Ән мен саздың сырлы кеші
Жақында өңірде өнер мен әуен тоғысқан, көрерменге терең рухани әсер сыйлаған тағылымды мәдени шара өтті. Шиелі ауданының өнер мектебі ұйымдастырған бұл кеш — саз бен сырдың, дәстүр мен заманауи өнердің жарасымды үйлесімін айқын танытқан ерекше өнер алаңы болды.Салтанатты бөлімде Шиелі ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Ғалымжан Болатұлы сөз алып, өнерпаздарға сәттілік тілеп, руханияттың қоғам өміріндегі маңызын атап өтті. Оның жүрекжарды лебізі зал толы көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Сахна шымылдығын Қошқарбек Тасбергенов атындағы оркестрдің орындауындағы танымал кинофильмдер әуендері ашты. Әуен толқыны залды бір сәтте кино әлемінің терең иіріміне жетелеп, әр тыңдарманды түрлі сезімге бөлеп, сағыныш пен шабытты қатар оятты.
Кештің көркемдік мазмұнын байытқан «Жас қанат» хор ұжымы өз өнерін жоғары деңгейде көрсетті. Жетекшісі – «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Әнипа Мұсабаева шәкірттерімен бірге сахна төрінде жарқырап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Осы орайда ол өз пікірін білдіріп, былай деді:
–Бүгінгі кештің басты мақсаты – тек өнер көрсету емес, жас ұрпақтың жүрегіне ұлттық өнердің дәнін себу болды. Әр бала сахнаға шыққан сайын олардың бойындағы сенім мен жауапкершілік арта түседі. Музыка – тәрбие құралы, ал хор өнері – бірлік пен үйлесімділіктің айнасы. Біз үшін ең үлкен жетістік – көрерменнің ықыласы мен балалардың өнерге деген сүйіспеншілігі, – деді күлімсіреп.
Сондай-ақ ол хор ұжымының алдағы жоспарларына да тоқталып, жас таланттарды қолдау, репертуарды кеңейту және республикалық деңгейдегі байқауларға қатысу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Концерт барысында Қызылорда облыстық филармониясының «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестрі де сахна төрінде өнер көрсетті. Домбыра мен қобыз үні астасып, ұлттық әуеннің бай болмысын тереңінен танытты. Бұл сәт көрерменді ерекше күйге бөлеп, қазақ музыкасының құдіретін тағы бір мәрте сезіндірді.
Жалпы бұл мәдени басқосу – өнер арқылы адамдарды жақындастырған, рухани әлемді байытқан, жүректерге жылулық сыйлаған тағылымды сәт болды. Әрбір орындау – өмірдің бір әуеніндей әсер қалдырып, көрермен жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








