Қауіпсіздікке серпін берген цифрландыру
Соңғы жылдары ішкі істер органдары құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді жүйелі түрде енгізіп келеді.Полицияның басты міндеті — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және **заң мен тәртіпті қамтамасыз ету. Ал бұл міндеттерді тиімді орындау үшін дәстүрлі жұмыс тәсілдерімен қатар заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Бұл ретте полиция қызметін цифрландыру — заман талабы ғана емес, заң мен тәртіпті нығайтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты — қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі тірегі. Бұл қағидат заң талаптарын қатаң сақтаумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуды, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруды көздейді. Осы бағытта Сыр өңірінде цифрландыру жобалары бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Облыс орталығына заманауи үлгідегі 1400 бейнебақылау камерасы, 176 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды. Орнатылған 1400 бейнебақылау камерасының 496-на жасанды интеллект функциясы бар бейнеаналитикалық жүйе қосылды. Бұл жүйелер құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, оларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Қызылорда облысы Полиция департаментінің теңгеріміндегі 750 бейнебақылау камерасы Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне енгізілді.
Белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілерін автоматты түрде анықтайтын 25 «SUNQAR» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылып, жұмыс жасауда.
Республикамызда алғашқылардың бірі болып келіп түсетін ақпараттарды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыру мақсатында барлық аудандық полиция бөлімдері мен Министрліктің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінде Жедел басқару орталықтары құрылды. Жоба аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 616 бейнебақылау камерасы мен 54 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылып, олардың көмегімен 71 қылмыстың ашылуына септігі тиді.
Бұқаралық іс-шараларды бақылау, жол жағдайын мониторингтеу және қолжетімсіз аумақтарды патрульдеуге арналған 12 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) қолданыста.
Ал «Қазақтелеком» АҚ-ның «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы аясында 6 ұшқышсыз ұшу аппараты пилоттық режимде жұмыс атқаруда.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және полиция қызметкерлерінің әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Департаментте бейнеаналитикалық жүйесі бар 607 смартфон базасындағы бейнетіркегіш қолданысқа беріліп, штаттық режимде жұмыс жасауда.
Азаматтардан келіп түскен хабарламаларға дереу ден қою мақсатында «102» арнасын «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне» интеграциялау жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде төтенше жағдайлар мен құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Учаскелік полиция инспекторының жұмысын цифрландыруға, есепте тұрған тұлғалар мен әкімшілік аумақтағы жағдай туралы мәліметтерді электронды түрде жүргізуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық жұмысты ұйымдастыруға арналған «Цифрлы УПИ» ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілуде.
Жалпы, цифрлық технологияларды енгізу — «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың тиімді құралдарының бірі. Себебі заң мен тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық бұзушылық жасалғаннан кейін әрекет етумен шектелмейді. Оның басты бағыты — құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіптің алдын ала анықталуы және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Цифрландырудың негізгі мақсаты — тек техникалық мүмкіндіктерді арттыру емес, ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң мен тәртіп қағидатын нақты іспен жүзеге асыру. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы полицияның жеделдігі мен ашықтығын арттырып, халықтың қауіпсіздікке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік бар», — деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы.
Заң үстемдік еткен, тәртіп орныққан қоғамда ғана қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптасады. Сондықтан цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау — полиция қызметінің маңызды басымдықтарының бірі.
Заманауи полиция — технологияны меңгерген ғана емес, оны азаматтардың қауіпсіздігі, заңдылық, тәртіп және қоғамдық сенім үшін дұрыс пайдалана алатын полиция. «Заң және тәртіп» — қауіпсіз қоғамның берік негізі. Ал цифрландыру — осы мақсатқа жетудің заманауи әрі тиімді тетігі.






