ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАСАМПАЗ ЕЛ МҰРАТЫ
Жақында Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Сыр маржаны» халықтық мәдени-үгіт бригадасының «Жаңа Қазақстан: Жасампаз ел мұраты» атты есеп беру кеші жоғары деңгейде өтті. Бұл тағылымды кеш – ел дамуының жаңа кезеңін, қоғамдағы еңбек пен жауапкершілік құндылықтарын өнер тілімен дәріптеген мазмұнды рухани шара болды.Бүгінгі таңда Қазақстан жаңа тарихи белеске қадам басып отыр. Мемлекет басымдық берген Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы – әділетті қоғам құруға, ел бірлігін нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған ауқымды бағдар. Бұл жол – жасампаздықтың, жаңғырудың және ең бастысы, ел болашағына адал қызмет етудің жолы. Осы идеялар есеп беру кешінің негізгі өзегіне айналып, көрерменге терең ой салды.
Жаңа Қазақстанның басты мұраты – әр азаматтың еңбегін бағалау, қоғамға адал қызмет еткен жанды құрметтеу. Осы ретте 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – қарапайым еңбектің қадірін арттыруға, ел экономикасы мен тыныс-тіршілігін алға сүйреп жүрген еңбек адамын дәріптеуге арналған маңызды қадам. «Еңбекке адалдық – елге берілгендік» деген ұстаным кеш барысында ерекше мәнге ие болды.
Есеп беру кешін «Сыр маржаны» халықтық мәдени-үгіт бригадасының жетекшісі Исабек Сәрсенбайұлы ашып, ұжымның жыл бойы атқарған жұмысына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде мәдени-үгіт бригадасының басты мақсаты – елдік мүддені, ұлттық құндылықтарды, еңбек пен бірлікті насихаттау екенін атап өтті. Сондай-ақ өнер арқылы қоғамға ой салу, рухани тәрбие беру – ұжым қызметінің негізгі бағыты екенін жеткізді.
Кеш барысында мәдени-үгіт бригадасының жолдауы оқылып, ел дамуына қатысты ой-толғамдар көрермен назарына ұсынылды. Өнерпаздардың әуезді әндері, мазмұнды сахналық көріністері мен патриоттық рухтағы орындаулары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір өнер туындысында Жаңа Қазақстанның бейнесі, еңбек адамының болмысы, елге деген сүйіспеншілік айқын көрініс тапты.
«Сыр маржаны» халықтық мәдени-үгіт бригадасы – өңірдің рухани өміріне серпін беріп келе жатқан шығармашылық ұжым. Олар өз өнері арқылы халықтың санасын жаңғыртып, елдік идеологияны кеңінен насихаттап келеді. Есеп беру кеші ұжымның шығармашылық ізденісін, кәсіби деңгейін және қоғам алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетті.
Қорыта айтқанда, «Жаңа Қазақстан: Жасампаз ел мұраты» атты есеп беру кеші – тек шығармашылық қорытынды ғана емес, ел болашағына деген сенімді, еңбекке деген құрметті және ұлттық рухты нығайтқан маңызды мәдени оқиға болды. Осындай тағылымды шаралар арқылы қоғамда адал еңбек, әділет, ынтымақ сынды асыл құндылықтар терең орнығып, Жаңа Қазақстанның жарқын келешегіне жол ашылары сөзсіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







