СУРЕТТІҢ АЙТАР СЫРЫ БАР
Бүгін Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығы “Адал адам” мәдени-тәрбие орталығының тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында “Креативті HUB” жобасы аясында Шиелі аудандық Оқушылар үйінің қосымша білім беру педагогы, “Мүсін және графика” үйірмесінің жетекшісі Байділдаев Асылбек Сейтжапбарұлының шәкірттерінің туындыларынан өнер сүйер қауымға “Суреттің айтар сыры бар” атты көрме ұсынды.
Көрмені Бұдабай Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығының директоры Шалабаева Зульфия Құрманәліқызы мен Шиелі аудандық Оқушылар үйінің директоры Бауыржан Әбішев ашып, іс-шараның мақсатына тоқталып, болашақтарынан зор үміт күттіретін Махамбетжан Айбын, Бекмат Бақдәулет, Дүйсенбек Әліби, Әйтім Жанерке сынды жас қылқалам шеберлеріне сәттілік тілеп, сый-сияпат жасады.
Шәкірттерінің бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттырып, кәсіптік бағдар бере отырып, шығармашылыққа баулып, олардың жұмысын баршаға насихаттап, танытып жүрген Асылбек Сейтжапбарұлына Алғыс хат табысталды.
Шиелі аудандық Оқушылар үйінің “Мүсін және графика” үйірмесінде 45 оқушы бар десек, бұл үйірмеге қатысатын талантты шәкірттердің бір парасы ғана. Әлі де үйірме мүшелері арасынан талай дарындар шығып, көрме өз жалғасын табары сөзсіз.