Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек Ері еленген күн

Еңбек Ері еленген күн

Жұма күні Арман мәдениет үйінде Шиелі ауданының құрылғанына – 95 жыл толу мерейтойы аясында Социалистік Еңбек Ері, механизатор ­Жадыра Таспанбетованың 70 жылдығына арналған «Қайсар қанат Сырдың қызы Жадыра» атты байқау өтті. Онда әр аудандағы мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары директорлары бақ сынады.
Байқауды облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен аудандық мәдениет және спорт бөлімі, Досбол ауылдық клубы ұйымдастырды. Аталған байқаудың басты мақсаты – мәдениет саласындағы үздік көшбасшы мамандардың, кәсіпорын директорларының біліктілігін арттыру, оларды іскерлікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға насихаттау. Социалистік Еңбек Ері, механизатор Жадыра Таспанбетованың атын мәңгі қалдырып, еңбегі мен ерлігін жас ұрпаққа дәріптеу.
Сайыс 3 кезеңнен тұрды. 1-кезеңде «Еңбек жолындағы ерлік» тақырыбында ­Жадыра Таспанбетованың ғұмыр жолына арналған сахналық қойылым қойылды. Ал «Қайсар қызы қазақтың» деп аталатын 2-кезеңде қатысушылар ұрпақты отансүйгіштікке, ізденіс пен білімге тәрбиелейтін анамыздың қайсарлығын бейнелейтін арнайы бейнеролик көрсетті. 3-кезеңде талапкерлер белгілі бір тақырыпта жоба дайындап қорғады.
Білікті мамандар бақ сынаған байқауға облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры Жанат Құрамысова, мәдениет саласының ардагері, режиссер, сценарист Тілеген Бекарыстанов, Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын директоры Зульфия Шалабаева қазылық етіп, өз бағаларын берді.
Байқаудың қорытындысы ­бойынша бас жүлдені Шиелі ауданы, Арман мәдениет үйінің қызметкері Нұргүл Шәлекеева иеленді. 1-орынды Жалағаш ауданы, Аққыр ауылының қызметкері Майра Құттыбаева жеңіп алса, 2-орынды Сырдария ауданы, Ақжарма ауылының қызметкері Айтмағамбет Темірхан және Арал ауданы, Бөген ауылының қызметкері Бақытбек Әбсахиев иеленді. Ал 3-орын Шиелі ауданы, Бала би ауылының қызметкері Талғат Күзенбаев, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының қызметкері ­Береке Нұрмағамбетов және Жаңақорған ауданының қызметкері Раушан Шаметоваға бұйырды.
Туған жердің даңқын, ерен еңбектің адамды мақсатына жеткізетін қасиетін қайратты да жігерлі ісімен, өршіл мінезімен паш еткен еңбеккер ананың өнегелі өмір жолы осылайша өрнектеле түсті. Аяғынан айырылса да трактор тізгінін бермеген батыр анаға арналған байқау қорытындыланып, байқауға қатысушылар марапат төрінен табылды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
28 тамыз 2023 ж. 312 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930