АЛМА НЕГЕ ПАЙДАЛЫ?
Күнделікті рациондағы алма қандағы «жаман» холестерин деңгейін азайтуға ықпал етуі мүмкін. Гастроэнтеролог Евгений Белоусовтың айтуынша, бұған алманың құрамындағы пектин әсер етеді.Пектин ішекте өт қышқылдарының бір бөлігін байланыстырады. Ал ағза жаңа өт қышқылдарын түзу үшін холестеринді пайдаланады. Соның нәтижесінде бауыр холестеринді көбірек жұмсап, қандағы төмен тығыздықтағы липопротеиндер (LDL) деңгейі біршама төмендеуі мүмкін.
Алманың қабығын аршуға асықпаңыз. Пайдалы заттардың едәуір бөлігі дәл қабығында орналасқан. Сондықтан алманы жаңа піскен күйінде немесе пеште пісіріп, қабығымен бірге жеген дұрыс.
Полифенолдар да маңызды. Алма құрамындағы бұл антиоксиданттар қан тамырларының саулығына пайдалы. Ал алма шырыны, тосап, джем және алма қосылған тәттілерді тұтас жаңа піскен жемістің толыққанды баламасы деп санауға болмайды. Ең дұрысы – алманы тұтас күйінде, мүмкіндігінше қабығымен бірге жеу.
Сұлушаш МАДИЯРОВА






