдықтар науқастар үшін аса қажет.