Отбасы – елдің айнасы
20 қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінде ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің ұйымдастыруымен отбасы күніне арналған «Отбасы – бақыт мекені» атты мерекелік шара өтті. Шараға «Мерейлі отбасы – 2019» байқауына қатысқан отбасылар шақырылды. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген ұлағатты сөздің байыбына барсақ, бүкіл бір елдің болашағын бағамдауға болады. Бүгінде отбасылық тәрбиеде кемшін кетіп тұрған тұстарымыз жоқ емес. Осы кемшін тұстарды толықтыру жолында «Мерейлі отбасы» байқауының рөлі зор.
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Отбасындағы тәрбиенің орнын ешнәрсе толтыра алмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз шаңырақтағы тәрбиенің маңыздылығын айқындап тұр. 2013 жылы Қазақстандағы мерекелер тізімі отбасы күнімен толыққан болатын. Содан бері қыркүйектің екінші жексенбісі елімізде отбасы күні деп аталып өтіледі. Ал мереке қарсаңында қоғам назарын отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналған. Отбасы институтын өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыруда жарасымды жұптармен береке-бірлік құрған отбасыларды насихаттауда бұл шараның орны ерекше.
Аталған шарада аудан әкімі Әшім Оразбекұлы аудан халқын мерекемен құттықтап, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық, облыстық, республикалық кезеңіне қатысқан отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады. Еске сала кетейік, «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне 10 отбасы қатысып, 3 отбасы облысқа ұсынылып, «Өнегелі отбасы» номинациясын Әбдіжаппаровтар, І орынды мал шаруашылығымен айналысатын шаруа Байденовтер отбасы иеленген болатын. Ал бас жүлде мен республикалық кезеңге жолдаманы Қиянбековтер отбасы алды. Республикалық кезеңде Сыр елінің намысын қорғаған Қиянбековтер әулетіне 300 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.
Мерейлі отбасы – береке-бірлігі, тәлім-тәрбиесі қалыптасқан қағидасы мен асыл қасиеттер арқылы өзгеге өнеге болар шағын мемлекет. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды ұя. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы үйде қаланған. Жанұяның бақыты әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана – отбасының ұйытқысы, жылуы, алтын қазығы. Осы орайда алты жылдан бері әдемі үрдіске айналған «Мерейлі отбасы» байқауына ауданнан 47 отбасы қатысқан. Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайып, үлгі-өнегесімен ұрпақ тәрбиелеуде ерекше үлес қосып келе жатқан Керделі ауылдық округіндегі Исламхановтар мен Еңбекші ауылдық округіндегі Ишанқұловтар отбасы шараның сыйлы қонағы болып, бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдарға ие болды.
Шежірелі Шиелінің тарихында талай даңқты тұлғалардың есімі алтын әріптермен жазулы тұр. Олардың барлығы да осындай қасиет тұнған киелі шаңырақтан өсіп-өнгені жасырын емес. Сондықтан келешек ұрпаққа дәстүр сабақтастығындай отбасы құндылықтарын насихаттау ауадай қажет дүние.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ