Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір шаңырақ астында – мың тағылым

Бір шаңырақ астында – мың тағылым

Көктемнің құлпырып, жер-дүние жаңарған шағында Шиелі жұрты ерекше бір рухани кештің куәсі болды. Наурыздың шуағы жүректерге жылылық дарытып тұрған сәтте «Руханият» орталығында «Нау­рызнама» онкүндігі аясында 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай «Шаңырақтағы салт-дәстүр» атты аудандық мәдени фестиваль өтті. Бұл басқосу қазақтың отбасылық құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға бағытталған тағылымды шара ретінде есте қалды. Бір шаңырақ ұғымының терең мәні осы кеште айрықша айқындалып, әр отбасы өз болмысымен ұлттық тәрбиенің үлгісін танытты.
Фестиваль үш кезең бойынша өрбіді. Алғашқы бөлімде қатысушылар заманауи технологияны тиімді пайдаланып, жасанды интеллект арқылы өз отбасын, ауылын және ұлттық болмысын таныстырды. Дәстүр мен цифрлық дәуірдің тоғысқан тұсы көрерменге ерекше әсер қалдырып, өткен мен бүгіннің сабақтастығын айқын сезіндірді.
Екінші кезеңде әке мен ұл, ана мен қыз бірігіп қолөнер бұйымдарын әзірлеп, сахна төрін нағыз шеберханаға айналдырды. Киіз басу, ою ою, түрлі бұйым жасау сәттері қазақ қолөнерінің өміршеңдігін көрсетіп қана қоймай, отбасы ішіндегі үйлесімді байланыс­ты да танытты. Әкенің байсалды қимылы, ананың нәзік талғамы, баланың ынтасы бір арнаға тоғысып, шынайы бірлік көрініс тапты.
Үшінші кезеңде әр отбасы өз өнерін ортаға салып, ән мен күй, ұлттық көріністер арқылы көпшіліктің ықыласына бөленді. Зал ішін бірде шат күлкі, бірде терең толғаныс билеп, әр қойылым жүрекке жол тапты. Шаңырақ ұғымы тек отбасы шеңберімен шектелмей, рухани тұтастықтың символына айналғаны осы сәттерден анық сезілді.
Фестивальге Досбол датқа ауылынан Таспамбетовтер, Ақмая ауылынан Пірімбетовтер, Бидайкөл ауылынан Тоқмырзаевтар, Қарғалы ауылынан Қайнарбековтер және Шиелі кентінен Ғаийповтар әулеті қатысып, әрқайсысы өз шаңырағының берекесін, ынтымағын және ұлттық құндылыққа деген құрметін айқын көрсетті. Әр отбасы тек өнер көрсетумен шектелмей, өмірлік тәжірибесін, отбасылық тәрбиесін де сахна арқылы жеткізе білді.
Таспамбетовтер әулетінің өкілі: «Бүгінгі кеш бізге тек өнер емес, шаңырақтың шынайы қадірін сезіндірді. Балаларыммен бірге сахнада болу – үлкен қуаныш», – десе, Пірімбетовтер әулетінің анасы: «Қызыммен бірге қолөнер жасау арқылы біз бір-бірімізді одан әрі жақын тани түстік. Мұндай сәттер тәрбиенің ең әсерлі мектебі екеніне көзім жетті», – деп жүрекжарды пікірін білдірді. Ал Тоқмырзаевтар отбасының жас өкілі: «Әкеммен бірге еңбек ету маған жауапкершілікті терең түсіндірді», – деп әсерімен ой бөлісті.
Фестиваль соңында барлық қатысушы отбасы марапатталып, олардың еңбегі мен өнеріне лайықты құрмет көрсетілді. Дегенмен, нағыз марапат – сахнадағы шынайылық пен көрерменнің ықыласы, жүректерде қалған рухани жылулық еді. Залдан шыққан жұрттың жүзіндегі ризашылық осы кештің мәнін айқындап тұрды.
Шиелідегі бұл рухани басқосу бір шаңырақ астында қаншама өнеге мен өмірлік тәжірибе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Шаңырақ – тек тұрмыс орны емес, ол – тәрбие мектебі, рухтың тірегі, ұрпақтың алтын арқауы. Осындай тағылымды шаралар көбейген сайын ұлттық сана да беки түсіп, қоғамның рухани өзегі нығая беретіні сөзсіз. Бір шаңырақтың астында расымен де мың тағылым тоғысқаны осы кеште айқын аңғарылды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
23 наурыз 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (9386)

14 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031