Күлкі – рухтың серпілісі
Сатира мен әзіл – өмірдің көлеңкелі тұстарын әжуалап, шындықты шымыр жеткізетін ерекше өнер. Осындай тағылымды дәстүрді жалғастырып, ұлттық сатираны жаңғырту мақсатында аудан төрінде ауқымды мәдени шара өтті.Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығында 1 сәуір – халықаралық күлкі күніне орай сатира саңлағы Мейірман Нүрекеевтің 80 жылдығына арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты республикалық әзіл-сықақ отауларының байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Тағылымы мол шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде сатира өнерінің қоғамдағы орнына тоқталып, күлкі арқылы кемшілікті түзеп, ізгілікке бастайтын рухани құндылықтардың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар марқұмның замандасы, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетов сөз алып, Мейірман Нүрекеевтің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Ол сатира саңлағының елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, оның өнегелі ғұмыры кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болатынын айтты.
Байқауға еліміздің әр өңірінен келген өнер ұжымдары қатысып, сахна төрінде өз шеберліктерін паш етті. Атап айтқанда, Шымкент қаласынан «Әзіл-сықақ және сатира» театры, Түркістан облысы Келес ауданынан «Күлкі терапиясы» театры, Алматы облысынан «Күлкістан» театры, Шиелі ауданынан «Қытық» халықтық отауы, Арал ауданынан «Тамаша» отауы, Жалағаш ауданынан «Әзілизация» отауы және Жаңақорған ауданынан «Күлеміз бе, қайтеміз!» әзіл-сықақ отауы көрерменге күлкі мен тағылымға толы мазмұнды қойылымдар ұсынды.
Әр ұжым өзіне тән ерекшелігімен дараланып, қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл-сықақ арқылы шебер жеткізе білді. Көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ой салатын қойылымдар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Алматы облысынан келген «Күлкістан» театрына бұйырды. І орын Жаңақорған ауданы «Күлеміз бе, қайтеміз!» әзіл-сықақ отауына табысталса, ІІ орынды Шиелі ауданының «Қытық» халықтық отауы иеленді. ІІІ орын Арал ауданынан «Тамаша» отауына берілді. Сонымен қатар, Шымкент қаласының «Әзіл-сықақ және сатира» театры Мейірман Нүрекеев атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.
Байқауда әділқазылар алқасының төрағасы ретінде ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Тұран» сыйлығының иегері Нұрмахан Елтай және қазылар құрамында ҚР Мәдениет қайраткері Тілеген Бекарыстанов пен актер, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бақытбек Темірбек болды.
Бұл байқау ұлттық сатира өнерінің сабақтастығын сақтап, жас таланттарға жол ашатын маңызды мәдени алаңға айналды. Күлкі арқылы қоғамға ой салған мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Г.ЯХИЯ








