ТӘРБИЕНІҢ ТҰНЫҚ БАСТАУЫ – ОТБАСЫ
Шаңырақ шайқалмай, кереге кеңеймей, елдің еңсесі биік болмайды. Ал шаңырақтың берік болуы – ең алдымен отбасының берекесіне байланысты. Ұрпақ тәрбиесі түзелмей, қоғам түзелмейтіні ақиқат. Осындай терең мағыналы ойды өзегіне айналдырған тағылымды шара Еңбекші ауылдық мәдениет үйінде өтті. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған «Сұхбат-time» жобасы бұл жолы көпбалалы, өнегелі Сапарбаевтар отбасын арқау етіп, «Көпбалалы отбасы – қоғам байлығы» атты рухани кездесу кешіне ұласты.Бұл басқосу – жай ғана сұхбат емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртқан, отбасы ұғымының қадір-қасиетін тереңнен танытқан тәрбиелік мәні зор рухани алаң болды. Қазіргі жаһандану дәуірінде отбасылық байланыстар әлсіреп, рухани құндылықтар екінші орынға ығысып бара жатқан тұста, көпбалалы, берекелі жанұяның өмір салтын насихаттау – уақыт талабы. Сапарбаевтар әулеті осы талапқа жауап беретін, бірлігі бекем, тәрбиесі тиянақты, үлгілі отбасы ретінде көпшілікке таныстырылды.
Кездесу барысында отбасы отағасы Мырзахмет Сапарбаев пен отанасы Ұлмекен Сапарбаеваға қойылған сауалдар олардың өмірлік тәжірибесінің, парасатты пайымының тереңдігін аңғартты. Ерлі-зайыптылар бала тәрбиесіндегі басты қағидаларымен бөлісіп, ата-ана мен бала арасындағы сенім мен сыйластықтың маңызын ерекше атап өтті. Олар үшін әрбір бала – тағдырдың сыйы, өмірдің мәні, отбасының бақыты. Көпбалалы болу – қиындық емес, керісінше, береке мен шаттықтың бастауы екенін жүрекпен жеткізді.
Көпбалалы отбасы – мейірім мен махаббаттың мектебі. Мұндай шаңырақта өскен бала жауапкершілікті ерте сезінеді, бауырмалдық пен жанашырлықты бойына сіңіреді. Бұл – қоғамның рухани тірегін қалыптастыратын алтын ұя. Сондықтан да көпбалалы отбасы – елдің демографиялық ғана емес, рухани байлығы, ұлттық болмыстың тұғыры. Халқымыздың «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген дана сөзі осы шындықты айқын бейнелейді. Бала – үйдің көркі, шаңырақтың шырағы, жүректің жұбанышы. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың ертеңі. Осы тұрғыдан алғанда, Сапарбаевтар секілді өнегелі отбасылар – қоғамға үлгі, кейінгі буынға бағыт-бағдар берер рухани бағдаршам.
Кеш соңында көрсетілген құрмет те ерекше әсерлі болды. Ұйымдастырушылар тарапынан отбасы отағасына дәстүрлі шапан жабылып, отанасына ақ жаулық тарту етілді. Бұл – қазақы танымдағы ең жоғары сыйластықтың, отбасы бірлігіне, ата-ана мәртебесіне көрсетілген ықыластың белгісі. Ақ жаулық – аналық мейірім мен тазалықтың, шапан – азамат абыройы мен әке беделінің нышаны. Осы бір тағылымды сәт кештің рухани салмағын арттырып, қатысушылардың жүрегінде ұзақ сақталатын әсер қалдырды.
Осындай мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор шаралар қоғамда отбасы құндылықтарын нығайтып, жас ұрпақтың санасына ұлттық тәрбие дәнін егеді. «Көпбалалы отбасы – қоғам байлығы» атты бұл кездесу кеші де ел ішіндегі береке мен бірлікті дәріптеген, адал өмір салтын насихаттаған жарқын рухани оқиға ретінде өз мақсатына толық жетті.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







