Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көркем сөз оқу сайысы өтті

Көркем сөз оқу сайысы өтті



Биыл  қазақтың көрнекті ақын-жазушылары С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Дөнентаевтардың 125  жылдығы мен Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай, прозалық және поэзиялық шығармаларды еске алу мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығында  «Абай» атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және талантты жастарды табу мақсатында өткен шараның ерекшелігі  – қатысушы үміткерлер мәтінді жатқа айтуы тиіс.  Қызықты жыр додасында талапкерлер Б.Майлиннің «Күлпәш», «Шұғаның белгісі», «Кедей» шығармаларын орындады. Сонымен қатар, С.Сейфуллиннің «Жұбату»,  «Сыр сандық», Ф.Оңғарсынованың «Туған жер», «Теңіз аласапыран», І.Жансүгіровтың «Көкшетау», С.Дөнентаевтың «Заман кімдікі»  туындылары  жыр сүйер қауымға ұсынылды.
Нағыз таланттылардың көркем сөз оқу шеберліктерін  анықтайтын додаға Ө.Исмаил, М.Жомартова, Е.Әміровтер төрелік жасады. Байқаудың жеңімпаздары қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы нәтижесінде шешімін тапты. Көркем сөз оқудағы асқан шеберліктерімен көзге түскен Айгүл Иманбекова үшінші орынды, Аруна Икрамхан екінші орынды, Думан Сәбит бірінші орынды иемденді. Ал, Айсана Әшімханға бас жүлде бұйырып, көрермен көзайымына айналды. Жыр доданың жалғасы одан әрі облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Қызылорда қаласында ұйымдастырылып, сайыстың қорытындысы бойынша Айсана Әшімхан тағы да оза шауып, республикаға жолдама алды.

Ф.НЫШАНБЕКҚЫЗЫ.
27 сәуір 2019 ж. 2 328 0