Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДЕНІ САУДЫҢ ЖАНЫ САУ

ДЕНІ САУДЫҢ ЖАНЫ САУ

«Дені саудың – жаны сау» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Елдің келешегі жарқын болу үшін денсаулығы мықты ұлт қалыптастырудың маңызы зор. Осыған орай, жақында Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Көкшоқы» спорт кешенінде «Дені саудың – жаны сау» атты эстафеталық сайыс болып өтті. Аталған байқау «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «ART уақыт» жобасы аясында жастардың бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтын ұстануға бейімдеу мақсатында өтті.

Спорт – денсаулық кепілі екенін бәріміз білеміз. Десек те, көпшілігіміз спортпен айналысуды тұрақты түрде дағдыға айналдыра алмай жүргеніміз тағы жасырын емес. Оның түрлі себептері де жетерлік. Бұл тұрғыда, үлкендер жағын айтпағанның өзінде, жастардың алдынан да көптеген кедергілер көлденеңінен шығып жатады. Сондықтан бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандырып отыру қажет. Ал бұл игі шара жастарға мол септігін тигізді. Сонымен сайыс қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Еңбекші ауылынан «Сұңқар 2» командасы жеңіп алса, ІІ орын Алғабастан келген «Сұңқар 1» командасы иеленді. Ал І орынды ақмаялық «Junior» командасы қанжығасына байлады.

«Өскен өңір» ақпарат
15 шілде 2024 ж. 71 0