Сахна төрінде тоғысқан таланттар
Сахна шамдары жанған сәтте, зал ішін ерекше тыныштық биледі. Көрермен жүрегінде толқыныс бар. Бірі – сағыныш, бірі – қуаныш, енді бірі – алда болатын өнер мерекесін күткен үміт. Өйткені бұл шара – күлкі арқылы халықтың жүрегіне жол тапқан дара өнер иесіне деген құрметтің белгісі еді.Жақында Алғабас ауылдық мәдениет үйінде өткен «Мейірман мыңның бірі еді» атты облыстық әзіл-сықақ отауларының байқауы қазақ сатирасының көрнекті өкілі Мейірман Нұрекеевтің 80 жылдық мерейтойына арналды. Кеш шымылдығы Алғабас жастарының әсем әнімен ашылып, көрерменді бірден әсерлі көңіл күйге бөледі. Жүргізуші сөз арасында қазақ халқының әзілге бай, астарлы ойға терең халық екенін атап өтті. Сыр өңірінен шыққан сатира саңлақтары – Құдайберген Сұлтанбаев пен Мейірман Нұрекеевтің өнердегі орны ерекше екені, олардың жолын жалғар ізбасарлардың бар екені мақтанышпен айтылды. Аталған өнер додасы – дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты республикалық сайыстың жалғасы. Ұйымдастырушылардың қолдауымен өткен бұл шара өңірдің үздік әзіл-сықақ ұжымдарын бір сахна төріне тоғыстырды.
Сахна төрінде әр өңірден келген талантты ұжымдар өз бақтарын сынап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олардың қатарында Талсуат ауылдық округі, Қызылорда қаласының «Ошаған» әзіл-сықақ отауы, Жаңақорған ауданының «Жаңаша» тобы, Қазалы ауданындағы «Абай әзілкештері», Сырдария ауданынан «Көңілашар» ұжымы, Кеден ауылынан «Күлеміз бе, қайтеміз» және Алғабас ауылының «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы бар.
Өнер ұжымдары қоғамдағы түрлі құбылысты әзілмен астарлап жеткізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әр қойылым шынайы күлкіге, мазмұнды ойға толы болды. Зал іші ду күлкі мен ұзаққа созылған қол шапалаққа толып отырды.
Байқауға қазылық еткен мамандар да өз саласының майталмандары болды. Атап айтқанда, Қарғалы ауылдық мәдениет үйі басшысы, актриса Айымхан Ізтілеуова, Н.Бекежанов атындағы драма театрының әртісі, мәдениет саласының үздігі Серік Төлепов және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнәр Дүйсебаева қатысушылардың өнеріне әділ бағасын берді.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Алғабас ауылының «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауына бұйырды. І орынды Жаңақорған ауданы Кеден ауылының «Күлеміз бе, қайтеміз» тобы иеленсе, ІІ орын «Жаңаша» ұжымына табысталды. Ал ІІІ орын Қызылорда қаласының «Ошаған» әзіл-сықақ отауына берілді. Қалған қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Кеш соңында барлық қатысушылар сахна төріне шақырылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осындай тағылымды шаралар ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, сатира жанрының өміршеңдігін айқындай түсетіні сөзсіз. Өнер – сабақтастық. Ал сол сабақтастықтың алтын арқауы осындай кештерде жалғасын табады.
А.МАХСҰТҚЫЗЫ







