АНАЛАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ
Ана… Бұл сөзді естігенде жүрек ерекше жылылыққа бөленеді. Әлемнің ең әсем гүлдері де, ең ұлы тұлғалары да ананың аялы алақанына теңесе алмайды. Ол – өмірдің басы, тіршіліктің тынысы, адамзаттың мәңгілік шамшырағы. Адамзат тарихындағы барлық даңқты есім, барлық ұлы іс – ананың жүрегінен бастау алады.Фариза Оңғарсынова: «Жердегі бар тағамнан, ана сүті нәрлі екен. Бұл жалғанда анамнан, сүйікті жан бар ма екен?» деп жырласа, Қадыр Мырза Әлі: «Бәрі де, Ана, бір өзіңнен басталды» деп ананың ұлы мәртебесін өлеңмен өрнектеген. Расында да, ананың мейірімі – адамдықтың алғашқы сабағы, ананың махаббаты – өмірдің ең асыл қазынасы.
Қазақ «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» дейді. Себебі, ананың шексіз еңбегі мен мейірімін ешбір сыйлықпен, ешбір марапатпен өлшеу мүмкін емес. Оның аялы алақаны сәбиін ғана емес, тұтас қоғамды мейірімге бөлейді. Ұрпақ тәрбиесі – ананың алақаны мен жүрегінде басталады. Ұлы Абайдың даналығы, Шоқанның ғұламалығы, Мұхтардың заңғарлығы – бәрі де ананың ақ сүті мен адал тәрбиесінің жемісі.
Бүгінгі таңда ел де ананы ардақтауды өз парызы деп біледі. Соның айғағы ретінде өткен жұма күні аудан әкімдігі көпбалалы аналарды құрметтеу рәсімін өткізді. Бұл – жай ғана марапаттау емес, ананың қоғамдағы биік орнын тағы бір мәрте айшықтаған мәнді шара болды. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 22 қыркүйектегі №1476 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков 15 көпбалалы ананы қабылдап, олардың ерен еңбегін атап өтті.
Салтанатты жиында 5 анаға «Алтын алқа», 10 анаға «Күміс алқа» төсбелгісі тағылды. Бұл – ананың бала тәрбиесіндегі, демографиялық өсімдегі еңбегіне берілген лайықты баға.
Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы өз сөзінде:
– Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді.Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы, әлемнің ажырамас бөлігі, сұлулықтың асыл тәжі. Ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесінің көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері барлық құрметке лайық. Қашан да үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің өзегі. Сіздер еліміздің демографиясының өсуіне, халық санының көбеюі мен ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келесіздер. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, – деді.
Жиында ел ағасы Тілеубек Бабасов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет жүрекжарды тілектерін айтып, аналардың қоғамдағы рөліне тоқталды.
Олар: «Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы. Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы. Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы» деген халық даналығын мысалға ала отырып, ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ал мәдениет саласының үздігі Құттықыз Шайыхқызы:
– Сіздер тек отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысысыздар. Бүгінгі ұрпақ – сіздердің қолдарыңызда. Олардың елдің намысын қорғайтын, мемлекет мерейін үстем ететін азаматтар болып өсуі – сіздердің еңбектеріңізге байланысты, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Шара соңы аудан өнерпаздарының орындауындағы әсем әндермен жалғасып, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Аналардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық бұл игі істің ел жүрегінде өшпес із қалдырғанының дәлелі болды.
Мейіржан ИБРАГИМОВ








