Алтын құрсақ аналар ардақталды
Ананың алақаны – бесік, ананың жүрегі – тұнған мейірім. Ұрпақ тәрбиесін өмірінің ең асыл мұратына айналдырған алтын құрсақты аналарға көрсетілер құрмет ешқашан өз маңызын жойған емес. Осындай ізгі дәстүр аясында жуырда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков көпбалалы аналарды арнайы қабылдап, мемлекет тарапынан берілетін «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде табыстады.Шиелі өңірінде өмір сүріп жатқан 20 ана аталған жоғары марапатқа ие болды. Олардың ішінде 1 ана «Алтын алқа», ал 19 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – аналарға көрсетілген құрмет қана емес, ел болашағына жасалған үлкен сенімнің көрінісі. Бүгінде аудан бойынша «Алтын алқа» иегерлерінің саны 1023-ке жетсе, «Күміс алқа» иегерлері 1505 ананы құрап отыр.
Салтанатты шара барысында аудан басшысы көпбалалы аналарды шын жүректен құттықтап, олардың бала тәрбиелеу жолындағы ерен еңбегі мен төзімі, сабыры мен даналығы қашанда құрметке лайық екенін атап өтті.
Сонымен қатар аналардың отбасына амандық, өздеріне зор денсаулық, ал тәрбиелеп отырған ұл-қыздарының елге адал қызмет ететін, ұлт мақтанышына айналар азамат болып өсуіне тілектестігін білдірді.
Марапат иелерінің қатарында 7 баланың анасы Шамшат Әлімбетова да бар. Ол өз сөзінде көпбалалы аналарға көрсетіліп отырған қамқорлыққа ризашылығын жеткізді:
– Ана болу – маңдайға жазылған үлкен жауапкершілік. Баланың әрбір жетістігі – ананың еңбегінің жемісі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай құрмет бізге үлкен күш-қуат береді. Көпбалалы аналарға жасалып жатқан қолдау үшін шексіз алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ұрпағымыз саналы болсын, – деді ол.
Кездесу барысында марапат иелері де ақжарма тілектерін білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға алғыстарын айтты. Олар елдің дамуына бағытталған игі бастамаларға сәттілік тілеп, аналық ақ баталарын берді. Ананы ардақтау – ұлтты ұлықтау. Осындай тағылымды шаралар арқылы ананың қоғамдағы орны айқындалып, болашаққа деген сенім нығая түсері сөзсіз.
Айнұр ИБРАШЕВА,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ







