БІР СӨЗДІҢ ҒҰМЫРЫ...
Күздің қара суығы әлі түспегенімен, кешкі ауада қоңыр салқынның лебі сезіле бастаған. Ауыл үстін бозғылт тұман басып, алыстағы теректердің қара сұлбасы ғана көрінеді. Күн әлдеқашан ұясына кіріп, көкжиекте қалған қызғылт сәуле де біртіндеп сөніп барады. Ескі үйдің терезесінен әлсіз жарық төгіліп тұр. Үй іші жылы болғанымен, төрдегі үлкен сағаттың тықылы тым анық естілетін. Оның әрбір соққысы уақыттың ғана емес, өткен күндердің де үніндей еді.Зере әже пеш түбіндегі орындығына жайғасып, жүн түтіп отырған. Қолы қимылдағанымен, ойы сонау жылдардың қойнауында. Қартайған адамның ойы қызық. Кейде бүгінгі күннен гөрі кешегі күн жақынырақ сезіледі. Бір кезде айтылған бір ауыз сөздің өзі ондаған жыл өтсе де жүректің бір түкпірінен қайта табыла кетеді. Зере әже де сондай бір сөзді есіне алды. Ерлан әлі кішкентай кез еді. Ауладағы көрші баламен болмашы нәрсеге бола төбелесіп қалған. Екеуі бір-бірін итеріп, жағаласып жатқанда, Зере әже ашуға берілген баласын алдына отырғызып, сабырлы үнмен: «Біреудің қателігі сенің қателігіңді ақтамайды, балам», – деген еді. Ол кезде Ерлан бұл сөздің мәнін түсінбеген. Баланың ойы ойыннан әрі аспайтын. Бірақ уақыт өте келе сол бір ауыз сөздің салмағы сезіле бастады. Ерлан ер жетті, әке атанды. Өмірдің талай бұралаңынан өткен сайын анасының әлгі сөзі есіне түсетін болды.
Ерланның баласы Аян да он жетіге келді. Зере әже кейде немересіне ұзақ қарап отырып, кезінде ұлының жүрегіне түйген сөздің енді тағы бір жүрекке жол тапқанын сезетін. Сол кеште Аян мектептен әдеттегіден өзгеше көңіл күймен оралды. Сөмкесін бір иығына асып, қабағын түйген қалпы үйге кірді. Әдетте мектептегі қызықтарын әжесіне айтып, асүйді бір айналып шығатын бала бұл жолы үнсіз еді. Зере әже немересінің көңіліндегі кірбіңді бірден аңғарды. Біраздан соң Аян мектепте бір қызбен сөзге келіп қалғанын, қыз оның затын рұқсатсыз алғанын, өзінің ашуға беріліп қатты сөйлеп жібергенін айтты. Әжесі немересінің жүзіне ұзақ қарап отырды. Бала да жасаған ісіне іштей өкініп отырғандай еді. Сонда Зере әже баяу ғана: «Біреудің қателігі сенің қателігіңді ақтамайды, балам» деді. Аянның жүрегі дір еткендей болды. Бұл сөз оған таныс еді. Бірақ қайдан таныс екенін бірден есіне түсіре алмады. Әжесі оның иығынан сипап, адамның ашулануы мүмкін екенін, ренжу де табиғи нәрсе екенін, бірақ сол сезімдердің біреудің жанын жаралауға себеп болмауға тиіс екенін айтты. Аян үндемеді. Сол кеште әжесінің сөзі оның көңіліне бір түйін болып түсті.
Арада бірнеше күн өтті. Күзгі жапырақтар сарғайып, ауыл көшелеріне төгіліп жатқан. Аян әкесімен бірге аулада отын жарып жүрді. Жас жігіт қолындағы балтаны бар күшімен сермеп, әр соққыдан соң ағаш жаңқалары жан-жаққа шашырайтын. Әкесі оның қимылына біраз қарап тұрды да, күштің бар болғанынан гөрі оны дұрыс жұмсай білудің маңызды екенін айтты. Сәлден соң қолындағы балтаны шетке қойып: «Ер азамат болу деген бәрінен күшті болу емес. Ең үлкен күш – өз ашуыңнан күшті болу» деді. Аян әкесіне үнсіз қарады. Ерланның келесі сөзі тіпті салмақты шықты: «Үйіңдегі адам сенен қорықпауы керек. Жаныңдағы адам сенің күшіңді емес, адамдығыңды сезінуі керек». Аян бұл сөздерді сол күні ұзақ ойлады.
Өйткені балаға тәрбие тек мектептен берілмейді. Оның ең алғашқы мектебі – отбасы. Бала әкесінің анасына қалай сөйлегенін, анасының әкеге қалай құрмет көрсеткенін, үлкендердің қиындыққа қалай төтеп бергенін көріп өседі. Үйдегі әрбір қылық оның санасына үнсіз жазылып жатады. Бала кейде айтылған ақылды ұмытуы мүмкін, бірақ көргенін ұмытпайды. Сондықтан әкенің бір әрекеті – баланың ертеңгі мінезі, ананың бір сөзі – қыздың болашақтағы таңдауы болуы мүмкін.
Ауылдың екінші шетіндегі шағын үйде Әсел де анасымен кешкі шайын ішіп отырған. Әсел он алты жаста еді. Мінезі ашық, қайсарлығы бар, ойын жасырмайтын. Сол күні ол құрбысымен ренжісіп қалғанын анасына айтып берді. Құрбысы оның затын сұрамай алған екен. Әсел де ашуға ерік беріп, қатты сөйлеген. Анасы қызын біраз тыңдап отырып, оның да қателескенін түсіндірді. «Өзіңді сыйлау керек, қызым. Бірақ өзіңді сыйлау – өзгелерді сыйламау емес. Біреу сені ренжітсе, өзіңді қорға. Бірақ өзіңді қорғаудың жолы біреуді жаралау емес», – деді. Әсел анасының сөзіне ойланып қалды. Анасы қызының маңдайынан сипап: «Ұл болсын, қыз болсын, ең алдымен адам болып қалуы керек», – деп қойды.
Жылдар жылжып өте берді. Балалық шақтың дауысы алыста қалды. Аян ер жетті. Әсел де бойжетіп, өмірдің жауапкершілігін сезінетін жасқа келді. Екеуінің жолы қайта түйісті. Алғашқыда жай ғана таныс еді. Кейін бір-бірінің мінезін түсіне бастады. Әсел Аянның сабырлы қалпын ұнатты, Аян Әселдің ойын ашық айтатын мінезін бағалады. Екеуі де мінсіз болмады. Кейде ренжіді, кейде сөзге келді. Бірақ бала күнінде жүректеріне сіңген тәрбие олардың ашуға бірден ерік бермеуіне себеп болатын.
Бір күні екеуі қатты ренжісіп қалды. Әселдің бір ауыз сөзі Аянның көңіліне ауыр тиді. Оның да ашуы келді. Бір сәтке есікке қарай бет алды. Бірақ табалдырыққа жеткенде тоқтады. Әкесінің баяғы сөзі есіне түсті: «Ең үлкен күш – өз ашуыңнан күшті болу». Біраз үнсіз тұрған соң, Аян сабырға келу үшін сыртқа шығып кетті. Арада көп уақыт өтпей қайта оралды. Екеуі ашудың жетегіне ермей, болған жағдайды сабырмен сөйлесті. Бірі өз қатесін мойындады, екіншісі кешірім сұрады. Сол күні ешкім жеңілген жоқ. Керісінше, екеуі де ашуды жеңді.
Уақыт тағы да алға жылжыды. Аян мен Әсел шаңырақ көтерді. Үйлерінде бала күлкісі естілді. Бір ұл, бір қыз дүниеге келді. Аян әке, Әсел ана атанды. Бір күні кішкентай ұлы қарындасымен ойыншыққа таласып қалып, ашуға беріліп оны итеріп жіберді. Қыз жылап қалды. Аян баласының жанына барғанымен, айқайлап ұрысқан жоқ, қол көтерген жоқ. Балаға ашудың болуы мүмкін екенін, бірақ ашудың ешқашан басқа адамға қол көтеруге немесе оны жаралауға себеп бола алмайтынын түсіндірді. «Ең үлкен күш – өзіңді ұстай білу», – деді ол. Осы сөзді айтқан сәтте Аянның көз алдына әкесі келді. Бір кезде әкесі өзіне айтқан сөзді енді өзі баласына айтып отыр еді.
Қазір қоғамда әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық, отбасындағы жанжал мен қол көтеру мәселесі жиі айтылады. Бір қарағанда, бұл үлкендердің мәселесі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның тамыры бала тәрбиесінде жататынын ескере бермейміз. Бала үйден жылылық көрсе – жылылықты үйренеді. Сыйластық көрсе – сыйластықты бойына сіңіреді. Ал қорқыныш пен дөрекілікті көріп өссе, оны қалыпты қарым-қатынас деп қабылдауы ықтимал. Сол себептен зорлық-зомбылықтың алдын алу тек жазамен немесе заңмен шектелмеуі керек. Оның бастауы отбасындағы тәрбиеден қалануы тиіс. Ұл балаға әйелді әлсіз жан емес, өзімен тең адам ретінде сыйлауды үйрету керек. Қыз балаға өз қадірін білуді, қажет болса өзін қорғай алуды үйрету керек. Ал екеуіне де ашудың қол көтеруге себеп емес екенін түсіндіру қажет. Өйткені күш – біреуді қорқытуда емес, өзіңді ұстай білуде.
Жылдар өте Зере әже дүниеден озды. Аян қарт әжесінің ескі үйіне жалғыз кірді. Бәрі сол қалпында тұрғандай еді. Төрдегі үлкен сағат, терезе алдындағы орындық, пеш түбіндегі ескі жүн... Тек әжесінің өзі жоқ. Аян орындыққа отырып, ұзақ үнсіз қалды. Үй іші тым тыныш еді. Сол тыныштықтың арасынан баяғы бір дауыс естілгендей болды: «Біреудің қателігі сенің қателігіңді ақтамайды, балам...» Аян көзін жұмды. Сол сәтте бала кезінде толық түсінбеген сөздің мәнін анық ұқты.
Адам кейде балалық шағында естіген сөздің салмағын бірден сезінбейді. Бірақ жақсы сөз жүрекке тұқым болып түседі. Жылдар өте тамыр жаяды. Кейде ашуға келгенде адамды тоқтатады, кейде қателік жасаудан сақтайды, кейде біреудің жанын жаралауға жол бермейді. Ал кейде бір шаңырақтың тыныштығын сақтап қалады.
Аян көзіндегі жасты сүртіп, орнынан тұрды. «Рақмет, әже», – деді ақырын. Үйіне келгенде балалар оны есіктен қарсы алды. Әдеттегідей жарыса сөйлеп, әкесінің қайда болғанын сұрады. Аян жымиып, әжесінің үйінде болғанын айтты. Балалары тағы сұрақ қойды. Ол біраз үнсіз отырып, ұлының басынан сипады. «Біреуді жақсы көру – оны билеу емес. Оны сыйлау», – деді. Сосын қызына бұрылып: «Біреуді жақсы көрсең де, өзіңді жоғалтпа. Өз қадірін білген адам өзгенің де қадірін біледі» деді. Балалары бұл сөздердің мәнін сол сәтте толық түсінбеді. Бірақ Аян асықпады. Өйткені өзі де бір кездері түсінбеген. Тек жүрегіне түйген.
Түн тереңдеп, үй іші тыншыды. Балалар тәтті ұйқыға кеткен соң, Әсел терезені жауып жүріп Аянға қарады. Оның бүгінгі көңіл күйінен бір өзгеріс байқады. Аян әжесін есіне алғанын айтты. Әсел не дегенін сұрағанда, ол біраз үнсіз отырды да: «Көп нәрсе. Бірақ ең есімде қалғаны – ең қарапайым сөздері», – деді.
Адам өмірінде кей адамдар кетеді. Бірақ олардың айтқан сөзі қалады. Кейбір сөздер құлақтан кіріп, сол жерде ұмытылады. Ал кейбірі жүрекке жетеді. Жүрекке түйіледі. Жылдар өтсе де жоғалмайды. Әкенің ақылы, ананың мейірімі, әженің батасы – бәрі баланың жүрегіне үнсіз жинала береді. Бала сол сөздердің мағынасын сол сәтте түсінбеуі мүмкін. Десек те өмір оны бір күні сол сөздерге қайта әкеледі.
Сондықтан балаға айтылған әр сөздің салмағы бар. Бүгін жай ғана айтылған бір ауыз сөз ертең адамның ашуын тоқтатуы мүмкін, біреуді ренжітпеуге себеп болуы мүмкін, бір отбасының тыныштығын сақтап қалуы мүмкін. Кейде бір әкенің баласына айтқан ақылы ертең сол баланың өз отбасына деген қарым-қатынасына айналады. Кейде ананың қызына берген тәрбиесі оны өмірдің талай сынағында адастырмайды. Ал кейде әженің сонау жылдары айтқан бір ауыз сөзі бірнеше ұрпақтың жүрегінде өмір сүріп жатады.
Өйткені тәрбие – бір күнде қалыптаспайды. Ол жылдар бойы жүрекке сіңеді. Сөзден басталады, әрекетпен бекемделеді, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Зере әже айтқан бір ауыз сөз де солай жалғасты. Ерланның жүрегінен Аянның жүрегіне өтті. Аянның жүрегінен балаларына жол тартты.
Сөйтіп, бір кезде кішкентай балаға айтылған қарапайым ғана сөздің ғұмыры ұзарған үстіне ұзара берді. Кей сөздер айтылған сәтте ғана өмір сүрмейді. Олар жүрекке сіңеді. Жүректе сақталады. Ұрпаққа өтеді. Сөйтіп, кейде бір сөздің ғұмыры бір адамның ғұмырынан да ұзақ болады.
Айнұр ИБРАШЕВА






