Бір үміт, бір күдік...
21-маусым күні Шиелі кентіндегі №270 орта мектепте ҰБТ сынағы өтті. Бақ пен бап бәсекеге түсетін ұлттық тестілеуге былтыр 431 талапкер қатысса, үстіміздегі жылы олардың саны 518-ге жетті. Сезімін жасырғанымен қобалжығаны көздерінен көрініп тұрған түлектерге аудан әкімі Әшім Оразбекұлы сәттілік айтып, ақжолтай тілегін білдірді.
Таң бозарып атқаннан Аллаға сенім артып, тілек тілеген талапкерлер мектеп маңына жиыла бастады. Аула алдында жедел жәрдем, құқық қорғау қызметкерлері сақадай-сай тұр. Осынау сынақты ойлап, талай түнді ұйқысыз өткерген талапкерлердің ұядан үлкен өмірге қанат қағатын талабының оң болуын тілеген ата-ананың толқынысы балаға қорқыныш сыйлап тұрғандай. Санаулы минуттардан соң рет-ретімен мектепке қарай беттеген әр талапкерді тексерулер күтіп тұрды. Қатаң тәртіп. Интернет сеттері түгел бұғатталған. Тек ұлы Абай айтпақшы «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, білімің мен ақылың екі жақтап» дегендей, 11 жылдық біліміне сенім арту ғана қалған сыңайлы.
Толқыныс пен қорқыныш
3 сағат 50 минут уақыт берілді. Тайдай тулаған көңілде үміт пен күдіктің арпалысы басталды. Сырғып өте шығардай аз ғана уақыт көрінгенімен минуттар күнге татиды. Тыста тігілген үлкен шатыр астына құрылған қос бірдей жыпылықтаған лэд экран алдында кірпік қақпастан баласының қимылын баққан ата-аналардың қарасы қалың. Шатыр асты мен желдеткіші бар автобустардың ішін және мектеп айналасындағы көлеңкені саялаған халыққа қарасаң оларда өзінше бір сынақ тапсырып жүргендей. Шиелі кентінің тұрғыны Сәбит Әбдиев «Қызым №45 Ақ Орда мектеп гимназиясында білім алды. ҰБТ-ға барын салып дайындалғанын көріп жүргендіктен жоғарғы балға қол жеткізеді деп сенемін. Дегенмен, олар үшін бұл да бір үлкен сынақ. Баласы атқа мінсе, ата-анасы тақым қысар дегендей, қобалжып, алаңдап тұрғанымыз рас» – деді. Иә, бұл осы жерде тұрған бір ғана әкенің сезімі. Дегбірі қашқан ата-ана үшін сағат тілі тоқтап қалғандай күй кешкені айтпаса да мәлім.
Тағатсыздана күткен сәт те таяды. Бірең-сараң адамның қарасы көрінгеннен есікке қарай тұра ұмтылған адамдардың көкейінде бір ғана сауал. Менің баламды көрдің бе? Қай аудиториядан шықтың? Осы көріністерге қарап тұрып әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың «ҰБТ – Ұлы бір күндік төңкеріс» деген сөзі еріксіз ойға оралды. Бірі сергек сенімді көңіл-күймен шықса, енді бірі жанарына жас алып, тосылған сауалдарын айтумен әлек. Қаншама күн уайымға салған ұлттық біріңғай тестілеудің осылай нүктесі қойылып, талапкерлер де бір жүктен арылды. Ендігісі қорытынды ұпай санын білу ғана...
Тобықтай түйін:
Үлкен өмірге жол ашатын ұлттық тестілеу жас талапкерлердің алғашқы баспалдағы болмақ. Алайда, сынақтан сүрінгеннің жолы байланды деген сөз емес. Себебі, тест тағдырыңды шешпейді, тек білімнің сыналар алаңы. Биыл ауданда 892 оқушы мектеп бітірді. Оның 18-і «Алтын белгі» иегері. ҰБТ қорытындысы бойынша өткен жылы орта балл 80,53 пайыз көрсеткішке қол жеткізсе, биылғы меже 81,39 пайызды құрап отыр. Ал, ең жоғарғы 125 балл №127 орта мектептің оқушысына бұйырды. Тест қорытындысына қанағаттанбаған 8 талапкер аппеляцияға өтініш берген. Оның 7-іне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 1 талапкер Республикаға жүгінді. Aйтқaндaй, eліміздe ҰБТ сұрaқтaры бoйыншa тeгін қoңырaу шaлуғa бoлaтын бірыңғaй Call-oртaлық іскe қoсылғанын да еске сала кетейік. Сoндaй-aқ, биыл ҰБТ нәтижeсін үйдeн шықпaй-aқ, Telegram-бoт @edu.gov.kz нeмeсe edu.mail.kz сaйты aрқылы білугe бoлaды. Мұны білім министрлігі рeсми мәлімдeген болатын.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.