ТҮСІНДЕ ДЕ ШИЕЛІСІН КӨРЕТІН АҚЫН
Атақты жазушы Шерхан Мұртаза туып-өскен өңірі туралы естелігінде: «Парижде болдым, Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым, Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым, олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым, оны да түсімде көрмедім… Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде ылғи Ақсу-Жабағылыны көремін», – деп жазды. Бұл бәлкім заңдылық шығар. Ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы жарты ғасырға жуық (42 жыл) уақыттан бері Алматыда тұрады. Ол да түсінде өзінің Шиелісін көреді. Өзі жиырма жыл қызмет еткен аудандық «Өскен өңір газеті», жұмысы бір толас таппайтын баспахана, қым-қуыт жазу-сызу жұмыстары, бәрі-бәрі көз алдынан көлбеп өтіп жатады... Сәрсенбек ақын сол бір сағынышты көріністерді жырына төмендегіше арқау етеді: «Түсiмде ылғи да мен көрем сенi, Ешбiр күш ажыратпас сенен тегi» Деушi едiм, менi ерiксiз өз төсiңнен Жыраққа алып кеттi өлең селi. Жазғырма ердi деп жыр жетегiне, (Сол жолдан шегiнбеспiн екi елi де). Жүрсем де байтақ елдiң қай жерiнде, Ұмытпан борышымды мекенiме. Кетпедiм қызық қуып, жаным бағып, (Белгiсiз кетерi де бағым жанып)... Жанар тау секiлденген жыр-майданның Келемiн бiр шетiнде дабыл қағып! Жүргем жоқ сая таңдап көлеңкелi, Ажырап кете алмаспын сенен, тегi… Әр басқан қадамыма алаңсың-ау, Шиелі! Түсімде мен көрем сенi!» Қазақтың тағы бір тамаша ойшыл да сыршыл жазушысы Сайын Мұратбеков бір шығармасында: «Адам туған жерінен ешқашан жырақ кетпейді, ол оның жүрегінде өмір бойы бірге жүреді» деп жазған екен. Жазушының парасатты пайымын ақын жыры айғақтап тұрғандай... Әнуар ӘУЕЛБЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын







