Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДЫҢ БІР КЕШІ, ӨТКЕННІҢ БІР ҮНІ...

АУЫЛДЫҢ БІР КЕШІ, ӨТКЕННІҢ БІР ҮНІ...

Ауыл... Бұл сөздің өзінде бір жылылық бар. Бір айтылғанда-ақ көз алдыңа мамыражай кеш, самал тербеген боз жусан, алыстан жеткен таныс әуен елестейді. Күн еңкейіп, көкжиекке қызғылт сәуле төгілген шақта ауыл да біртіндеп кешкі тыныштыққа енеді. Бірақ кей кештердің жөні бөлек. Ондайда ауылдың әдеттегі тыныштығын әсем ән тербеп, көптің көңілін әлдебір қимас кезеңге жетелеп әкетеді. Сол кеште де ауыл үстінде өзгеше бір әуен қалықтады. Әуелі алыстан естілген саз біртіндеп жүрекке жақындай түскендей. Таныс ырғақ, таныс әуен... Бір кездері үлкендердің орындауында естіліп, кейін көңіл түкпірінде сағыныш болып сақталған әндер бұл жолы жаңа буынның үнімен қайта жаңғырды. Сахна шамы жанған сәтте уақыттың өзі бір сәтке аялдап, кеше мен бүгін бір арнада тоғысқандай әсер қалдырды.


Біреу балалық шағын еске алды. Біреу жастық күндеріне ойша оралды. Енді бірі кезінде отбасымен бірге тыңдаған таныс әнді қайта естіп, көңіліне жылы сезім ұялатты. Өйткені кейбір әндер жай ғана ән емес. Оның ішінде уақыт бар, естелік бар, сағыныш бар. Шиеліде өткен «Ауыл Vibe, Retro Night» жобасының кезекті кеші де осындай ерекше көңіл күй сыйлады. Ауыл жастарының шығармашылығын қолдап, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жоба апта сайын жалғасын тауып, ауылдық округтердің өнерлі жастарына өз таланттарын танытуға мүмкіндік беріп келеді. Кештің көркін Жөлек және Бәйтерек ауылдық округтерінің өнерпаз жастары көтерілді. Әр ауыл өзіне тән өнерін ортаға салып, арнайы әзірлеген шығармашылық бағдарламасын көпшілікке ұсынды. Ән мен жыр, би мен сахналық қойылымдар кештің ажарын ашып, туған жердің тарихы мен ұлттық салт-дәстүрді өнер арқылы насихаттауға жол ашты. Кезекті мәдени кешке аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов қатысып, өнерпаз жастарға ізгі тілегін білдірді. Ол мұндай жобалардың жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті. – Ауыл Vibe, Retro Night» жобасының негізгі мақсаты – ауыл жастарының өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауға мүмкіндік жасау. Бүгінгі кеште Жөлек және Бәйтерек ауылдық округтерінің жастары өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді. Әр қойылымнан туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарға деген құрметті аңғаруға болады, – деді Алмат Алдабергенов. Ол мұндай мәдени шаралардың жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырумен қатар, ауылдық округтер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, ауыл жастарының арасында өнерге бейімі бар таланттар өте көп. Сол жастарға қолдау көрсетіп, өз қабілетін көпшілік алдында танытуына мүмкіндік беру – маңызды міндет. Сахнада ретро әндер шырқалған сайын кештің атмосферасы тіпті өзгере түсті. Кешегі әуен бүгінгі жастардың орындауында жаңа сипатқа ие болды. Бір қарағанда, уақыттың екі жағында тұрғандай көрінетін екі буынды сол әндер табыстырды. Өткеннің әуені жаңа дауыспен қайта өмірге келді. Мүмкін, дәл осы сәтте бір көрермен өзінің жастық шағын еске алған шығар. Бәлкім, енді бірі бала күнінде ата-анасымен бірге тыңдаған әнін қайта естіген болар. Ал сахнадағы жастар үшін бұл – өткеннің мәдени мұрасын өз шығармашылығы арқылы жаңғыртуға берілген мүмкіндік. Кештің мәні де осында еді. Аталған шара – жай ғана өнер байқауы емес, ұрпақтар арасын жалғаған, ауыл жастарын бір арнаға тоғыстырған, ұлттық өнерге жаңа тыныс берген мәдени кеш болды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
01 қыркүйек 2026 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (9432)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930