Бүгін қазақ вальсінің королі - Шәмші Қалдаяқовтың туған күні
15 маусым - аты аңызға айналған қазақ сазгері, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақтың кең байтақ даласын тербеген Шәмші әндерін білмейтін қазақ бүгінде кемде-кем. Оның 300-ден астам сазды әуендері бірнеше буынды сусындатып келеді.Халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетінде есімі алтын әріппен жазылған сазгер осыдан 88 жыл бұрын (1930-1992) Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Ол Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумында, Ташкенттегі музыка училищесінде және Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алған.
Шәмші 1950 жылдан бастап шығармашылықпен шұғылдана бастады. Оның ырғақты әндері жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Шәмші шығармаларының басты тақырыбы - елге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік болды. Оның әндеріне көбінесе Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындары қалам тербеді.
Қазақтың кең байтақ жерін жырға қосатын сазгердің «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен» әндерін жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Шаттықпен шырқалатын «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Бәрінен де сен сұлу» әндері де халық арасына кеңінен тарады. Әсіресе, 60-70-жылдары Шәмшінің танымалдылығы артты. Халық оны "Қазақ вальсінің королі" деп атады.
Шәмшінің көзін көргендер «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихын отаншылдықпен тығыз байланыстырады. Елуінші жылдары жарық көрген бұл әнді 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұл-қыздар Алматы көшелерінде ұрандай шырқады. 2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.
Шәмшінің биылғы шығармашылық кешінде сазгердің бұрын жарияланбаған «Көктем әні» шығармасы орындалды. Бұл әннің қолжазбасын Шәмші Қалдаяқов көзі тірісінде КСРО-ның халық әртісі Роза Жамановаға берген екен. Жылдар өтіп, мұрағатында жатып қалған әнді Роза апамыз өмірден өтерінде шәкірті, опера әншісі Балапан Жұбаеваға аманаттайды. Қолына түскен туындыны зерттеп, зерделеген әнші бұл әннің еш жерде орындалмағанына және әнде Шәмші Қалдаяқовтың өзіндік мәнері, қолтаңбасы бар екеніне көз жеткізеді. Қайта жаңғырған ән 2018 жылдың сәуірінде сазгердің шығармашылығына арналған кеште алғаш рет орындалды.
Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда жасы 62-ге қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Оның артында 300-ден астам жауһар ән қалды.
Композитордың құрметіне 1992 жылдан бастап, сазгерлер мен әншілерге арналған Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль өткізіліп келеді. Шымкент қаласындағы облыстық филармония мен бір көше, Алматы қаласындағы бір көше және композитор туған Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі - Қалдаяқов есімімен аталады. Сонымен бірге, Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылды.
1991 жылы Шәмші туралы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деректі телефильмі түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.
syrboyi.kz