Көгілдір отын көпке қуаныш сыйлады
Қазіргі таңда көгілдір отынсыз жайлы тұрмысты көзге елестетудің өзі қиын. Отын тасып, от жағу сынды әлектен арылған аудан тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Бұл туралы «Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында» өткен кезекті брифингте «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ҚӨФ Шиелі аудандық Газ шаруашылық мекемесінің директоры Серікжан Қашақов пен РЦКУ-Қызылорда мекемесінің менеджері Эльмира Алтынбаева баяндады.
«Кент ішінде газбен жабдықтау жүйесіне қосылған 4420 абонент болса, оның ішінде мекеме, мектептер мен балабақшалар саны – 175-ті құрап отыр» – деді мекеме басшысы. Көгілдір отынға қол жеткізу үшін түрлі жеңілдіктер де қаралған. Атап айтар болсақ, міндетті көлемдегі төлемді пайыссыз 10 айға бөліп төлеу мүмкіндігін ойластырып, тұрғындар үшін бар жағдайды жасап келеді. Таза ауаны ластап, айналаны күл-қоқысқа толтырғанша, газ жүйесін құрғызу арқылы түрлі мәселенің шешімін бір ғана жолмен шешуге болатынын жеткізді Э.Алтынбаева.
Сонымен қатар, әрбір тұрғынның қауіпсіздігін, денінің саулығын ойлаған аталмыш сала мамандары газ беру қауіпсіздігін сақтау мақсатында (қазандық және дабылқаққыш) сынды жабдықтарды да қоса орнатқаны жөн дейді. Себебі, дабылқаққыш газ жайыла бастаған сәтте газ беруді дереу тоқтата қояды. Сонда газ жарылу, иістену сынды келеңсіз, адам өміріне қауіпті жағдайлар орын алмайды. Аз қаржыны үнемдеймін деп, өмірімізді қатерге тікпегеніміз жөн екенін де тілге тиек етті.
Жоғарыда атап өткендей кент ішінде 4420 үй газға қосылып, игілігіне пайдаланып келеді. Алайда, газ ақысын төлемеу, өшірілген газды заңсыз қосу, ұрлау сынды келеңсіздіктер жұмыстың алға жүруіне көп қиындық тудырып отыр. Тұрғындардың кейбірі жауапсыздық танытып абонент ақысын төлеуден жалтарса, енді бірі алаяқтарға жолығып сан соғып жатқаны бар. Сондықтан, газ құбырын жүргізу, жөндеу жұмысы қажет болған жағдайда тікелей «КазТрансГазАймақ» мекемесіне келуін сұрады С.Қаршақов.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.