Отбасы тыныштығы – қоғам тұрақтылығы
Отбасы – қоғамның ең басты тірегі, адам өміріндегі ең қасиетті құндылықтардың бірі. Әрбір азамат үшін отбасының тыныштығы мен берекесі аса маңызды. Сол себептен отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық жанжалдардың орын алуына жол бермеу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы бағытта Шиелі ауданында құқықтық тәртіпті нығайтуға және тұрғындар арасында заң талаптарын кеңінен түсіндіруге бағытталған профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.Осыған орай, ОПД-нің 2026 жылғы 10 ақпандағы №1-30-15/835-И санды нұсқауына сәйкес, 2026 жылдың 15-22 ақпан күндері аралығында аудан көлемінде «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шараны Шиелі аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ұйымдастырып, жүзеге асыруда.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу, сондай-ақ құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғаларды анықтап, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізу болып табылады. Сонымен қатар тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде.
Профилактикалық іс-шара барысында аудан аумағында бірқатар кешенді жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторлары мен қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің қызметкерлері бұрын отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын тексеріп, олармен профилактикалық әңгімелер жүргізуде.
Іс-шара аясында аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, оларға «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» және «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының талаптары түсіндірілуде. Тұрғындарға отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңыздылығы айтылып, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу жолдары жөнінде кеңестер берілуде.
Айта кету керек, мұндай профилактикалық іс-шаралар қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта да Шиелі ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Шиелі аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі аудан тұрғындарын заң талаптарын сақтауға, отбасындағы татулық пен өзара құрметті нығайтуға шақырады. Егер азаматтар тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе құқық бұзушылық фактілеріне куә болса немесе осындай жағдайға тап болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауы қажет.
Отбасыдағы тыныштық пен өзара түсіністік – қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі. Сондықтан әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс.
Шиелі АПб-і қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі







