Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН САЗГЕР

САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН САЗГЕР

Кітапханаға кірген бойда-ақ тыныштық пен тәртіпке оранған ерекше бір әлемге енгендей күй кешесің. Ал дәл сол сәтте кітап сөрелері арасынан ән қалықтап шығып, жүрекке жылы бір әуен құйылып жатса – бұл жай ғана күн емес, естен кетпес сәт болмақ. Осындай әсерлі сәттің куәсі болған күндердің бірі – тамыздың жаймашуағында еді. Бұл күні Шиелі аудандық балалар кітапханасында қазақ ән өнерінің дара тұлғасы, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Сағынышқа айналған сазгер» атты сазды-таным сағаты өтті. Шараға Шиелі аудандық «Сыр ұланы» тынығу лагерінің жеткіншектері қатысып, ерекше рухани әсер алды.
Шәмші Қалдаяқов – қазақ әнінің жүрегін тербеткен сазгер. Оның әрбір әні сағынышқа толы. Әр әуені туған жердің топырағындай қасиетті, ананың әлдиіндей жылы, жастық шақтың тәтті елесіндей естіледі. Іс-шара барысында композитордың өмір жолы, оның шығармашылыққа келу себептері, әр әннің шығу тарихы жайлы тың деректер ұсынылып, оқушылар рухани мол мағлұмат алды.
Әндер тек айтылып қана қоймай, жүрекпен орындалды. «Арыс жағасында», «Менің Қазақстаным», «Сыр сұлуы», «Қайдасың» секілді халық жүрегінен орын алған әндер шырқалғанда, залда отырған әр баланың жүзінен таңданыс пен шабытты көруге болады. Бұл әндерге қарап отырып-ақ, сазгердің қаншалықты ұлтжанды, халқына деген махаббаты шексіз жан болғанын түсінуге болады.
Шара барысында балалар тек тыңдаушы ғана емес, белсенді қатысушы болды. Сұрақ-жауап, пікір алмасу, ән айту кезеңдері арқылы олар өз ойларын ашық айтып, Шәмші ағаларына деген ықыласын білдірді. Балалардың таза, шынайы дауыспен шырқалған әндері жүрекке жылы тиді. Бұл сазгер рухымен сырласқан, өнермен ұласқан әдемі сәт болды.
Кеш соңында белсенді қатысқан оқушыларға алғыс айтылып, естелік сыйлықтар тапсырылды. Олардың жүзіндегі қуаныш, жүрегіндегі шынайы әсер – бұл таным сағатының басты жетістігі десек артық емес.
«Сағынышқа айналған сазгер» атты бұл шара жас ұрпаққа ұлттық өнердің қадірін ұғындырды. Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары арқылы балалар сұлулықты сезінді, жүректегі нәзік қылдар қозғалды. Кітапхана қабырғасында қалықтаған әуен мен ізгі сөздер балалардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Мұндай шаралар – ұлттық рухты оятатын, жүрекке жылу сыйлайтын, өнер мен адамгершілікке баулитын тамаша мүмкіндік. Шәмші әнін тыңдай отырып, біз де сағынышпен сыр шертеміз... Өйткені ол – әнге айналған сағыныштың сазгері.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
18 тамыз 2025 ж. 19 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (9329)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (9328)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (9327)

12 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031