18 жас маман
Бейсенбі күні амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық ауруханасының мәжіліс залында Елбасының жас мамандарды қолдау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында «Еңбек жолыңа сәттілік, жас маман» атты жас дәрігерлерді жұмысқа қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараға ұзақ жылдар өмірін осы салаға сарп етіп, адам денінің саулығына жауапты болған ардагер дәрігерлер қатысты.
Елімізде 2009 жылдан бері ауылға жас мамандарды тартуға арналған «Дипломмен ауылға» жобасы жұмыс істейді. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық елді-мекендердегі денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені салаларында мамандарының кадрлық тапшылығын жоюға бағытталғаны белгілі. Қарап отырсаңыз, әлі күнге дейін кез келген аудандар мен ауылдарда жас мамандар жетіспеушілігі байқалады. Аталмыш жоба аясында ағымдағы жылы Шиелі ауданына қарасты ауылдық амбулатория қызметкерлерінің қатары жас дәрігерлермен толықты. Нақтырақ айтар болсақ, салтанатты шарада амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық аурухананың бас дәрігері Жақсылық Әбдусаметовтың қатысуымен 18 жас маманға 1 жыл көлемінде дәрігерлік кеңес беру үшін бекітілген тәлімгерлері еңбек құралдарын табыстады.
Адам жанын ажалдан арашалап, ауру-сырқаудың алдын алу мақсатында аянбай адал еңбек етуді мақсат тұтқан жас мамандар жиылған жұртшылық алдында ант берді. Тек бұл ғана емес, дәрігерлердің ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы мен Конституция күні мерекесін де ескерусіз қалдырмады. Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық аурухана қызметкерлері ішінде әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы мүшелеріне аудандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Ерлан Құлманов қаржылай көмек ұсынды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.